Қазақ даласы – өз бойында ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр мен табиғаттың сұлулығын сақтап келген ерекше мекен. Оның кеңдігі мен байлығы қаншалықты ұлы болса, сол жердің табиғатынан тарайтын жұпар иістер де соншалықты әсем. Осы табиғи сұлулықты сезініп, оны болашаққа жеткізу жолында бүгінгі кейіпкеріміз тың қадам жасап келеді.
Альбина Айдарханова – Ақмола облысының Ақкөл ауданына қарасты Кеңес ауылының 6-сынып оқушысы. Ол жетекшісі Жұпар Ахметовамен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қазақ даласының хош иісі сақталған әтір ойлап тапқан.
Жас дарынның айтуынша, әтір жасау идеясы оған үшінші сыныпта келген. Ол өзіне қажет дүниені «You-Tube» желісінен үйренген. Ал мұндай бастамаға Сұлтан Бейбарыс туралы аңыздағы «Жусанда туған жердің иісі бар» деген қанатты сөз шабыттандырды дейді.
– Осы сөзді естігеннен кейін, туған жердің иісі бар әтірді жасап шығарғым келді. Бұл иісті шығаруда мен ежелгі шығу тегімізді зерделедім. Өз жұмысымда табиғи ингредиенттерді пайдаландым. Парфюмерия жасаудағы негізгі өнім – туған өлкенің қасиетті жұпарына айналған қарапайым жусан. Бұл хош иіс «Елім-ай» деп аталады.
Оның қасиеттерін зерттеу үшін қолда бар материалдарды пайдаландық. Ал төзімділігін тексеру үшін әртүрлі маталарда сынап көрдік, – дейді өнертапқыш.
Былтыр ғылыми жобалар байқауында өз жұмысын қорғап, «Химия, биология» секциясында жүлделі 3 орын иеленген.
– Біз үй жағдайында әтір жасау тәсілдерін зерттедік. Алған білімдерімізді практикада қолдану барысында жусанның сан түрін анықтадық. Егер әтірдің негізгі нотасы ретінде гүлдер қолданылса, біз оның орнына қарапайым жусанды таңдадық. Себебі оның тұнбасы тәбетті жақсартады, асқазан-ішек жолдарының қызметін нығайтады, жүйке жүйесін тыныштандырады, түрлі шаншу мен құрысуларды, ауырсынуды басады, тіпті тыныш ұйқыға септігін тигізеді.
Парфюмерия жасау оңай процесс емес. Олар қараңғы және салқын жерде тұндыру керек. Әрине, уақыт керек, – дейді жоба жетекшісі, бастауыш сынып мұғалімі Жұпар Ахметова.
Жоба жетекшісі мен оқушы қыз үш жыл бірге зерттеу жұмыстарын жүргізген. Олардың айтуынша, жусанның өзінен де, кейін байқауға қатысатын шақта құрамына басқа да шөптер мен эфир майларын қосып, жағымды иіске қол жеткізген.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!