Маусымның 1-нен бастап 12 күн бойы «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқаны өткізілуде.

Қызылорда облысының полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі, еңбек саласындағы бақылау және білім басқармалары мен үкіметтік емес ұйымдармен бірге «Отбасында зорлық-зомбылыққа жоқ!», «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім», «Көше» атты кең ауқымды рейдтік шаралар өткізілмек. Рейд барысында орталық базар, көлік жуу орындары, қалалық демалыс паркі және компьютерлік клубтарды аралап, бала еңбегін заңсыз пайдалануды болдырмау мақсатында жеке кәсіпкерлерге және балалардың ата-аналарына ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізіледі.

«Балалар күніне арналған әрбір шара тақырыптық шаралармен айқындалуда. 1-12 маусым аралығында ақпараттық, тәрбиелік іс-шараларға ерекше мән береміз. Мәселен «Бақытты балдәурен», «Әлем балалардың көзімен», «Бала – заңмен қорғалған тұлға», «Еңбектен бос балалық шақ», «Балалар еңбегін пайдалануға жол жоқ!», «Біз бала еңбегіне қарсымыз» тақырыптарында облыстық музейде экскурсия, лекция, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылады», – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

«Қазіргі кезде суға түсу маусымының басталғанына орай, жауапты сала мамандарымен суға шомылады деген жерлерде түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жазғы лагерлерде балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қала, ауданда полиция қызметкерлері белгіленіп, қауіпсіздік шаралары жүргізіледі», – деді Қызылорда облысы Полиция департаменті ЖПҚБ Ювеналды полиция тобының аға инспекторы полиция майоры Раушан Әбдіразақова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!