Жыл жабар тұста шекарамызды шегелеп, аңсаған азаттығымызды алып, егемен елге айналдық. Биыл Алаш елінің азаттық алғанына 29 жыл. Маңызды датада дүние есігін ашып, әулетке қос қуаныш болған жандар елімізде көп емес. Соның бірі – Азамат Қабақов. Ол Өңірлік коммукациялар қызметінде жұмыс істейді. Тәуелсіздік мерекесін құрдасым деп білетін Азамат өмірдің мұндай сәйкестігін жақсылыққа балап, үнемі мақтан етіп жүреді.

Азамат – тәуелсіздіктің төл құрдасы

– 1991 жылдың 16 желтоқсанында дүниеге келгенмін. Өзімді тәуелсіздік күнімен «түйдей құрдаспын» деп айтуыма да болады. Адам баласының дүниеге келуі тылсым құбылыс. Сондықтан мен дәл 1991 жылы желтоқсан айында дүние-ге келгенімді тағдырдың ерекше сыйы деп түсінемін. Тәуелсіздіктің құрдасы екенім ерекше жауапкершілік жүктейді. Еліміз Тәуелсіздік алғанда біз Арал ауданы, Қамыстыбас ауылында тұрдық. Елмен қатар өстік, өндік. Мектеп бітірісімен Жамбыл облысына аяқ бастым. Мақсатым – жоғары білім алып, болашақ мамандығымды айқындап алу. 4 жыл Тараз мемлекеттік университетінде оқып, біраз шыңдалдым. Одан кейін туған жерге оралып, еңбек жолын бастап кеттім, – дейді Азамат.

Мерейлі мерекеде дүниеге келген Азаматқа бұл жай ғана қуаныш емес, үлкен жауапкершілікті жүктейді.

– Қазақтың қалың тарихына үңілсең, талай рет тағдыры қыл ұшында тұрғанын байқайсың. Тағдырдың сын тезінен аман қалған халқымыз білектің күшімен, найзанын ұшымен ұшқан құстың қанаты, шапқан аттың тұяғы талатын кең даланы бізге аманат етті. Ата-баба арманына біз жеттік. Ел тарихындағы елеулі күнде дүниеге келуім жүрегіме шуақ шашады. Тәуелсіздікпен түйдей құрдас болуымды маңдайға жазыпты. Тағдырдың сыйымен келген бұл күн – мен үшін үлкен жауапкершілік. Қазір әр қадамыма есеп беріп, әрбір ісіме жауапкершілікпен қараймын. Күш-жігерімді Отанымды көркейтуге, гүлдендіруге жұмсаймын. Халқымның бақытты болуын қалаймын. Асқақ елдің арманы биік, адастырмайтыны кәміл. Қандай қызметті болса да, мінсіз атқаруға күш саламын. Мен Тәуелсіздікті осылай түсінемін, – тәуелсіздік құрдасы.

Азамат қашанда өзінің елгезек мінезімен ерекшеленіп тұрады. Аға буынға інілік ізгі қасиетін көрсетіп, кішілерге қамқорлық танытып жүргенін жиі байқаймыз. Өзінің қызметінде әріптестерімен ой бөлісіп, жұмыстың жүйеленуіне көңіл бөледі. Облыстық әкімшілікке қарасты өңірлік коммуникациялар қызметінің жұмысы көпке мәлім. Билік пен қоғам арасындағы байланысты нығайту бағытында мамандар жедел, сапалы әрекет жасауға тырысады. Сол қат-қабат тірлікті үйлестіру жас та болса Азамат және оның әріптестеріне жүктелген.

Ұжым мүшелері өздерінің жастығына қарамастан сол үдеден шығуға күш-жігерін жұмсап келеді. Өңірлік коммуникация қызметінде түрлі сала басшылары және мамандарынан сұхбат алған журналистер сол деректерді айна-қатесіз оқырман қауымға жеткізуге асығып жатады. Бұл – Азамат секілді мамандардың жүйелі жұмысының жемісі.

– Еркін, тәуелсіз елде өмір сүру адамның алаңсыз, бақытты ғұмырының кепілі болмақ. Тәуелсіздік – қастерлі ұғым.Тәуелсіздіктің тұғырлы, берік болуы – елдегі әрбір адамға байланысты. Ата-бабаларымыз аңсаған азаттығымыздың бағасын білгеніміз  абзал, – дейді Азамат.

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!