ҚЫЗЫЛОРДА ОПД ЕҚҚ ІҚБ ЖАРИЯЛАҒАН САЙЫСЫҚА

Бақытты болу үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Ең бастысы, деніңнің саулығы және амандығы. Осы екеуі болса, бақытты кез-келген сәтте сезінуге болады. Бақыт – қымбат телефон немесе зәулім үй ғана емес, бақыт – баланың күлкісі, әкенің жылы көзқарасы, ананың «ботам» дегені. Барлық адам бақытты. Себебі, осы өмірге келудің өзі бақыт.

Алдабергеновтар отбасы бақытты өмір сүруде. Себебі, денсаулықта және аманшылықта ғұмыр кешіп жатыр. Отбасының тірегі – Роллан Алдабергенов жат әдеттерден аулақ, дін жолын ұстанады. Отанасы – Тоқболатова Гүлнұр С.Есқараев атындағы №27 мектепте мұғалім. Отбасында екі ұл және бір қыз тәрбиеленуде. Үлкен ұлы – Дидар №250 орта мектепте 4 сынып оқушысы. Дана №250 орта мектептің даярлық тобында оқиды. Кіші ұлы Алдияр «Толғанай» балабақшасында.

Бала ата-анадан көрген өнегені бойына сіңірсе, өмірде түзу жолмен жүреді. Аталарымыз «Бала – үлкендердің айнасы» деген. Бала ең алдымен тәрбиені отбасының үлгісінен алады. Ол сәби кезінен бастап жан-жағында, әсіресе отбасында  болып жатқан оқиғалар мен мысалдарды мынау «дұрыс», не «бұрыс» деп сорттамай, барлығын түгелдей бойына сіңіреді. Құр айтылған сөзден гөрі, көзімізбен көрген көріністер жадымызда ұзақ сақлатынын білеміз. Сондықтан балаға текке бұзық болма деп айқайламай, дұрыс үлгі көрсетсек, оңы мен солын ажырата алатын азамат шығады.

«Менің өмірім дұрыс емес», «Менің өмірім қызық емес» деп налып жататын адамдар да бар. Өмір – бұл менікі не сенікі емес. Өмір – бұл жан-жағымызда болып жатқан оқиғалар. Ал, бұл оқиғалар бір күні қуанышымен келсе, бір күні қайғысымен келеді. Қайғысымен келген күнді көтере алмай, жаман әдетке салынып кететін жандар да аз емес. Ал бұндай адам отбасын бақытты қылмақ түгілі, «адам» деген атқа лайық болмай қалатынын түсінбейді. Бәлкім түсінер. Бірақ түсінген сәтте де көп нәрседен кешеуілдеп қалатыны хақ. Өйткені бұл адам отбасына осы уақытқа дейін қаншама жат үлгі көрсетті, баласының бойына қаншама теріс тәрбие сіңірді. Ал бұндай тәрбиені алған баланы қайта тәрбиелеу үшін өте үлкен еңбек қажет.

Жаман әдетке біреуі қайғыдан барса, біреуі байлық, баршылық, жалқаулықтан барады. «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын!» деп Абай атамыз айтқандай, барлығы бар, енді өз-өзін аздырудың жолын іздейді ма екен сонда? Адамға барлық та, байлық та жақпайтыны ма? Жоқшылықты көрген жандар бақытты байлықтан іздесе, баршылықты көрген жандар бақытты жаман әдеттен іздегені ме?

Болашағымыз жас ұрпақ екенін білеміз. Ал, жас ұрпақ біздің балаларымыз. Ал, бала – отбасының бақыты. Осы бақытымызды бағалап, жаман әдеттерден аулақ болу – кез-келген ата-ананың міндеті. Адамдар өзінің бақытты екенін сезініп, жан-жағына шуақ шашып жүрсе, жамандықтың ауылы алыс болатыны сөзсіз. Алдабергеновтер отбасы сіздерді жаман әдеттерден аулақ болуға шақырады! 

Алдабергеновтер отбасы,

Қармақшы ауданы