Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Н.Бекежанов атындағы музыкалық драма театрында Бұқаралық ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған салтанатты шараға қатысып, БАҚ қызметкерлеріне құрмет көрсетті.

Аймақ басшысы ұлттық рухты қалыптастыруда, қоғамдағы әлеуметтік маңызы бар бастамалардың өміршеңдігіне елеулі үлес қосып жүрген журналистердің еңбегін айрықша атап өтіп, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ішінде елдің дамуына БАҚ өкілдерінің ерекше ықпал еткенін тілге тиек етіп, төл мерекеде тілшілерге ақжарма тілегін арнады.

«Бүгінгідей ақпарат тасқыны алапат дәуірде таңдаған мамандығына адал болып, ұстанымын өзгертпеген, қалам қасиетін ардақ тұтқан журналист қауымына жақсы тілектерімізді айту үшін жиналып отырмыз. Өздеріңіздей туған жердің тарихын қадір тұтып, бүгінгісіне марқайып, ертеңіне алаңдайтын қауыммен жүздесуді сағынып қалғанымыз да рас. Ұлт болып ұйысуға, мемлекет болып ілгерілеуге бағытталған елдік шаруаларға, Елбасы бастамалары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын жүзеге асыруға қосқан өлшеусіз үлестеріңіз үшін өздеріңізге риясыз алғысымызды айтамыз.Төтенше жағдай кезінде дәрігерлер, күштік құрылым қызметкерлері сапында сіздер де жүріп, ең қиын сәттерде шынайы ақпарат тараттыңыздар. Ресми органдар мен бұқара халықтың арасында алтын көпірге айналып, ағайынның ауызбірлігі, қалтқысыз сенім, қиналғанда бір-біріне қол созған қайырымды жандар туралы көрсетілім, мақала жаздыңыздар. Сол үшін де сіздерге Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кәсіби мерекеде ақпарат саласының дамуына қызмет етіп, өңірдің өркенді істері мен айшықты сәттерін бұқараға насихаттап жүрген бірқатар БАҚ өкілдері марапат төрінен көрінді.

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ең алдымен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Алғыс» хатын республикалық «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Қамбар Бекеновке, «Қазақстан» Ұлттық телеарнасының меншікті тілшісі Әділбек Жақановқа, «Халық» газетінің бас редакторы Нұржан Нұрмағанбетовке табыстады. Ал, «Еңбек ардагері» медалімен «Шарайна-Сейхун» аймақтық ақпараттық-танымдық басылымының директор-редакторы Нұрмахан Елтай, ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі Тілеген Бекарыстанов марапатталды.Төл мерекеде «Қазақстан» РТРК» АҚ облыстық филиалының бас редакторы Айнұр Тұңғышбаева, «Сыр бойы» газетінің бас редакторының орынбасары Гүлжазира Жалғасова, республикалық «Atameken Business News» телеарнасының меншікті тілшісі Шарипа Сақтапова, «Кызылординские вести» газетінің бас редакторы Қазбек Ботаев, республикалық «Хабар 24» телеарнасының меншікті тілшісі Қамбар Бекенов «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгісін иеленді. Ал, Қазақстан Журналистер Одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағы ардагер журналист Айткүл Шалғынбаеваға табысталды.

Салтанатты шарада 4 журналист ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің «Құрмет грамотасымен», 6 журналист облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен», 20 журналист арнайы номинациямен, 11 журналист облыс әкімінің «Алғыс» хатымен марапатталды.

Жыл сайын жас журналистер арасында өтетін С.Бермағанбетов атындағы байқау жеңімпаздарына да марапат бұйырды. «Қоғам ТВ» телеарнасының редакторы Назгүл Қажытаева «Үздік сюжет», «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі Ерсін Шамшадин «Үздік мақала», «Halyqline.kz» сайтының редакторы Рыскелді Жахман «Үздік жарияланым» номинациясына лайық деп танылды. Сондай-ақ, «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық шығарма жазу байқауының жеңімпазы атанды.

Мерекелік шара арнайы концерттік бағдарламаға ұласты. Журналистердің құрметіне Сыр елінің белгілі жыршылары жыр арнап, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова «Сыр елім» әнін тарту етті. Сондай-ақ, «Томирис» би ансамблі, «Ақмешіт» фальклорлық ансамблі өнер көрсетіп, Жастар театрының әртістері Асқар Тоқмағамбетовтің «Қызылорда» поэмасын сахналады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!