«Жұртым үшін құрбан болсам, атына тұрман болсам» деген Өзбекәлі Жәнібеков өзгелерге ұқсамайтын. Замандастары оны «тыңнан жол табатын реформатор», «бірегей ұйымдастырушы, бірегей ұйытқы» деп бағалады. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Михаил Есенәлиев Өзбекәліні  «қазақтың ұлттық рухының символындай» деп жазды.

Білім қуған бозбала

Тұтас тағдырын ұлтқа қызмет етуге арнаған тарихи тұлға Отырар ауданына қарайтын ескі қоныстың бірі Сарықамыста дүниеге келген. Сондағы ең қадірменді көнекөз қарт Өзбек ақсақалдың құрметіне сәбидің есімі Өзбекәлі аталыпты. Ата-анадан жастай айырылған оның балалық, бозбала шағы бейнетпен біте қайнасып жатты. Бірақ соғыс жылдарында балалар оқуды тастап кеткенде ол оқуын тоқтатқан жоқ. Тіпті өнерден де құралақан емес еді. Өзі жазған «Тарих тағылымы» кітабындағы мына бір оқиға осыны аңғартады: «Темірде біздің Әзімбек деген атамыз тұрды. Кедейшілік. Кемпірі күніне екі-үш таба нан жауып, теміржолға шығарып сатып, түсімін қалжа қылып отыратын. Мен келгенде атам бой жасап, көңілі көтеріліп қалатын. «Бәрекелде, ал енді қаптың аузын ашып жібер» деп мәз-мейрам болатын. Олай дейтіні, маған ән салғызатын. Мен болсам, көңілім соқпаса: «Ән жоқ, қаптың аузы буулы» деп тастайтыным бар-тын. Атам «қаптың  аузын аша ғой» деп жалбарынғандай болатын. Бір кезде атамның жер үйінің итарқасына шығып алып, іштен дем тартатын түтіктен: «Алматыдан сөйлеп тұрмыз. Қазақ әндерінен концерт береміз» дегенімде, атам басын көтеріп: «Бәрекелде-е, балам көп жаса!» дей беретін. Сөйтіп қарттың айызын қандырып, неше түрлі ән салып беріп, ризашылығын алатынмын» деп жазады. Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебін бітірген Өзбекәлі Алматыға келгенде де оған ешкім құшақ аша қоймады. Мамандық пен оқу орнын таңдауға болысатын адам болмаған соң өз білгеніне сүйеніп, Абай атындағы қазақ педагогикалық интитутының тарих факультетіне оқуға тапсырады. Студенттік жылдары белсенді болған ол Қапан Бадыровтың жетекшілігімен қойылған Ғабит Мүсіреповтың «Ақан сері – Ақтоқты» пьесасына қатысады. Сонда құлағы естімейтін, тілі жоқ балуанның рөліне бекітілген оның жүген-шылбырды «жамап-жасқағаны» әсерлі болды ма, әйтеуір жұрттың назары осыған түсе беріпті. Көрерменге нанымды болғаны ғой, сол қойылым қала бойынша өткен байқауда бірінші жүлдені ешкімге бермепті. Жасқануды білмейтін жалынды, кіршіксіз жастық шақтың төрт жылын артқа тастап, институтты бітірген Өзбекәліге Оңтүстік Қазақстан облысының Келес ауданындағы «Ленин жолы» орта мектебіне жолдама берілді. Бұл өлкеде тағдыр оны өмірлік жары Қалиханмен жолықтырды. Кейінгі жол Келес аудандық комсомол комитетінің 1-ші хатшысы қызметіне жалғасты…

Тарихты түгендеген тұлға

«Қазақ мәдениетіне, өнеріне Ілияс Омаровтан кейінгі нағыз жанашыр адам – Өзбекәлі Жәнібеков». Бұл – халықтың өз ұлына берген әділ бағасы. Қызметтік жолының сатылап өсу кезеңдерін айтпаған күннің өзінде Өзбекәлі Жәнібекұлының қазақ ұлты үшін атқарған еңбегін санамалап шығуға дәрменіміз жетпейтіні рас. Оның бастамасымен Қазақстанның көптеген қаласында этнографиялық мұражайлар ашылды, Қазақстанның тарихи және мәдени ескерткіштерін сақтау мен қалпына келтіру мақсатын көздеген «Арқас» қоғамы құрылды. «Шертер», «Адырна», «Алтынай» фольклорлық өнер ансамбльдерінің жөні өз алдына бөлек, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ш.Құдайбергенов есімдерінің халқына қайта оралуына саналы ғұмырын арнады. Ал Тайқазанның елге қайтарылуы мен Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруы Өзбекәлі есімін халыққа одан бетер жақындата түсті.

Өзбекәлі Жәнібекұлының Түркістанға ерекше зер салып, көңіл аударған кезі Мәдениет министрінің орынбасары қызметімен тұспа-тұс келеді. Замандастарының пікіріне сүйенсек, ол кесененің қорғау аймағын қозғамау, іргетасына тиіспеу керегін дәлелдеп, оның іргесінен туристік қалашық салсақ дегендерге үзілді-кесілді қарсы шыққан. Ал қасиетті кесенедегі Тайқазанды 1935 жылы уақытша көрмеге қоямыз деген желеумен Ленинградқа  алып кетіп, сол күйі Эрмитажда 54 жыл тұрғаны қоғам қайраткерінің жанына батқаны анық. Құнды жәдігерді елге қайтару әңгіме барысында айтуға оңай болғанмен, ал шын мәніндегі жұмыс барысын Өзбекәлінің ұлы Бауыржан келесідей баяндайды: «Әкем Түркістандағы Тайқазанды әкелуге екі жыл дайындалды. Алдымен Мәскеудегі комсомол ұйымының жетекшілерімен біраз ақылдасты. Тайқазанды есіктен де, терезеден де шығара алмайтындықтан, Эрмитаждың бір қабырғасын ойып қана шығару қажет болыпты. Оған рұқсат алу үшін Чехияның сәулетшілерін алып келген екен. Тайқазанды әкелгенде де «мен әкелдім» демеді. «Еліне оралды ма, оралды» болды, әрі қарай келесі бір жұмысымен айналысып кетеді. Наурыз мерекесін алғаш тойлауға да алдын-ала бір жылдай дайындалды. Әсіресе осы кезде үйден адам үзілмейтін. Ел арасында жүргенде кейбіреулер «Наурызды елге қауыштырған – сенің әкең» деп айтып қалады. Әкем Арқалық қаласындағы қазақ театрын ашқанда бірінші «Айман-Шолпан» спектаклі қойылды. Ол кезде Арқалық орыстанып кеткен қала болатын. Залда ілеспе аударма жоқ. Қазақша түсінбесе де орыстардың екі сағат қойылымды көріп отырғаны есімде» деп жазады. Ал кей деректерде қоғам қайраткерінің Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өту үшін Өзбекстанға арнайы адамдар жіберіп, сол жақтан Наурыздың сценарийін жаздырып әкелгені айтылады.  Осылайша 1988 жылы Наурыз мерекесі Алматы қаласының М.Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағында үлкен мереке болып өткізіледі де, келесі жылы түгел қазақ даласына тарайды.

Тағы бір айта кететін жайт, Жәнібеков Мәдениет министрінің орынбасары болған уақытта Отырарды зерттеу жұмысына ерекше мән берген. Тарихқа сүйенсек, Отырар ауданының орталығына ғимарат салдырып, сол ғимаратта музей экспозициясын құрған. Мұражайдың ғылыми жұмыстарына басшылық жасаған ол сол жерден табылған құнды дүниелерді, тарихи жәдігерлерді сақтап қалуға, музей экспозициясынан орын алуына аса қатты көңіл бөлген. Тіпті сол жылдары Қазақстандағы мәдени, тарихи, сәулет ескерткіштерін сақтау қалу және қалпына келтіру мақсатында құрылған «Қазреставрация» мекемесі де Өзбекәлі Жәнібекұлының бірегей бастамасы еді.  

Әдетте еңбек адамдарының өзге адамдарда көп кездесе бермейтін қасиеті болады. Өзбекәлі Жәнібекұлының өз ісіне жауаптылығы сондай, қандай баяндама, қандай құжат дайындаса да, бәрін өзі жазып, барлық деректі өзі іздейтіні жиі айтылады. Бірде Өзбекәлі Өзбекстанда жерленген Әйтеке би мен Төле бидің кесенелерін өзі барып зерттеп келеді де, тарихи тұлғаларды өз жерімізге әкеліп ұлықтау оның арманына айналады. Бірақ мемлекет қайраткерінің бұл мақсаты тек арман күйінде қалып кетті…  

Сәукеле тіккен қайраткер

Өзбекәлі Жәнібекұлының өзі ұнатқан келініне сәукеле тіккені жайлы аңызға бергісіз әңгіме бар. Сол сәукелені көзбен көрмесе де, талайлардың оған таңдай қаққаны анық. Шынында, үлкендер айтқан жобамен, одан қалды ескі кітаптағы нұсқамен тігілген қазіргі сәукелелерді айтпағанда, этнографтың өзі арнайы тіккен сәукеленің ерекше болатыны белгілі. Бұл жайында Өзбекәлі Жәнібекұлының жары Қалихан Айдосқызының естелігінде былай жазылған: «Өзекең: «Балам көңілімізден шығатын қызға үйленсе, қалыңдықтың сәукелесін өз қолыммен тігер едім» деген болатын. Уәдеге сай ол шетелге шығатын әр сапарында асыл тастар әкеліп жинастыруды әдетке айналдырды. Кейін Бауыржанымыз үйленгенде уәде бойынша келініміз Гауһарға арнап үкілі сәукелені өз қолымен тігіп шықты». Бірақ бүгінде сол сәукеленің қайда екені белгісіз…

Одан бөлек Жәнібекұлы Алматыдағы Түскиіз фабрикасына барып, түйе жүнінен екі шекпен тіктірген екен. Сол кісінің ұстанымы бойынша ұлттық өрнегі, оюы бар киімдер күнделікті өмірде де киіп жүруге ыңғайлы етіп тігілген, әйтседе бертінге дейін сақталған киімдер нұсқасының қазір жоғалып кеткені қынжылтады. «Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай бұл тақырыпта оқырманға ой саларлық оқиғаны айтады: «…қай-қайдағы жырық құлақты «мұны хандар киген» деп мұражайға апарып, қастерлеп төрге іліп қояды. Бірақ ол, шындығында, жол торып жүрген қарақшылардың бас киімі болған. Өзағаң сондайды көргенде де ренішін білдіріп, өкінетін. Содан кейін Жәнібеков шеберлер дайындайтын мектеп ашқан. Қазақта қыр ою мен қырма ою деген бар. Арнайы шеберлер тауып, оюдың осы екі түрін өндіріске енгізген де осы кісі. Мысалы, Жамбылдың мұражайында өзі бас болып, қырма оюмен Ж.Жабаевтың портреті мен домбырасын жасатқан ғой. Алтынмен жұмыс істейтін шеберлерді де тапқан. Ол кезде алтынмен жұмыс істеу өте қауіпті болатын. Жұмыс аяғында алтынды банкке тапсыру керек болатын. Бірақ Өзағаң осының бәрін бір жүйеге түсіріп үлгермеді».

Өзбекәлі Жәнібекұлының өмір жолын сырттай тамашалаған адам сан қырлы өнердің ортасына тап болатыны бар. Мәселен, ол кісінің торсықты қазақтың белгілі ұстасы Дәркембай Шоқпарұлына жасатқанын қазіргі буын біле бермейді. Қазір сауда үйлерінде торсық көп болғанымен оны жасаудың  да өз технологиясы бар. Торсықты бір қалыпқа салып жидітіп, сонан соң көл табанындағы сазға көметіні, кейін иін қандыра илеп, он сегіз күн ішінде дайындап шығуға болатынын Өзбекәлі Жәнібекұлы жақсы білген және Дәркембай жасаған торсық осы технология бойынша дайындалған.

 Кейде қазіргі ұлттық киімдерді көргенде «бұған этнограф Өзбекәлі  Жәнібекұлы қандай баға берер еді?!» деген  пенделік ой келеді. Оюдың тарихын білместен ұлттық киімді безендіріп шығу да оңай дүние емес, әрине?! Бірақ тарихты білетін адам үшін бұл үлкен қателік саналары даусыз ғой. Осы жөнінде  Өзбекәлі Жәнібекұлының шәкірті Бахтияр Камалов айтқан әдемі мысал бар: «Бір күні мені бір жерде өтетін айтысқа арнап шапан сатып алуға жұмсады. «Қазақстан дүкеніне барып, шапан сатып алғанымда, Өзекеңе ол ұнамады. Мен сол кезде: «Қандай шапан алу керектігін мен қайдан білемін дегенімде, ол кісі: «Мынауың дұрыс идея екен…» деп, содан кейін Қаскелеңдегі «Раушан» деген киім фабрикасына барып, өзінің эскизі бойынша шапан тіктіріп, 1985 жылы өткен айтыста бүкіл үкімет мүшелерінің алдында сол шапанды көрсеткен болатын». Осы мысалдың өзі мемлекет қайраткерінің ұлттық дүниенің қай-қайсысына да бей-жай қарамайтынын аңғартады.

Ол кісі көзі тірісінде қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп «зейнетке шықсам, мен қорықшы болам да, табиғат аясына барып кітаптарымды жазамын» дейтін көрінеді. Айтқанындай, алты Алаштың баласына азық болатын «Қазақтың ұлттық қол өнері», «Жаңғырық», «Уақыт керуені», «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Ежелгі Отырар», «Тағдыр тағылымы» атты еңбектері жарық көрді.

P.S. «Ешкімге жөнсіз тиіспе. Ал бір істі қолға алар алдында, оны не үшін, қандай мақсатпен істейтініңді білген соң ғана, сол іске кіріс». 67 жыл ғұмырын ұлтқа арнаған Өзбекәлі Жәнібекұлының шәкірттеріне айтқан осы кеңесі бәріміздің қаперімізде жүрсе қандай ғанибет?! Өйткені ол қазаққа, елге қызмет етудің нағыз үлгісін көрсеткен аңыз адам еді…

Дайындаған Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!