«Журналистердің мәртебесін арттыру, сала мамандарын әлеуметтік қолдау, қауіпсіздігіне мән беру − басты назарда». Сыр өңіріне жұмыс сапармен келген ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев БАҚ өкілдерімен кездесуде осындай ой айтты.
Аймақтағы сапар аясында Мәлік Нұржанұлы бірқатар нысанның жұмысымен танысып, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесті.Аймақ басшысымен кездесуде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, оның ішінде ақпараттық саясатты жүзеге асыру мен өзге де әлеуметтік мәселелер талқыланды.

Президент кеңесшісі аймақтағы басты медиахолдинг – «Сыр медиа» ЖШС жұмысымен танысып, БАҚ өкілдерімен кездескен болатын. Журналистермен елдегі саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың бағыт-бағдары туралы пікір алмасты.
Мемлекеттің дамуы жолында ақпарат алаңындағы мамандар елеулі еңбек етуде. Себебі БАҚ-та жарияланған әрбір ақпарат оқырманды жақсылыққа тәрбиелейді. Осындай орамды ойды негіз еткен Мәлік Нұржанұлы Мемлекет басшысының газет оқу, ағартушылық, тіл үйрену мәселесіне ерекше назар аударатынын баса айтты.


− Мемлекет басшысы орталық қана емес, өңірлік басылымдарды да қарап отырады. БАҚ қоғамды ізгілікке үндеп, Отансүйгіштікке баулиды. Келер ұрпақ үшін де газет-журналдың орны ерекше болатыны анық. Сондықтан басылымдардың ғұмыры ұзақ боларына сенім мол, − деді М.Отарбаев.
Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Серпер» сыйлығының лауреаты М.Отарбаев қазіргі жаһандану дәуірінде саналы ұрпақ тәрбиелеу, жастарды кітап оқуға ынталандыру, қоғамдық сананы дамыту бағытында ойларын ортаға салды.Заман талабына сай жастардың білім шыңдауы, NEET санатындағы жастармен жұмысты жүйелі жалғастыру, білімді ұлт қалыптастыру маңызды екенін алға тартты.


– Қазіргі бәсекелестік заманында жастардың нақты мақсаты болуы тиіс. Жастар қазір кітаптан алыстап барады. Керісінше, біз газет, кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керек. Кітап оқыған жастар, азаматтар өз ұлтын сүйеді. Өмірге деген құштарлығы артады. Интеллектіміз өскенде біздің тұрмысымыз түзеліп, өндірісіміз де дамиды, – деді М.Отарбаев.
Әрі қарай Президент кеңесшісі Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасын аралап, шығармашылық және зиялы қауым өкілдерімен, Сыр жастарымен пікірлесті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті ғалымдарының ізденістерін, ғылыми-зерттеу жұмыстарын көріп, оқу орнының музейіне барды.


Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!