Көктемнің алғашқы аптасы. Төрге енген жаңару мезгілінің жылуын табиғат сездіріп тұрғандай. Қыстың соңына қарай түні бойы нөсерлете жауған жаңбырдан кейін төңірек ауыр шекпенді шешіп, жылы күрте жамылды. Тағы бір көктем тәкаппар дүниенiң табалдырығын имене аттап, сергiтер самал әкелгені рас.

Иә, әне-міне дегенше сүйікті мез­гіл жетті. Тал-терек бүршiк жа­рып, тоқсан күн тоң болып қатқан қа­сиет­тi қара жер тынысын кенейтті. Ал­тын күннің нұрлы шуағынан Жер-ана­ның алпыс екі тамыры түгел иіп, дала төсі жасанған қыздай құлпыра түс­кені байқалады.

Шұғылалы мезгіл сән-салтанаты жа­рас­қан, халық шаттыққа кенелген күн­мен, Алғыс айту күнімен басталғаны да жүрекке жылу сыйлайды. Қандай кере­мет! Адамзаттың жылуы әдемі сөз арқы­лы беріледі. Бір-біріне ризашылығын жет­кізіп, тілегін жолдаған жандар бұл күн­нің шырайын кіргізді десек, артық айт­қан­ды­ғымыз емес. Орайлы сәтті пайда­ла­нып, біз де оқырманға алғыс білдірсек дей­міз. Соңғы көрсеткіш бойынша жазылушылар саны 8 мыңның айна­ласында екен. Бұл біз үшін жай меже емес. Себебі 8 мың оқырманға пайдалы дүние бөлісіп, рухани ләззат сыйлаймыз деп мағмұрланып отырамыз. Алты құрлыққа хабар таратпасақ та, алты Алаштың мұ­ңын мұңдап, жырын жырлауға, әр ша­ңы­рақ төріндегі алтын сандықтай абы­ройлы іс атқаруға пейілдіміз. Сүйік­ті басылымдарыңыз – «Ақмешіт жаста­ры­ның» таралымын ұлғайтуға ықпал ет­кен әрбір жанға ақжарма пейілмен Ал­ғыс айтамыз! Тарихы мен тамыры те­реңнен бастау алатын журналистика саласында еңбек етудің өзі – ерлік. Оның үстіне интернет сайт пен элек­тронды БАҚ-тың дамыған тұсында сапалы контент пен тұрақты оқырман қалыптастыру оңай шаруа емес. Ал бұл орайда осы саланың отымен кі­ріп, күлімен шығып жүрген қарусыз жауын­герлерімізге ризашылығымыз зор.

Талай қауымның талғамына та­тырлық шығармалар жазған ақын Тұманбай Молдағалиевтың «Көктем кел­ді, дүние жыр жырлайды» деген өлең жолдары бар еді. Сол бір маржан сөз осындайда тіл ұшына орала кетті. Се­бебі біз көктеммен бірге шалқар ша­бытпен қауыштық. Ол бізге соңы сер­піліс сыйлары хақ. Оның үстіне жыл бо­йына жоспарымыз дайын, ішінде кәдеңізге жарайтын дүниелер де қамтылды. Бүгіннен бастап басылымда «Ба­лалар жы­лына» орай жаңа «Баспалдақ» бетінің тұ­сауының кесілуі соған дәлел және ол шы­ғармашылыққа қадам бассам деген жастардың қанатын қатайтуға бағытталған біздің бір ғана бастама. Алдағы уақытта «Оқысаңыз, балалар…» кітап оқу байқауы, «Алтын сақа» ертегілер жазу сайысы секілді жаңа жобалардың басы-қасынан табылмақпыз. Бастысы, өзіңіз секілді тұрақты оқырман басы­лым­нан қол үзбесе деген тілегіміз бар.

Құрметпен,

Мөлдір СНАДИН