Келесі жылы Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылдығын даурықпа шаралармен емес, нақты істермен атап өтеді. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды тапсыруға арналған салтанатты рәсімде мәлімдеді, деп хабарлайды Ақорда.

Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол Тәуелсіздіктің 29-шы жылы күрделі, қиын әрі ерекше болғанын атап өтті.

«Алдағы жыл – межелі кезең. Бұл жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында өтеді. Бұл өткенге көз жүгіртіп, қорытынды жасайтын уақыт. Халқымыз үшін осы маңызды датаны нақты істермен және жаңа жобалармен қарсы аламыз. Даңғаза ақциялар мен даурықпа шаралардан бас тартып, бүкіл іс нақтылыққа құрылатын болады», – деді президент.  

Экономика, әлеуметтік сала, экологиядағы жүйелі шаралардың көлемді кешенін іске асыру жалғасады. Халықтың барлық тобының, әсіресе жастар, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне баса мән беріледі.

«Біз еліміздегі саяси жаңғырту үдерісін жалғастыра береміз», -деді Тоқаев.

Президент пандемия салдарынан еліміздің басты ұлттық мерекесін кең көлемде атап өту мүмкін болмағанын айтты. Азаматтардың денсаулығы, өмірі және әл-ауқаты бәрінен жоғары тұрады. Сондықтан барлық іс-шара шектеулі форматта және онлайн режимде өтеді. Бірақ бұл жағдай Тәуелсіздік күнінің құны мен маңызын еш төмендетпейді. 

«Президент лауазымындағы менің басты міндетім – әлеуметтік әділдік және халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекеттің күнделікті іс-әрекеті азаматтарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталады», – деп мәлімдеді мемлекет басшысы.

Ол биыл 4 миллионға жуық қазақстандықтың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемақыларының мөлшері өсірілгенін еске салды. Әлеуметтік сақтандыру төлемақысы 5%-ке көбейтілді. Тұрмысы төмен отбасылардың 500 мыңнан астам баласы үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтама енгізілді. Пандемия кезінде қиын жағдайға тап болған адамдарға 42500 теңге төленді. Мемлекеттен 4,5 миллионнан астам адам қаржылай көмек алды. Несиелердің шегерілуі 1 миллион 900 мыңға жуық қазақстандықтың дефолтқа түсуіне жол бермеді, деп толықтырды Тоқаев.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!