Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігінің белгісі, мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті рәміздерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы – осы»  деген еді Елбасы мемлекеттік рәміздерге қатысты сөйлеген сөзінде. 

Түркі тектес халықтар арасында кеңінен таныс «ту» сөзі сонау VI ғасырдан бері белгілі. Зерттеушілердің айтуынша, ежелгі түріктердің әскери қолбасшылары бөрілі байрақ ұстаған. Байрақтағы бөрі бейнесі жауынгерлердің ұранына айналған және олардың әскери өмірінде еркіндіктің, қайсарлықтың киелі рәмізі саналған. 

Көшпелілерде байрақпен қатар тулар әскердің, мемлекеттің нышаны ретінде қолданылды. Ортағасырлық дәуірде шайқас барысында жауынгерлік тудың жығылуы бүкіл әскердің жеңілгенін білдірсе, ал ол жоғалған жағдайда жауынгерлердің абыройына нұқсан келтіретін болған. 

Ат үстінде отырып ту ұстаған батырлардың бейнес қазақ даласынан табылған жартас беттерінде де кеңінен таралған. Белгілі ғалым З. Самашевтің айтуынша, ат үстінде ту ұстаған жауынгер бейнесі батырлық дәуірдің кең таралған эмблемасы болып табылады.

ХІХ ғасырда қазақ даласында болған орыс ғалымы А.И. Левшин қазақтардың қару-жарақтары туралы айтқанда: «Ту қазақтардың қару-жарағына жатады. Әрбір рудың өзінің туы мен белгісі болған. Олар бейбіт заманда мұқият сақталып, тек соғыс болған кезде ғана шығарылған» деп жазады .

Кәрі тарих ата-бабаларымыз өткен жолдан осындай дерек айтады. Республикамыздағы әрбір азамат еркіндік нышанына айналған ел рәміздерін құрмет тұтуға міндетті екенін білсе, шіркін…

“Асыл дініміз Исламда мемлекеттік маңызы бар рәміздерге мән берілген. Хадис ғалымдары өз кітаптарында ту мен жалаудың қадірі мен құрметі жайлы арнайы тарау арнаған. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туды және ту ұстаған сахабалардың ерлігін ерекше атап өткен және оны құрмет тұтудың маңызы жайында тағылымды өсиетін қалдырған.

Ерхан АҚЫН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!