Аймақтың ақпарат айдынында тың жаңалық болған «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің құрылғанына биыл – 10 жыл.  Агенттік тұтас өңірдің тыныс-тіршілігін, елдің, тіпті әлем жаңалықтарын да қас пен көздің арасында оқырманға жеткізе білуімен құнды. Бұқаралық ақпарат құралдары күні аясында агенттіктің қызық деректерін назарларыңызға ұсынамыз. Ең алдымен мұндай агенттікті ашу идеясын – белгілі журналист, филология ғылымдарының кандидаты Аманжол Оңғарбаев ұсынған еді.

– 2010 жылы елімізде интернет басылымдар мен ақпарат агенттіктері бірінен соң бірі ашылып, электронды ақпарат құралдары саласында үлкен өзгерістер болып жатты. Қазақстанның барлық өңірінде де жылдам ақпарат тарататын интернет ресурстар ашу қолға алынып, алғашқы қарлығаштары ақпарат айдынында өз оқырмандарына жол тартты. Қызылорда облысына да өңірде болып жатқан оқиғалар мен жаңалықтарды газет-журналдардың шығуын күтпей-ақ, жедел әрі нақты ақпарат тарататын электронды ақпарат құралы қажет болды. Әрине, облыстағы барлық басылымда газет жанынан сайттары жұмыс істейді. Бірақ олардың форматы ақпарат агенттігіне сәйкес емес. Ойлана келе, «Kyzylorda-news.kz» интернет газетін ашуға бел будық. Бірден ақпарат агенттігін құруға жүрексінгеніміз рас. Бағымызды әуелі интернет газет ретінде сынап көргіміз келді, – дейді идея авторы Аманжол Сақыпұлы.

Жаңа медианың жолашары

Осылайша, 2011 жылдың 5 мамырында «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің жанынан еліміздің ақпарат айдынында екі тілде жаңалық тарататын «Kyzylorda-news.kz» атты интернет газет өмірге келді. Ал, сол жылдың 15 тамызы күні электронды басылым ҚР Байланыс және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің Мерзімді баспасөз басылымдарын және (немесе) ақпарат агенттіктерін есепке алу туралы №11930-Ж куәлігін алды.

Осы тұста агенттіктің жұмысын алға жылжытып, шығармашылық жолда деңгейін төмендетпей, ұдайы халықтың үніне айналдыру сынды алға үлкен мақсат қойылды. Осындай мақсат үдесінен шығады деген үмітпен интернет газеттің бас редакторлық қызметіне белгілі журналист, республикалық «Караван» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Елібай Жікібаевқа таңдау түсті.

Әрине, бастапқы кезеңде интернет газеттің жұмысы бір жолға түсіп кете қоймайды. Халықтың көзі, құлағы «электронды басылым», «интернет газет» деген сөзге әлі үйренбеген. Оның үстіне, ғаламтордың игілігі облыс тұрғындарына жаппай қолжетімді болмаған кез. Сондай-ақ бүгінгі күндегідей интернет газетте жарияланған жаңалықтарды оқырмандарға кең көлемді насихаттау үшін қолданылып жүрген әлеуметтік желілердің де кең тарамаған уақыты болатын. Десек те, қарымды қаламгер Елібай Зұлқарнайұлы ұжымды интернет газеттің алға қойған мақсатына жұмылдырып, электронды басылымның жұмысын бір жүйеге түсіру үшін аянбай еңбек етті.

Сыр елінің ақпарат айдынындағы тұңғыш интернет ресурстың алғашқы қызметкерлері – бас редактордың орынбасары Нағымжан Сауяев, журналистер Гүлнар Құлмұратова, Алмат Кенжебеков, Гүлназ Бисен, оператор Насреддин Бахманов агенттіктің алдына қойған мақсат-мұратына жету жолында «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, ұйымшылдық таныта білді.

– 2011 жылдың көктемінде «Kyzylorda-news.kz» интернет газетіне қызметке 2 адам қабылдандық. Оның бірі – марқұм Елібай Жікібаев болса, екіншісі – мен. Ол кезде облыстық «Сыр бойы» газетінің сайтына жауапты маман болып еңбек етіп жүргенмін. Аманжол Сақыпұлы шақырып, облыста осындай электронды басылым ашылатынын айтты. Содан жұмысқа бел шеше кірісіп кеттік. Ең бірінші кезекте интернет газеттің дизайны мен әкімшілік құжаттары бойынша жұмыс жасадық. Бір ерекшелігі, интернет газетте тек Қызылорда облысына ғана қатысты жаңалықтарды жариялап отырдық. Жарғы бойынша күніне екі тілде 15 ақпарат жариялауымыз керек болды. Алғашқы күндері осынша ақпарат табу қиын болды. Себебі, бәрі – журналистер де, түрлі мемекемелердің баспасөз хатшылары да жаңалықтарды газет шығатын күндерге ыңғайлап, асықпай жазуды әдетке айналдырған. Елібай Зұлқарнайұлының іскерлігінің арқасында облыстық ішкі істер департаменті, төтенше жағдайлар және денсаулық сақтау басқармасы секілді мекемелердің баспасөз қызметімен тығыз байланыс орнатылды. Осының арқасында облысты барлық мекемелердің баспасөз қызметі күнделікті оқиғалар мен жаңалықтарды дер кезінде бізге ұсынып отырды. Бірінші қай тілде ақпарат келсе, соны екінші тілге аударатынбыз. Қазақшадан орысшаға Гүлнар Құлмұратова тез әрі қатесіз аударуға машықтанған маман болатын. Ал, орысшадан барлық қазақ тілді журналистер еркін аударатын. Сондай-ақ интернет газеттегі журналистер аптасына бір сұхбат, бір сараптамалық мақала жазуға міндетті болды. Бұл журналистерге қиын болған жоқ. Жұмысқа кіріскен 20 күннен соң жарғы бойынша күніне жариялануы керек болған 15 ақпараттың санын 18-ге, бір айдан кейін 20-ға жеткіздік. Бір сөзбен айтқанда, «Қызылорда облысы әкімдігінің ресми интернет газеті» деген атымызға сай болу үшін қал-қадірімізше еңбек еттік, – дейді Насреддин Қайназарұлы өз естелігінде.

Жаңа медианың жолашары

Алғашқы жылдары интернет газеттің ұжымы облыс әкімдігінің баспасөз орталығында жұмысын бастады. Бұл – ресми әрі нақты ақпараттарға қолжетімділікті қамтамасыз етіп, аймақ тұрғындарына, интернет ресурс оқырмандарына шынайы ақпарат ұсынуға зор мүмкіндік берді.

2012-2013 жылдары интернет газетке Назерке Саниязова, Шынар Бекбан, Гүләйім Тәжиева, Ақнұр Жағыпарова, Қанат Маханов секілді журналистер жұмысқа қабылданды.

Бұл кезеңде интернет газеттің ауқымы ұлғайып, Қызылорда облысында алғаш орнықты жұмыс істеген сайт оқырмандарының қатары артты. Күн сайын емес, сәт сайын дамып жатқан ақпараттық кеңістікте өз орнын қалыптастырды. Өңір жұртшылығына да етене танылып, аудиториясы кеңейді. Ал 2013 жылдың 30 желтоқсанында «Kyzylorda-news.kz» интернет газетін «Қызылорда қаламгерлерінің қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінен «Сыр медиа» ЖШС құрамына қабылдау туралы шешім қабылданады.

Жаңа медианың жолашары

Осылайша «Сыр медиа» серіктестігінің құрамын интернет газет толықтыра түсті.

– «Kyzylorda-news.kz» интернет газетінде 2012-2014 жылдар аралығында бас редактордың орынбасары болып қызмет еттім. Сайттың алғашқы редакторы Елібай Жікібаев ағамен 2016 жылға дейін, анығын айтқанда, ол кісі дүние салғанға дейін бірге жұмыс жасадық. Ол медиакеңістікте әбден ысылған, қолтаңбасы қалыптасқан, көпжылдық тәжірибелі журналист ретінде ақпарат құралының аяққа тұруына, өзіндік орнын табуына айтарлықтай үлес қосты. Жаңа медианы ақпараттың жеделдігі мен қысқалығы ерекшелейтінін ескерсек, «Kyzylorda-news.kz» интернет газеті осы үдеден шығуға тырысты. Елібай Зұлқарнайұлы жаңалық оқырманға өтімді болуы үшін ақпаратты күрделендірмей, қысқа да нұсқа жазылуына баса мән беретін. Оның үстіне, әуелгі жылдары біздің жұмыс орнымыз облыс әкімдігінің баспасөз орталығында болды. Сонда ұйымдастырылатын брифингтерден ақпаратты шұғыл тарату мүмкіндігі жоғары болды. «Kyzylorda-news.kz» интернет газеті аз ғана уақыттың ішінде жергілікті ғана емес, республикалық жаңа медиа құралдарының арасында беделі бар БАҚ-қа айналғаны рас. Өзіндік аудитория қалыптастырды, ролін айқындады. Ең бастысы, әлем мен ел жаңалықтарын айтпағанда, Сыр бойының тыныс-тіршілігіне құлақ түре жүретін ағайын үшін ең жылдам ақпарат көзі болды, – дейді журналист Назерке Саниязова.

Жаңа медианың жолашары

ИНТЕРНЕТ САЙТ АГЕНТТІККЕ АЙНАЛДЫ

Қызылорда облысының БАҚ тарихында 2014 жыл – «Kyzylorda-news.kz» интернет газеті үшін алтын әріптермен жазылған ең ерекше жыл. Осы жылы интернет газеті «ақпарат агенттігі» деген атауға ресми түрде қол жеткізіп, Қазақстандағы санаулы ақпарат агенттіктерінің қатарына қосылды. Сондай-ақ облыстар арасынан тұңғыш болып тіркелген агенттік ретінде тарихта қалды.

Қалың оқырманының қатары күн сайын артып келе жатқан ақпарат агенттігіне 2016 жылдың 7 желтоқсанында Сыр өңіріне танымал журналист, облыстық «Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Жетпісбаев бас редактор болып тағайындалды.

– 2011 жылдың көктемінде «Қызылордада интернет газет ашылады екен» деген хабар естіген жұртты елең еткізді. Елеңдейтіндей де бар, ол тұста ірі қалаларда жүзеге аса бастаған жаңа медиа аймақ журналистері әлі соқа салмаған тың сала еді. Көп кешікпей интернет басылымның сол кезде жұмысын бастағанына 3 жыл толған «Сыр медиа» ЖШС құрамында шығатыны да белгілі болды. Бас редакторы да белгіленіп қойыпты – республикалық «Караван» газетінің облыстағы меншікті тілшісі, белгілі журналист Елібай Жікібаевқа жаңа ұжымның екі тізгін, бір шылбыры тапсырылатын болыпты. Осы жылғы 5 мамырда «Kyzylorda-news.kz» атты атауға ие болған интернет басылым жұмысын бастап та кетті. Алғашқының жүгі қашанда ауыр болады ғой. Елібай ағамыз жаңа ұжымның қалыптасуы үшін көп еңбек етті. Аймақтың ақпарат айдынындағы алғашқы сайтты қатарға қосқан қаламгер 2016 жылдың күзінде кенеттен дүниеден көшіп жүре берді. Басшылықтың ұсынысымен үш айдай бас редакторсыз тұрған ұжымды басқаруға сол жылдың 7 желтоқсанында келдім. Серіктестік басшылығы «Қызылорда ньюспен» қоса облыстық, қала және аудандық газет сайттарының жұмысын үйлестіруді де тапсырды. Ең алдымен жұмысты сайт дизайнын өзгертуден бастадық. Ұжым болып түрлі нұсқа жасадық, оны өзімізше талқыладық. Сырттан сайт жасайтын жігіттерді де таптық. Жұмысқа жүрдім-бардымдау қараған олармен арпалысып жүріп көктемге қарай жаңа нұсқаны іске қостық. Мемлекеттік тапсырыс алудың талаптарына сәйкес оқырман көбейтудің қатқабат жұмысын да ұжым болып атқардық. Тапсырысты алғаннан кейін де күніне екі тілде 40-тан астам материал әзірлеген кезіміз де болды. Өз контентімізді қалыптастыру үшін серіктестікке қарасты сайттардың есеп беру жүйесін қалыптастырдық. Әр сайтта жергілікті жаңалықтардың басым болуына назар аудардық. Апта сайын сайттар есебінің серіктестік лездемесінде талқыланып тұруы дәстүрге айналды.

Бүгінде өңірдің алғашқы ресми интернет ресурсы еліміз бен облыстың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-спорттық, тарихи-танымдық салаларында болып жатқан жаңалықтарды лезде жария етіп, ортақ іске өз үлес қосуда. Аймақтағы алғашқы интернет басылымның таудай ісіне тамшыдай болса да үлес қосқанымды мақтаныш санаймын, – дейді бүгінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаев.

Агенттікке Мұрат Ақынұлы басшылық еткен жылдары сайтта жарияланған ақпараттар мен мақалалар сапалық тұрғыдан өсті. Фоторепортаждарды беру тұрақты жолға қойылып, апта сайын түрлі тақырыптағы суреттер топтамасын жариялап отыру дәстүрге айналды. Әсіресе фототілші Нұрболат Нұржаубайдың түрлі тақырыптағы фоторепортаждары мен фотоэтюдтарын оқырман қауым жоғары бағалады.

Ақпарат агенттігі бас редактордың орынбасары Әлібек Байшүленов, тілші Фариза Омарова, Ақнұр Жағыпарова түрлі жанрда мақала жазуды қолға алып, кәсіби деңгейде шыңдала түсті. Сан алуан тақырыпты қамтыған сараптамалық мақалалардың саны артты. Ал бас редактордың орынбасары Жәнібек Исаев порталдың орыс тілі бөлімінің жұмысын жетілдіруде тындырымды жұмыс атқарды. Исаев Жәнібек Мырқыұлы 2018 жылдың ақпаны – 2020 жылдың қаңтары аралығында «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігі редакторының орынбасары қызметінде болды. Ол жаңалықтарды орналастыру тәртібіне біршама өзгерістер енгізді. Нәтижесінде Батыс Еуропа мен Американың үздік интернет БАҚ-тарынан қызықты жаңалықтарды ағылшын тілінен тікелей аударып, ақпараттандыруды қолға алды. Сондай әрекеттердің оң нәтижесінің бірі – 2019 жылдың ақпанында бүкіл Казнет пен ТМД елдерінің ақпарат көздері жарыса жазған 90 жастағы поляк әйелінің қазақстандық отбасыны іздеуі. «Kyzylorda-news.kz-тің» бастамасымен көтерілген сол жаңалықтың ізімен артынша отандық телеарналардың түсірілім топтары («Евразия», «Хабар») Польшаға арнайы барып, ол әйелдің қатысуымен репортаждар жарық көрді.

ЖАҢА МЕДИАНЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІГІ

Сәт сайын дамып, интернет ресурстардың қатары күн сайын көбейген кеңістікте өз орнын тауып, аудиториясын қалыптастырған ақпарат агенттігіне 2018 жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында белгілі журналист Дәуіржан Елубаев басшылық етті. Қарымды журналист редактор болған небары 10 айдың ішінде ақпарат агенттігінің сайтында «Рухани жаңғыру» айдарымен 5 мыңнан астам мақала жарық көрді. Осының арқасында Қызылорда облысында бұрын беймәлім болып келген киелі жерлер мен айбоз тұлғалар, баһадүр батырлар, халық ішінде танылмай жүрген өнер шеберлерінің есімі елге танылып, күн сайын кең көлемде насихатталып отырды.

Қазақ журналистикасындағы жаңа медианың, яғни ақпарат таратудың басқа көзіне қарағанда мүмкіндігі зор медиа-технологияның алғашқы қарлығаштарының бірі ретінде танылып, тұрақты оқырманын қалыптастырған «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің қызметкерлері де сәт сайын мың құбылып отырған замана көшіне бейімделе түсті. Әсіресе 2018 жылдың соңында (қараша айы) бас редакторлыққа келген журналист Дәурен Омаров агенттікке жаңа леп әкелді. Осы тұста тек «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінде ғана емес, «Сыр медиа» ЖШС-на қарасты облыстық, қалалық, аудандық басылымдардың сайттарында жаңа медианың жаңашылдығы сезілді. Серіктестікке қарасты агенттік пен барлық басылымның сайт қызметіне жауапты мамандарына жаңа медиа, оның ішінде SMM (Social Media Marketing), MMM (Messenger Media Marketing) жұмыстары үйретілді.

Жаңа медианың жолашары

Бас редактор Дәурен Сейітжанұлы сайтта жарық көрген ақпараттардың тақырыбына да мән беріп, жаңа медианың талабына сай болуына назар аударды. Сайттарда жарық көрген ақпараттар «сайт тілінде» сөйлей бастады.

Жаңа медиаға бетбұрыс барысында «Сыр медиа» қызметкерлерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Қызылорда облысы әкімдігі мен серіктестік басшылығының қолдауымен Алматы, Нұр-Сұлтан, Мәскеу қалаларында өткен медиа форумға, ірі медиа кәсіпорындарға іссапарлар ұйымдастырды. Мұндай тәжірибе алмасу мамандарға жаңа медиадағы сайт, SMM, әлеуметтік желілермен жұмыс секілді жаңа трендтерді меңгеруге жол ашып, заман көшіне ілесуге зор мүмкіндік берді.

2019 жылдың шілде айында «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторлығына журналист Нұрсұлтан Мықтыбай тағайындалды. Ол серіктестік басшылығының қолдауымен ақпарат агенттігінің дизайнын жаңартуды қолға алды. Оған білікті мамандар тартылып, көп кешікпей ақпарат агенттігінің мультимедиалық мүмкіндіктерін қамтыған, жаңартылған әрі жетілдірілген дизайндағы заманауи веб-сайты іске қосылды. Жаңа дизайн агенттік тілшілеріне көптеген жаңа мүмкіндік ұсынды. Мәселен, агенттіктің жаңа сайтында аудиоподкаст бөлімі ашылды. Агенттік оқырмандары үшін күніне 5-6 ақпараттық, сараптамалық, мәдени-ағартушылық және авторлық жобалардың аудионұсқасын «ақылды радио» жанрында тыңдау мүмкіндігі туды. «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің аудиоподкасттары «Сыр медиа» радиостудиясында жазылады. Подкасттарды агенттік тілшісі Фариза Омарова дыбыстап келеді. Осы орайда, еліміздегі кейбір алпауыт ақпарат агенттіктері аудиоподкаст бөлімін енді ғана қолға алып жатқанын ескерсек, бұл аймақтық агенттік үшін ауыз толтырып айтатын үлкен жетістік.

Міне, жаңа медианың осындай жаңашылдықтарын игеруде, мультимедиялық мүмкіндіктерді агенттік веб-сайтында жүзеге асыруда серіктестіктің сайт администраторы Бақытжан Салмұрзаның еңбегі зор болды. Кәсіби маман Бақытжан Қуатбайұлы порталдың жаңа дизайнынан бастап, көптеген медиа-блогтар мен бөлімдердің еш кедергісіз жұмыс жасауына мүмкіндік туғызды.

Жаңа медианың мүмкіндіктері кеңейген тұста «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің сайтында күн сайын әлемде, елімізде, облысымызда өтіп жатқан оқиғалар, шаралар мен ақпараттарды оқырмандарға жедел түрде ұсынудан бөлек, ешкімде қайталанбайтын өз өнімдері мен фоторепортаждар, бейнежазбалар беру жолға қойылғанын ерекше атап өткен жөн. Барлық әлеуметтік желілерде оқырмандармен байланыс тұрақты түрде жүзеге асырылып, әсіресе, жергілікті ақпараттарға, төл өнімдерге басымдық беру күн тәртібінен түскен емес.

 «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің тағы бір қадамы – жаңа медианың соны жаңалықтарының бірі – интернетте ақпарат берудің тың және жаңа формасы ретінде қарастырылатын мультимедиялық лонгридті меңгеруді қолға алды. Лонгридтің басты ерекшелігі – әртүрлі мультимедиялық элементтерді, атап айтқанда, фото, бейнежазба, инфографика, кесте, диаграмма, қанатты сөздерді пайдалана отырып, ұзақ мәтін жазуда. Бұл негізінен электронды басылымдарға негізделген формат. Бір сөзбен айтқанда, оқырманның тақырыпты бас алмай, бір деммен оқып шығуы үшін әртүрлі ақпараттық шуды пайдалану. Мультимедиялық лонгридті меңгеру – агенттік тілшілері үшін үлкен жетістік екені сөзсіз.  Сонымен қатар агенттік тілшілері өздерінің жеке авторлық жобаларын да күн сайын тұрақты түрде жүргізіп отырды. Оның ішінде Фариза Омарова қалың оқырманға «Баспасөзге шолу», «Атаулы күндер мен оқиғалар» секілді жобалары арқылы танылса, Динара Маханова «Тарихта дәл осы күні», «Оқырман сауалы», «Елді толғандырған мәселе» секілді бөлімдерді ашты. Ал, журналист Аида Маратбекқызы жоғарыда аталған жобалардың орыс тіліндегі нұсқасын халыққа ұсынды. Тілші материалдарын сайтқа орналастырып, әлеуметтік желіде таралуына жұмыс істеген сайт операторы Мұқағали Қаршығаның еңбегі орасан зор.

Жаңа медианың жолашары

2020 жылы агенттік ұжымы қазақтың данышпаны, ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Абай – 175» арнайы медиа-блогын іске қосты. Бұл блогта Абай Құнанбайұлына қатысты барлық сараптамалық мақалалар мен тарихи деректер, зерттеулер топтастырылды. Сондай-ақ журналист Фариза Омарова ақынның қара сөздері мен өлеңдеріне аудиоподкаст жасап, оқырмандар тарапынан оң бағасын алды. Медиа-порталдың осындай жаңашыл қадамдарын облыс басшылығы да жоғары бағалап, «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің ұжымы Қызылорда облысы әкімінің Алғыс хатын алды.

10 жылдық мерзім – ақпараттық агенттік үшін аз уақыт емес. Осы аралықта елмен етене жақын болғанын, әр ақпаратты саралап, көпшілікке керек деректі дер кезінде ұсынып келгенін көзі қырағы оқырман жақсы біледі. Осылайша, 10 жылдық тарихы бар  портал бүгінде Қызылорда облысының жаңалықтарын жедел ұсынатын  ақпарат құралына айналды.

А.ӘБСАДЫҚ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!