Көк базарға барып, ішінде жуасы көптеу салынған, бір-екі түйір қарашығы (ет шығар сол) бар мантыға сылқия тойған соң, қасымдағы курстас Сәбит екеуміз екі жаққа кеттік. Есімде әлі, сол 2005-2010 жылдары Тараздағы «Зеленый» деп аталатын алып базардың үш теңгелік мантысы ауылдан келген біз секілділерге едәуір тамақ болды. Қу қарынды осылай жұбата салып, Т.Рысқұлов паркінде «бақытты болашақ» жайлы қиялға бататын кез. Студенттік билетті айқара ашып көрсетіп, қалтаңның түбін қармалап, он теңгеңді кондукторға қимастықпен беретін шақ еді ғой бұл. Бес мың теңгең болса сол базардағы қырғыздар тұрған қатардан бастан-аяқ киінгеніңді қалай ұмытасың,

Міне, 17-ші маршрут та келе қалды. Қарғып мініп, бос орынға жалп ете қалдым. Қолымдағы 90 беттік лекция жазылған қалың дәптерді (бір пән емес, бірнеше пәнге арналған, әмбебап құжат) алақаныма ұрғылап отырмын. Мұрныма жұмсақ әтір иісі келе бастады. Алдымнан я артымнан емес, дәл жанымнан бұрқырауын қарашы. Тура қарау әдепсіздік болар, көз қиығымды жаймен ғана лақтырғаным рас. Міне, ғажап! Асығыстықта қалай байқамағанмын, тұп-тура сұлу қыздың жанына жайғасыппын. Үшінші курсты аяқтауға әзір тұрған менің мұндайда қызбен танысу сәтін мүлт жібермейтінім өзгеге де, өзіме де белгілі еді. Ол қалай болады?! Шешімді іштей қабылдап та қойдым. Тіпті, іс-әрекетімнің алғашқы «піссімілләсі» басталды. Әуелі көк женсиімнің қалтасынан тұтас 50 теңгені кондукторға ұсынып, өзімше мәрттік дауыспен:

– Жанымдағы қарындасқа да ала салыңыз, – дей бергенмін. Қасымдағы қыз түріме де қарамастан кондукторға:

– Рақмет. Мен өзім төлеймін, – деді сабырлы дауыспен. – Сдачасын қайтарыңыз.

Бір қызығы, екеуміз бір аялдамадан түстік. Түскен бойда бұрылған күйі бетіме жымия қарап тұрды да:

– Екеуміз де студентпіз. Екеумізге де үйдегілер ақша салып жүр. Сол кісілердің тапқанымен өмір сүріп жатырмыз ғой. Ал ақшаны өзің тапқан кезде таксимен алып жүрсең де қарсы емеспін…

Солай деді де, қайта бұрылып кете барды. Аузыма құм құйылғандай, құрғақ тамағымды жұтынған күйі қала бердім.

Қазақылықтан таймаған сол қаракөзді қайта кездестірмедім де.

Ержан ҚОЖАС

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!