Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Роза Бағланова көшесінін аралап тұрғындармен кездесті. Бұған дейін көше тұрғындары әкімнің жеке қабылдауына келіп, мәселелерін айтқан еді.

Тұрғындардың айтуынша, өткен жылы аталған көшеге асфальттау жұмыстары жүргізілген. Десе де осы көшенің шығысына қарай тротуар мен аяқ су арықтары қаралмаған. Бұл мәселелер көшенің батысына қарай шешімін тапқан. Атап айтар болсақ, Әйтеке би көшесінен теміржол өткеліне қарай тротуар да, аяқ су арықтары да бар. Осыған орай бұл мәселе оңтайлы шешілсе деген ойларын жеткізді.

Көше тұрғындары сондай-ақ, Р.Бағланова мен М.Жұмабаев көшесі қиылысына жол кедергісін орнатып беру жөнінде де ұсыныстарын айтты. Себебі осы жер арқылы Желтоқсан көшесіндегі 2 мектепке оқушылар қатынайды. Олардың жолдан өтуі автокөліктердің көптігінен жиі қиындық туғызады.

Тұрғындардың өтініш-тілектерін мұқият тыңдаған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев халықтың ұсыныс-тілектері назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

– Тротуар мәселесін келесі жылдың бюджетінен қарастыратын боламыз. Себебі биылғы бюджеттің қаржысы жылдың басында бекітіліп кетті. Ал, аяқ су мен жол кедергісін салу жөніндегі мәселені тиісті салаларымен бірге зерттеп, заңдылығын қарастырайық. Біз заңсыз ештеңе істей алмаймыз. Барлығы заң аясында жүзеге асуы қажет, – деді аудан басшысы.

Сондай-ақ, электр бағаналары мен телефон желісі, тазалыққа қатысты мәселелерді тиісті мекеме басшыларына тапсырды.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!