«Мемлекеттік тіл мен ресми тілдің міндет мақсаты екеу емес, біреу ғана: ол бір-біріне балама сөз ретінде қолданылады». «Дала уалаяты» газетінің 1891 жылғы №13 нөмірінде жарық көрген мақалада тіл жайы осылай баяндалады. Сол уақыттан бастап тіл мәселесі өзектілігін жоғалтқан емес. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында қазақ тілінің кешегі мен бүгінгі жағдайын сараптауды жөн көрдік.

100 жыл бұрын: «Тіл жұмған ауыздың ішінде»

Сарғайған баспасөз беттеріне үңілсек, қазақ тілі үшін күрес  осыдан жүз жыл бұрын басталған. 1905 жылғы 26 маусымда Қоянды жәрмеңкесінде жазылған Қарқаралы петициясында «қазақ халқының ағымдағы мұқтаждықтарын айқындау үшін қазақ тілінде газет шығару», «болыс кеңселері мен халық соттарына іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді енгізу, тілмаштық қызметке қазақша сауатты, тіл білетін адамдарды алып, қазақтардың хат-шағымды өз ана тілінде беруіне жағдай жасау» мәселелері көтерілген. Түпнұсқасына 12767 адам қол қойған арыз-тілек авторларының бірі Ахмет Байтұрсынұлы сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынды. Мұнан кейінгі жылдары да қазақ даласында қазақ тілінің кеңінен қолдануын талап еткен ашық хаттың қатары көбейе түсті. 1924 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде Сәкен Сейфулиннің Қазақстанның губірналық һәм ояздық сауат комитеттерінің төрағаларына жазған ашық хаты басылған. Осы арада ғасырға жуық уақыт өтсе де Сәкен айтқан тіл мәселесінің қазіргі қоғамнан алыстамауы таңданыс туғызбай қоймайды: «Қазақстанда мәһкәмаларда қазақ тілін жүргізуге екпіндеп кірісіп жатырмыз. Бірақ бұл істі көңілдегідей қылып тез бітіріп тастауға болмайды. «Қазақ тілін жүргізу керек» деп құр бұйрық жазып қана қоюмен іс бітпейді. Бұл істі жүргізу жолында көп бөгет бар.

Кей қызметтегі адам «қазақ тілін кіргізуге не қылып жатырсың?» десең, «ақша керек, ақша» дейді. Ал кейбір қызметтегі адамға «қазақ тілін неге кіргізбейсің?» десең, «қазақша һәм орысша жүргізуді жақсы білетін кісі болса екен, сонда қазақ тілін кіргізер едік», «мен қазақ тілін жүргізуге құмар-ақпын, бірақ іс білетін қазақ жоқ, бір іс білетін қазақ тауып берсеңші» дейді. Қысқасы, сылтаудың саны көп. Сөйлете кетсең, қызмет басқарып отырған адамдардың, мәһкәманы билеп отырған адамдардың ешбірі «қазақ тілін мәһкәмаға кіргізбеймін» дейтіні  жоқ.  

Бірақ кейбір азғантай жерлерде болмаса, қазақ тілі әлі де қазақтың өз аузында. Кей жерлерде тілін кеңеске кіргізбек түгілі, қазақ азаматы аузын ашатын емес. Тіл жұмған ауыздың ішінде» деп жазады. Бүгінгі билік те қазақ тілінің мәртебесін жоққа шығармайды, ол бағытта өзінше күрес жүргізгендей сыңай танытады, бірақ әлі күнге «тіл жұмған ауыздың ішінде» тұрғандай әсер қалдырады.

Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуді көздеген қайраткерлердің бірі ‒ Темірбек Жүргенов. Ол 1936 жылы халық комиссарларын жинап алып, қазақ тілінде мәжіліс өткізгенде, жиындағы бір орыс «түсінбедім» деп уәжін айтыпты. Сонда мемлекет қайраткері әлгі орысқа «қай мемлекетте отырсың?» деп қарсы сұрақ қойған. 

Тілдің жайын айтқанда Бейімбет Майлиннің «Ауыл» газетіне басылған (18.10.1924) мына әңгімесі де еске түседі. «Мұсадан хат келді» деп айдар тағылған әңгіменің ұзын-ырғасы мынадай: Орысша оқыған Мұса губернеде қызмет етеді. Екі-үш айдан бері көрмеген соң үй-іші ұлын сағына бастайды. Бір күні зарыға күткен Мұсаның хаты елге жетіп, «Қадірлі баланың» хатын оқуға ауыл тегіс жиналады. Қас қылғанда қазақша жазылған хаттың мәтіні бүгінгі шүлдірлеген қазақ баласының тілінен айнымайтынын қайтерсіз: «Ассалаумағалейкум, әке! Әжеме сәлем! Ауыл, көршіге де дұғай-дұғай сәлем дерсіз! Ең басында айтар сөзіміз үшбу дүр: қызметке кірдім. Айлық жалуыниам 90 сом. Күніне 8 сағат заниматса етем. Қаланың бір удобны жерінен – тсентрден куәртир алдым». Орысшаға түсінбеген ауыл сонда Мұса «жаңа тіл тауып алыпты» деп әрі-сәріге түсіп, ауылды ойпаң-тойпаң қылғанын жазушы шебер суреттейді. Амал не, «Мұсаның хаты» әлі күнге жөнге түспей келеді.  

Уақытында Міржақып Дулатұлының Жалау Мыңбаевтан көмек сұрап жазған «Қазақ тілінің мұңы» атты монологының жөні тіптен бөлек. «Жанның бәрі теңдік алып жатқанда кеңес өкіметінің тұсында менің бұтымды бұт, санымды сан қылып кім көрінген созғылай бастады. Өзгені не қылайын, отаршылдық саясатын қолданбас-ау дейтін білім кеңесі де мені аямады. «Егістік», «сәрсендеме» деген жалаларды әкеп жапты маған. Бұйырмасын, біздің арамызда мұндай атты соғылғандар туғалы болып көрген емес. Не амалың бар? Құдай басқа салған соң көніп отырмыз. Кітаптарында, газеттерінде маған көрсетпеген қорлығы тағы жоқ.  

«Қазақыландыру» деген бір пәлесі шықты да көрген күнім бұрынғыдан да қараң болды. Бірдемені бұтып-шатып жазады да, міне, сені қазақыландырдық дейді. «Тасты жапалаққа ұрса да жапалақ өледі, жапалақты тасқа ұрса да жапалақ өледі» дегендей, баз баяғы менің сорым». Мәтіннің қысқаша үзіндісі осындай. Сонда дейсің-ау, қазақ тілі өз жерінде тұншыққан уақыттан кейін талай жылдар өтсе де, әлі күнге өкпесінен зорға демалып тұрғаны нендей өкініш?!

Ал беріректе жазылған Ғабит Мүсіреповтың «Авгейдің ат қорасынан бастайық» мақаласы күні бүгінге дейін күн тәртібінен түспеген мәселелерді қаузағаны, қазақ жазушыларының шығармасында кездесетін қателерді сынға алғаны бүгінгі қоғамға жетпей тұрған ескертпе екені даусыз. Анығында қазіргі қоғамға ескертпе емес, қате сөзді сынға алатын қоғам қайраткерлері жетпей тұрғандай көрінеді. «Қазақстанның әр жерлерінде сөздің мағынасын бұзып сөйлеушіліктер бар. Солардан біраз мысал келтірейік» деп жалғасатын мақаланың әр сөзінде түсінген адамға салмақ бар. «Өзіміз молдаға оқып едік, баламыз мектепке оқып жүр». «Қызым жетінші класс оқып жүр». Бұл сөйлемдер қайда, қайдан оқып жүр, нешінші класта оқып жүр деген сұраулардың жауаптары екенінде жұмыс жоқ, «Молдадан оқыдық», «мектепте оқып жүр», «жетінші класта» деуге тіл келмегендіктен емес, тіпті, түсінбегендіктен де емес. Бұл баяғы «біздің ауыл осылай сөйлейдінің» салдары.

«Бұрын райкомтұғын. Осы күні совхоз боп қапты ғой», «болатұғын» деген сөздің бас жағы кесіліп қалыпты да, «болып қалыпты» делінетін сөздер ортасынан омырылған. Тегінде, осы «тұғынды» тастап, болатын, келетін деп жазу дұрыс-ау деймін.

«Түске шекейін» мен «шекемдер» оп-оңай тұрған «дейіннің» айырбасы». Ғабит Мүсірепов айтқан сөздің мағынасын бұзып сөйлейтіндердің қатары бүгінде еселеп артқанын көз көріп жүр. Бір білеріміз, елдегі «Авгейдің атқорасы» әлі күнге  Гераклдың көмегіне зәру…

Бүгін: «Бытыра тәрізді шаралар есте қалмайды»

Осыдан төрт жыл бұрын Тіл мерекесі 5 қыркүйек күні тойланады деген Үкіметтің шешімі шықты. Бұл күнді белгілеудің бір себебі, Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен байланысты. Халық қазақ әліпбиінің негізін салған ғалымның туған күнінде Тіл мерекесін тойлайтын болады деп ел қуанды сонда. Бірақ тарихи күннің маңызы жоспарлы іс-шаралармен ғана шектеліп келе жатқаны жанға батады.  

Аман МӘДЕЛХАНҰЛЫ, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры: 

‒ Бізде қазір тіл (тілдер) мерекесі деген қазақ тілінің абыройы мен құрметіне емес, өзге тілдерді дәріптеуге арналған жай науқандық іс-шаралар жиыны ғана. Одан біздің (қазақтілділердің) ұтқанымыз екі жылдан бері ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туған күніне орайластырып, қазақ тілі үшін еткен еңбегі мен әруағына бас иіп, құрметтеу ғана болып тұр.

Дүниеде тіл мәселесін түбегейлі шешкен бірде бір ел жоқ. Мемлекет халқы мейлі бір ұлттан құралған болсын, мейлі көпэтносты болсын бәрі бір тіл мәселесіз болмайды.

Қазір қоғамда қазақ тілін емес, қазақтың өзін құтқару мәселесі күн тәртібіне шықты. Өйткені қазақ тілі фонетикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысы, лексикалық байлығы жағынан ешбір тілден кем түспейді. Дүниеде тілдің тілден артық-кемдігі олардың сөйлеушілер санымен өлшенетінін, салыстырылатынын ескерсек, ең әуелі оның сөйлеушілер санын көбейтіп, қолданыс аясын, қоғамдық қызметін дамытуымыз қажет. Ол үшін әрбір қазақ кез келген жерде, кез келген уақытта алдымен тек қазақ тілінде ойлап, қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазып, қазақ тілінде оқуы керек. Тілді дамытуды саналы түрде қолға алып, елдің тілдік ахуалы ғылыми тұрғыдан мұқият зерттеліп, мемлекет тарапынан жоспарлы түрде ұйымдастырылуы керек. Ол тіл мерекесінде бір мезгілдік іс-шаралармен шешілетін шаруа емес, ‒ дейді ол.

Расында Тіл мерекесі таяған уақытта жауапты мекемелердің жапатармағай іске жұмылатыны бар. Бірақ онымен ешқандай мәселе шешілмейді. Оның себебін тіл жанашыры Бижомарт Қапалбек келесідей түсіндірді:

Бижомарт ҚАПАЛБЕК, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының вице-президенті:  

‒ Бізде тіл саясатын жүргізетін құрылымдар бар. Мәселен, Астанада тіл комитеті, республикалық тіл орталығы, 14 облыста тілге жауапты мекемелер жұмыс істейді. Оларға бюджеттен ақша бөлінеді де, мекемелер өзінше шара ұйымдастырады. Ал оның нәтижелі болмауының бір себебі, тілге қатысты мекемелер бір бағытта, бір жоспардан қозғалмайды. Әркім өзінің білгенін жасайды. Бытыра тәрізді әр жерде шаралар өтеді. Ол жұрттың есінде қалмайды. Негізінен тіл саясаты келесі бағыттарды назарда ұстауы керек. Біріншіден, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін мектептен бастап насихаттау керек. Бізде бұл жағы кемшін болып тұр. Қазір көпшілік «екі мемлекеттік тіл бар, орыс тілі де мемлекеттік тіл» деген пікірде. Бұл тіл саясатының негізгі қызметінің атқарылмай, мекемелердің дұрыс жұмыс жасамай отырғанын көрсетеді.

Екіншіден, мемлекетте Тіл туралы заң бар, бірақ ол да жақсы жұмыс істемейді. Бұл заң тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында демографиялық жағдай төмендеп, өзге ұлттың саны басым болған тұста жасалған. Ал қазір қазақтың саны өз жерінде жетпіс пайыздан асты, яғни біз унитарлы, бір ұлтты ел болуға бет алып барамыз. Соған сәйкес заңды да осы жағдайға сәйкес қайта қарау керек деген қоғам қайраткерлерінің пікірі дұрыс деп есептеймін, ‒ дейді ол.

Ал тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Ләззат Жұмаханқызының пікірі басқаша. Керісінше жыл сайын өткізілетін науқандық іс-шаралардың тілдің мәртебесін насихаттауда маңызы зор деген пікірде.

Ләззат ЕСІМОВА, тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы:

– Тіл саясаты негізінен бұқаралық сипат ала отырып, жалпы халықты қамтитын мәдени-көпшілік жұмыстардың ықпалды да әсерлі ұйымдастырылуына тікелей байланысты. Жыл сайын ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тарапынан мемлекеттік тіл саясатын насихаттау бағытында өткізілетін республикалық байқаулар  тізбесі бекітіледі. Осыған орай, облыстық деңгейде байқаулар өткізіліп, жеңімпаз атанған жүлдегерлер республикалық байқауларға қатысады.

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» байқауы мемлекеттік тіл саясатын бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттау, журналистердің мемлекеттік тіл саясаты саласындағы кәсіби құзыреттілігін арттыру, тіл мәселелерін жариялап жүрген, «Қазақша сөйлеуді – ұлттық брендке» айналдырудың жолын,мемлекеттік тіл мәселесін тұтас қоғамға және әрбір жеке оқырманға жеткізудің заманауи үлгісін аша білген  журналистердің мақалалары, бағдарламалары арқылы отандастарымыздың санасын жаңғыртуға бағытталған.

2020 жылдан бастап еліміздегі карантиндік жағдайларға байланысты тіл саласында да көпшіліктің қатысуымен өткізілетін іс-шаралар тоқтатылып, олардың бірқатары онлайн түрінде өткізілді. Жалпы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге, жастардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру және тіл шұрайын меңгеріп, оның құдіретін терең түсіне білуіне бағытталған іс-шара көптеп өткізілуі тиіс, – дейді ол.

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілінің тазалығын сақтау үшін еңбек еткенін халық жақсы біледі. Ұлт ұстазының «Өмірбаянында» (1929): «…Орынборға келгеннен кейін, ең алдымен, қазақ тілінің дыбыстық жүйесі мен грамматикалық құрылысын зерттеуге кірістім; одан кейін қазақ әліпбиі мен емлесін ретке салып, жеңілдету жолында жұмыс істедім, үшіншіден, қазақтың жазба тілін бөтен тілдерден келген қажетсіз сөздерден арылтуға, синтаксистік құрылысын өзге тілдердің жат әсерінен тазартуға әрекеттендім; төртіншіден, қазақ прозасын жасанды кітаби сипаттан арылтып, халықтық сөйлеу тәжірибесіне ыңғайластыру үшін ғылыми терминдерді қалыптастырумен айналыстым» деген жолдар сөзімізге дәлел. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынұлының қазақ мектептерінің мұқтаждығын өтеу мақсатында қазақ тілін пән ретінде үйрететін тұңғыш оқулықтар жазып, тұңғыш төл грамматикалық терминдерді қалыптастырғанына тарих куә. Бірақ қазіргі буынның сөйлеуде, жазуда сауаттылыққа мән бермейтіні рас. Бұл мәселе әлеуметтік желінің ықпалы десек те, Ахмет Байтұрсынұлы айтқан “бес жылдық бастауыш мектептің алғашқы үш жылын тек қазақ тілінде оқыту керек” деген ұстанымға қайшы елдегі үш тілде білім беру жүйесінің әсері ме деген ойдың келетіні жасырын емес. 

Гаухар АБАЙҚЫЗЫ, Назарбаев зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

‒  Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары үш тілде білім алғанмен, басым бөлігі ана тілінде яғни қазақ тілінде сөйлейді. 7 сыныптан бастап оқушылар қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен көлемді заманауи туындыларды оқып, қазақ әдебиетінің классикалық шығармаларымен танысады. Біздің бағдарламаның ерекшелігі, оқушының  шығарманың тарихилығына, көркемдік шешіміне, тіліне талдау жасап ғана қоймай, ойды әсерлеп, көркем жеткізуді, сауатты жазуды талап  етеді.  Әрине, отбасындағы жағдайға, тәрбиеге байланысты кейбір оқушыларда қиындықтар байқалады. Атап айтқанда, ата-анасы орыс тілінде сөйлесетін, қазақ тілінде мүлде әдеби шығарма оқымайтын балалар ана тілінде ойын еркін жеткізуден, көркем тілмен сауатты жазудан қиналады. Керісінше, мұндай оқушылар орыс, ағылшын тіліндегі шығармаларды көп оқиды, тәжірибеде байқағаным, бұл мәселенің  шешімі ‒ баланы қызықтыра білу және оның пікірімен санасу, сенім білдіру. Ата-анасымен тығыз қарым-қатынас жасау барысында  бұл  мәселені шешуге болады. Ескеретін жайт, шетел әдебиетін көп оқитын оқушының дүниетанымында  өзгешелік болады, – дейді ол.

Осы орайда айта кету керек,   А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында латынграфикалық жаңа әліпби негізінде қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің жаңартылған нұсқасы әзірленген. Емле сөздігінде тілдің  сөзтізбе құрамы толықтырылып, біршама өзгерістер енгізілген. Соның бір парасы келесідей:

– Қазақ тіліне еліміздегі саяси, әлеуметтік, ұлттық сананың оянуы сияқты жағдайлар әсер еткендіктен,  сөздіктердің құрамына қазақ тілінің бар байлығын енгізуге басымдық берілген. Сондай-ақ өзге тілден енген сөздердің баламасын барынша  өз ана тілімізде  беруге екпін түсірген. Мысалы, қазіргі әдеби тілдегі ермексаз, кеппешөп, гүлкіндік, жаймасөре, газтұмша, қанатбелгі,  қарубау, жабдықталым, дүмтабан, ықтиярхат, тінтуір, пернетақта, фейсбук, инстаграм, хэштег, лайк, репост, респект, челендж, ватсап, смайл, емейл, флешмоб,  алғытөлем, жәрдемқаражат, ықпалшара сияқты жаңа сөздермен толықтырылды. Бұл сөздерді қолдану алдыңғы буын аға-апаларымызға өрескел көрінгенмен, кейінгі жас буын оңай игереді деген ойдамын. Ең бастысы, тілдік нормалар толық сақталған. Жаңа сөздер мектеп оқулықтарында, өзге де жазба нұсқаларында әзірше баламаларымен  қатар қолданылады.Уақыт өте келе кірме сөздердің ана тіліндегі баламасына толықтай көшеміз. Жалпы қазақ тілінің ережелері бұрынғыша оқытылады, – дейді Г.Абайқызы.

Ертең: «Ұлт тілі өзімізге керек»

«Тіл сөйлеу-сөйлесу, оқу-үйрену, жазу-сызу арқылы өседі. Бұл үшеудің бірде-біріне көңіл аудармау – ең үлкен қылмыс». Ғабит Мүсірепов айтқан осы шартпен қазақ баспасөзі тілдің жанайқайын жыл сайын жазып келеді. Тіпті бір ғасырдан бері қозғалған тақырып бүгінге дейін егжей-тегжей жазылып біткендей көрінеді. Енді бұл тақырыпты қалай жазған дұрыс?

Аман АБАСИЛОВ, филология ғылымдарының кандидаты, социолингвист-ғалым:

‒ Қазақ журналистері де, лингвист-ғалымдары да, тіл тағдырына немқұрайлы қарай алмайтын барлық тіл жанашырлары да қазақ тілін дамыту қажеттігін, қолдану тетіктері мен жолдарын көрсетіп-ақ келеді. Олар тілі жоғалса, ұлттың жойылатынын әлдеқашаннан біледі. Білмей, түсінбей, сезінбей, қажетсінбей  келе жатқан билік қана.

Мемлекетке мемлекеттік тіл керек болмаса, ол ана тіліміз, ұлт тілі ретінде өзімізге керек. Сондықтан оның қолданысына, тазалығына бей-жай қарамай, газет-журналда, телерадиода сауатты жазып, сауатты сөйлеп, басқаларға үлгі көрсетуіміз қажет. Қандай да бір қате жазылған сөзге, сөйлемге, мәтінге, т.б. төзбеушілік танытып, дереу ескертіп, жөндеп, жазалап отыруымыз керек. Қай салада, қай жерде болсын берілген хабардың, жарияланған, ілінген жарнаманың, көрнекі ақпараттың, барлық ономастикалық атаулардың мемлекеттік тіл – қазақ тілінде болуын талап етіп, өз құқығымызды өзіміз қорғауымыз қажет. Біз елімізде ұлттық тілімізді қорғауға, дамытуға құқығымыз бар. Оған ешкімнің дауы болмау керек.

Ләззат ЕСІМОВА, тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы:

– Қазақ тілін білу тек мемлекеттік тілде сөйлеумен ғана шектелмейді, сонымен қатар сауатты жаза білу, шұбарламай сөйлеу, тіліміздің байлығын көрсете білу болып табылады.Тілді дамытудың бір жолы –  сөйлеу мәдениетін жетілдіру. Жүйесін тауып айтылған сөз жүрекке жетіп, жүйкені босатады. Біз ендігі жерде қазақ тілінде сауатты да шешен сөйлеу мәселесін көтеруіміз керек.

P.S. Жүз жыл бұрын басталған күрес  әлі жалғасып келеді. Тек осы күрес жолында ұлт ұстазының жолынан жаңылып кетпесек болғаны…

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА