Соңғы жылдары елдегі әлеуметтік ахуал мен экономикалық жағдай жаңа даму кезеңіне көтерілді. Әсіресе ең өзекті мәселеге айналған баспана жайы қоғамда қызу талқы тудырып, келеңсіздік ашық айтылуда. Мерзімі біткен мемлекеттік бағдарламалар, үй кезегі, пәтер алу алгоритмі турасындағы батыл пікірлер легі толастаған емес. Оған қоса жағдай әлеуметтік сипаттан саяси олқылыққа ауысқан тұста түрлі пікір қақтығысы туындағанын байқадық. Жағдайға жаңа қырынан қараған билік те мәселені шешудің жаңа әдістерін табуға кіріскендей. Соның ішінде Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев тұрғын үй жалдау субсидиясын ұсынып, елге үміт сыйлады.
Жасыратыны жоқ, өзге аймақтарды айтпағанда соңғы онжылдықта облыста мемлекеттік бағдарлама мен жобалар арқылы бой көтерген тұрғын үй жетерлік. Тіпті Сырдария өзенінің сол жағалауынан жаңа қаланың іргетасы қалануы да құрылыс қарқынынан хабар беретіндей. Алайда бұл қадам баспанасыз тұрғындардың тілеуін толық орындай алды деп айта алмаймыз. Сондықтан тұрғын үй тұрғызумен қатар азаматтарға сол үйді сатып алу немесе жалдауға жағдай жасау аса маңызды екені даусыз. Министр айтқан ұсыныс осы қиындықты еңсеруге арналған. Әзірленген жобаға сәйкес, тұрмысы төмен азаматтарға жалдап тұратын баспана ақысының 50 процентін мемлекет өтейтін болды. Бұл мақсатқа ел қазынасынан 50 млрд теңге қарастырылыпты. Жоба сәтті жүзеге асса, бастама аясында табысы төмен 70 мыңға жуық отбасына мемлекеттік қолдау көрсетіледі деп күтілуде.
Алайда ескере кететін жайт, аталған көмек жалпыға бірдей көрсетілмейді. Талабы ерек. Негізгі мақсат мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету болғандықтан, басымдық та сол әлеуметтік топқа берілген. Мәселен, атаулы көмекті алу үшін отбасының соңғы 6 айдағы жиынтық табысы отбасының әрбір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы шарт. Мұнан өзге тұрғын үйге мұқтаж ретінде әкімдікте кезекке қойылғанын растауы қажет. Сонда ғана көмек алуға мүмкіндік жоғары.
Дегенмен, бұл бірнеше құжат көрсетіп, қолдауға қол жеткізу деген сөз емес. Оның үстіне жалған мәліметтің алдын алу үшін бағдарлама операторы ретінде Отбасы Банкі бекітілген. Аталған қадам тегіннен-тегін қабылданбағаны анық, банк мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграциялау арқылы кезекте тұрғандардың үйге мұқтаждығын тексереді. Сондай-ақ көмек алу үшін электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалануға болады. Отбасы банкі төлемдерді тағайындауға арналған өтініш пен пәтер жалдау шартын бекіткен соң отбасы құжаттарын тексеріп, 10 жұмыс күні ішінде қаражатын есептейді. Министр ұсынған жоба жүйесі осыған саяды.
«Азаматтардың жекелеген санаттарының мәселелерін жедел шешу үшін мемлекет басшысы тұрғын үйді нарықтан жалға алу үшін төлем жасау тетігін әзірлеуді тапсырды. Осыған сәйкес министрлік өлшемдер мен талаптарға, сондай-ақ жалдау мөлшерлемесінің шекті құнына қатысты ережелер әзірледі. Биыл 70 мың азаматты қолдауға 50 млрд теңге бөлу қажет. Республикалық бюджетке жүктемені азайту үшін жергілікті бюджеттерден қоса қаржыландыру қажет болады. Тұрғын үй төлемдері бағдарламасын толық іске қосуды биыл мамыр айына жоспарлап отырмыз.
70 мың өтініш берушінің табысы өте төмен, яғни ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз. Оның ішінде 51 мыңы – көпбалалы, 10 мыңы – мүгедек, 7 мыңы – мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы және 2 мыңы – жетім балалар. Оларды қысқа мерзім ішінде баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Осы мақсатта ҚР ИИДМ жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған баспана үшін төлем тағайындау қағидаларын әзірледі», – деп айтылған министр баяндамасында.
Расында, атаулы көмектің баспанасыз тұрғындарға пайдасы мол. Айлық табысы пәтер жалақысына жетпеген қаншама азамат туысын жағалап, тұрмыс тауқыметін тартып келеді. Ал игі қадам жүзеге асса, халықтың да пәтер жалдауға мүмкіндігі артар еді. Жаңа жобаны ести сала халық та әлеуметтік мәселе бір күнде шешілердей сеніммен қарап, әлеуметтік желіде ой-пікір білдіруде.
– Отбасыммен жалдамалы пәтер жағалап жүргеніме 10 жылдай болды. Үй салуға немесе сатып алуға әзір шамамыз келмейтін секілді. Ақша жинағанмен, түрлі мұқтаждық шығып, жұмсалып кетеді. 4 балам мектепте оқитын болғасын жылдағы мектеп формасы, оқу-құралының өзі қомақты қаражат. Оның үстіне азық-түліктің бағасы да қалтаға ауыр тиіп жүр. Осының барлығы жалдамалы пәтер жағалауға түрткі болды. Мемлекет тарапынан мұқтаж отбасыларға қолдау болса, жеке үй алуға қаржы жинауға да мүмкіндік туар еді. Ай сайын төлеуге тиіс қаржының жарты бөлігі азайса, бұл да бір көмек, – дейді қала тұрғыны Жанболат Құсайынов.
Осы орайда «таяқтың екінші ұшы» байқалады. Министр айтқан жоба әлі жүзеге аспаса да кей пәтер иелері жалдау ақысын 20-30 процентке көтерген көрінеді. Оны аталған хабар тараған күннен бастап ғаламтордағы жалдамалы баспана бағасының күрт өскенін-ақ аңғаруға болады. Мұның барлығы мұқтажға жәрдемдесуге арналған бастамадан артық пайда көрмек адамның ісі екені анық. Сондықтан билік азаматтардың әлеуметтік деңгейін тексеруден бөлек, жалдамалы пәтер иелерінің ақыны жөнсіз көтермеуін де ескеру қажет секілді. Әйтпесе, көмектен дәмелі халық «оттан шығып, шоққа түскендей» болмасына кім кепіл?
Еске сала кетейік, қазіргі таңда ел көлемінде 590 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұр. Ал оның ішінде 210 мыңы 1 және 2 топтағы мүгедектер, жетім балалар немесе мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған және көпбалалы отбасылар.
Сырдағы қарқын қалай?
Ал аймақтағы ахуал қай деңгейде? Облыстағы тұрғын үй құрылысы мен баспанамен қамту ісі қалай жүргізілуде? Қанша азамат баспаналы болды? Осы сауалдарға жауап іздеп көрелік.
Соңғы уақытта облыс тұрғындарын баспанамен қамту ісі қарқын алғанын байқау қиын емес. Тұрғын үй кезегіне тұрып, еншілі баспанасына ие болған азаматтарды да жиі естиміз. Әлеуметтік желіде сүйіншілеп, қуанышты хабарды жеткізген желі қолданушылар ай сайын назарға ілінеді. Бір ғана Қызылорда қаласының өзінде Сырдария өзенінің сол жағалауына салынған жаңа қаладан шаңырақ бұйырған азаматтар қаншама?! Олар жаңа үйге қол жеткізіп, жаңа қаланың тарихын қалыптастыруға күш салуда. Өткен жылдың өзінде аймақ басшысы тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі аясында Арал, Қазалы, Қармақшы және Жалағаш аудандарында 111 пәтер кілтін табыстаған еді. Басым дені көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасылар. Сондықтан әлеуметтік осал топқа пәтер табыстау жұмысында ілгерілеу байқалады деуге толық негіз бар.
Жалпы Қызылорда қаласында 26 мың адам үй кезегінде тұр. Биыл жергілікті әкімдік алдымен көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды баспанамен қамтуды назарға алған көрінеді. Тіпті жыл соңына дейін 500 пәтердің кілті табысталып, 1370 отбасы жаңа қонысқа ие болмақ.
Орайы келгенде айта кетейік, тәуелсіздік алғалы облыста 8 миллион шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген екен. Бұған қарқынды тұрғын үй құрылысының септігі тигені сөзсіз. Биыл да облыс орталығында 2170 пәтерлі 46 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде қалада өткен жылы құрылысы басталған Сырдария өзенінің сол жағалауындағы – 12, СПМК-70 тұрғын ауданынында ипотекалық 12 тұрғын үй де бар. Ал жеке инвесторлар есебінен 9 үйдің құрылысы жүргізілуде.
P.S. Баспана – басты мәселе. Осы кемшіліктің салдарынан қаншама отбасы жанжалдасып, үйі болмай, тентіреген жастың қатары артқанын білеміз. Бұл жайдың үйдегі ұрыстан бөлек, бала психологиясы мен әлеуметтік көңіл-күйге де әсері мол. Сол себепті, мемлекет қолға алған жоба жүзеге асса, талай түйткілді мәселе шешім табады деген сенім мол.
Берен ШАҒЫРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!