Өткен жылы орын алған қуаңшылық пен Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмендеуі аз қиындық әкелмеді. Әсіресе Қызылорда облысындағы шаруалардың жай-күйі нашарлап, төрт түлікке азық табу мұң болғанын білеміз. Сол сәтте ел болып жұмылып, акция ұйымдастыру, шаруаларға жәрдемдесу секілді қадам елдікті көрсеткен еді. Оған ауылдағы ағайынға деп қолына орақ алып, еңбек еткен азаматтардың бірлігін қосыңыз.
Ал биылғы ахуал қалай болмақ? Жаз шыға су тапшылығы мен қуаңшылық халықты қайта қыспай ма? Сырдариядағы су деңгейі қайта қалыпқа келгендей көрінгенмен егін маусымында ескі мәселеге қайта оралуымыз қаншалықты мүмкін? Қыс ызғары қайтқан бойда ел көкейінде осы мазмұндағы сауал қылаң берді. Бірі жылдан-жылға арнасы тарылған Сырдария жағдайына алаңдаса, енді бірі аймақтың экологиялық зардабы туралы айтуда. Қалай болғанда да алаңдауға себеп те жоқ емес. Әлем әбігерге түскен сәтте ауыл шаруашылығы саласының ойсырауы экономикаға аз шығын әкелмесі белгілі.
Мамандар да су деңгейінің бірқалыпты боларына күдікпен қарауда. Тіпті БАҚ пен әлеуметтік желіде ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру, суды үнемдеу, каналдарды реттеу мәселесі көтеріліп, жүйелі жұмыс істеу мәселесі көтеріліп келеді. Бұл орайда «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының атқарар рөлі зор екені даусыз.

Алдымен Сырдария өзеніндегі бүгінгі су деңгейін саралап көрелік. Қазіргі таңда Сырдария өзенімен облыс шекарасына 650 м3/сек су келуде. Жалпы Қызылорда су торабынан 536 м3/сек, Айтек су торабынан 477 м3/сек, Қараөзек арнасынан 55 м3/сек және Қазалы су торабынан төмен 235 м3/сек су өтуде.
– Рас, Сырдария өзенінің арнасында су деңгейі қайта көтерілді. Себебі Шардара су қоймасының толу көрсеткіші жобалық көлемге жетті. Сондықтан су қоймасына түсетін барлық су көлемі дарияның төменгі ағысына уақытша мерзімге, транзиттік режимде секундына 1000 текше метр су жіберілуде. Сырдария өзенімен облыс шекарасына 650 м3/сек су түссе, одан Қызылорда, Әйтек, Қараөзек және Қазалы су торабынан төмен су тасталуда.
Дегенмен дариядағы қалыпты су деңгейді сақталады деп айту әзірге қиын. Егер биыл Шардара су қоймасына түсетін су көлемі 2,3 млрд м³ болып, Көксарай су реттегішіне 1,5 млрд м³ су жиналмаса, облыс аумағында егістікке су беру маусымы кезеңінде су тапшылығы болуы ықтимал. Осы мақсатта вегетациялық кезеңдегі су тапшылығы жағдайында каналдармен алынатын суды үнемді және ұтымды пайдалану мақсатында күріш дақылының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 20-30 процентке дейін азайту жолын қарастырамыз, – деді «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының орынбасары Жорабек Ерназаров.
Демек, дарияның арнасы суға толды деп қуануға әлі ерте. Жаз айында су мөлшері төмендесе, қиындық туындауы мүмкін. Қазірдің өзінде жағдайдың бақылаудан шығуына жол бермеу үшін жоғарыда аталған шарадан бөлек, өзге де қадам жүзеге асуда. Мәселен, әрбір ауыспалы егіс алқаптарының ротациясын құзырлы мекемелердің көмегімен сақтау, дақылдарды каналдың су бөлу нүктесінен қашық орналасқан немесе биік егіс атыздарына орналастырмау ісін атаса болады. Оған қоса ішкі каналдар мен қашыртқылардың қайырдан, қоға және қамыстардан тазарту, егісте су тапшылығын тудырмау мақсатында қажет жағдайда насос қондырғыларын құруға әзір болу шарасы да назар аударуға тұрарлық.
– Өткен жылы Сыр өңірінде дария суы азайып, салдарынан былтыр, оның алдыңғы жылдары суармалы егісте су тапшылығы қатты байқалды. Әсіресе жергілікті өнім күрішке қатысты мәселелер туындады. Бұл жағдайға бірнеше фактор әсер еткен еді. Әуелгісі, Қырғызстан мен Өзбекстан суды жөндеп жібермей қойды, кейінгісі, өзенді жолдан егістік пен өнеркәсіптер шектен тыс пайдалануынан болды. Бүгінде Сырдария қайта қалпына келуде. Бірақ мұның осы деңгейді сақтап тұруы екіталай. Себебі олардың бізге су жіберуіне бір ғана себеп бар. Наурыз айының басында Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында Өзбекстан, Тәжікстан республикаларында және Түркістан облысы жауын-шашынды болып, Шардара су қоймасына түскен су көлемі күрт көбеюінен су қоймасындағы су көлемі 5,0 млрд текше метр жетті. Сол су қазір еріп бізге жетуде. Бүгінде жауын-шашын тоқтады. Ал көршілес қырғыз бен өзбек ағайындар егін егуді бастап кетті. Енді су көлемі қайтадан ақырындап азайып жатыр, – деді Арал-Сырдария бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов.
Жалпы Сырдария бассейнінің су жүйесі Қырғызстаннан бастау алғанмен Өзбекстанды кесіп өтетіні белгілі. Жыл сайын су мөлшерінің төмендеуі көршілерге де оңайға соқпай отыр. Табиғи жағдайдың салдары экологиялық, экономикалық олқылыққа әкелуде. Мысалы, Қырғызстандағы Тоқтағұл су электр стансасын алайық. Су мөлшерінің азаюы электр қуатын өндіретін стансаның қуатын кемітсе, Өзбекстан мен Қазақстандағы өзен ағысының бәсеңдеуі егістікке кері әсер етуде.
Әрине, Сырдария өзенінің трансшекаралық маңызды статусы аталған мәселеге Орталық Азия мемлекеттерінің бірлесе әрекет етуін талап ететіні анық. Осы мақсата мемлекетаралық келісімдер жасалып, құзырлы орган басшылары өзара мәмілеге келуге тырысуда. Оған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың Өзбекстанға сапары кезінде Сырдария өзені бассейніндегі су шаруашылығы мәселесін көтеруі дәлел бола алады.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!