Фото: ашық дереккөзден

«Бала сүю – бақыт» демекші, әр ата-ана балалы болу бақытын сезінгісі келеді. Сәбидің былдырлаған үні мен сыңғырлаған күлкісін аңсап, алайда перзент сүю бұйырмай жүрген жандардың мәселесі бүгінгі технологияның дамуымен шешім тапқандай. Атап айтқанда, экстракорпоральді ұрықтандыру (ЭКҰ) және суррогат ана арқылы балалы болу көп отбасының бақытқа кенелуіне себепші болып отыр. Бүгінгі мақаламызда осы тақырыпты толығырақ тарқатамыз.

ЭКҰ ДЕГЕН НЕ?

ЭКҰ (экстракорпоральді ұрықтандыру) – 1978 жылы пайда болған, бедеулікті емдеу үшін қолданылатын заманауи медициналық әдіс. ЭКҰ арқылы бала көтеру процесінде аналық жасушалар әйелдің ағзасынан алынып, оларды ер адамның ұрықтарымен зертханалық жағдайда ұрықтандырады. Ұрықтандырылған эмбриондар бірнеше күн бойы дамиды, содан кейін әйелдің жатырына енгізіледі.

ЭКҰ процесі 6 негізгі кезеңнен тұрады. Атап айтқанда, гормоналды стимуляция – әйелдің аналық бездерін бірден бірнеше аналық жасуша шығару үшін гормоналды препараттармен ынталандырады. Келесі кезең аналық жасушаларды алу (пункция) – аналық жасушалар ультрадыбыстық бақылау арқылы жиналады. Одан кейін ұрықтандыру кезеңі жүреді. Ол кезде жиналған аналық жасушаларды ер адамның ұрығымен зертханада біріктіреді. Төрт кезеңді сәтті жүргізгеннен кейін эмбриондарды өсіру процесі жүреді. Ұрықтанған жасушалар зертханада бірнеше күн бойы дамыған соң, эмбриондардың ішінен ең сапалысы таңдалып, әйелдің жатырына енгізіледі. Шамамен 10-14 күн өткен соң ЭКҰ-ның соңғы кезеңі жүзеге асады, яғни жүктіліктің сәттілігін тексеру үшін қан талдауы жүргізіледі.

Ескере кететін жайт, ЭКҰ жасатқысы келген әйелдің жасы 18-ден 35 жасқа дейін болуы керек. Сондай-ақ ұрықтандырудың сәтті болуына кепілдік жоқ. Алайда әрбір үшінші әйел құрсақ көтереді.

ЭКҰ-ның құны немесе «Аңсаған сәби» жобасы

Елімізде ұрықтандырудың бұл түрі алғаш 1995 жылы жүзеге асты. Сол жылы дүниеге келген сәби бүгінде 28 жаста. Әлем бойынша мұндай тәсілмен сәби сүюдің құны әртүрлі әрі жоғары болғанымен, Қазақстанда ең арзан һәм қолжетімді деп танылады. Сол себепті болар, шетелдіктер ат басын елімізге бұрып, ЭКҰ-ны жасатуға келеді екен. Сондай-ақ Қазақстанда ЭКҰ жасату саласы айтарлықтай дамыған. Алайда мамандардың айтуынша, елімізде жаңа технологияларды сатып алуға қажеттілік басым.

ЭКҰ жасату үшін 2010 жылдан бастап жылына 400-500 квота бөлініп тұрған. Ал 2021 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Аңсаған сәби» жобасы жүзеге асып, жылына 7 мың квота бөліне бастады. Аталған жобаға сұраныс көп. Бедеуліктің көбеюі де «Аңсаған сәбидің» 2030 жылға дейін созылуына себеп болды. Бір қуантатыны, екі жылдың ішінде 7 мың бала жоба арқасында дүние есігін ашты. Ал 2030 жылға дейін 49 мың отбасы бұл жобаның шарапатын көре алады.

Бағдарламаға отбасылардан бөлек, жалғызбасты әйелер де қатыса алады. Бір ескере кететін тұсы, бұл квотаны тек «бедеулік» диагнозы бар жандар ғана ұтып ала алады. Сондай-ақ квотаны алушы ҚР азаматы болуға міндетті және Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен медициналық талаптарға сәйкес болуы тиіс.

Қазақстанда 31 ЭКҰ клиникасы бар. Олардың 2-еуі ғана мемлекеттік, ал қалған 19-ы квота бағдарламасына қатысады. Мемлекеттік квота бір адамға 1-1,1 миллион теңге қаражат бөледі. Бөлінген қаржының көп бөлігі дәрі-дәрмекке, қалғаны ЭКҰ технологияларына, дәрігерлер мен өзге де процесстерді кедергісіз жүргізуге жұмсалады екен. Эмбриондарды көбіне «криоконсервация» әдісі бойынша қатырады. Бұл процесс шамамен 200-300 мың теңгені құрайды. Бірақ оның шығынын квота өтемейді, сол себепті сәбилі болуға ниетті жандар қаражатты өз қалталарынан шығарады.

Квотаға ілінбегендер қандай көмек ала алады?

Мемлекеттік квота көмегіне іліге алмаған жандар үшін арнайы «MARIYAM» қоры жұмыс істейді. Бүгінде қор 25 отбасыға қол ұшын созды. Қордың көмегін алу үшін қор сайтындағы арнайы анкетаны толтыру керек. Қажетті құжаттарды тіркеу арқылы өтініш бере алады. Қор мемлекеттік квотаға іліге алмағандарға ерекше көңіл бөлгенмен, көмек алу үшін ресми некеде тұру маңызды.

– Кейінгі уақытта біздің қорға жүгінушілер саны өскенін байқадық. Дегенмен қордың көптігі мәселені толық шешпейді. Біз салдарымен емес, себебімен күресуіміз керек. ЭКҰ мәселенің шешімі болғанымен, соңғы түйіні емес.

Жалпы бедеулікке әкеліп соғатын бірнеше фактор бар. Оның ерте жастан алдын алуға болады. Яғни, балаларымызбен жұмыс маңызды. Жыныстық сауаттылық, салауатты өмір салты, дұрыс тамақтану сияқты бағытта әңгіме жүргізген абзал деп санаймын. Осы тұста «онда сіз неге айналыса бастадыңыз?» деген сұрақ тууы мүмкін. Мен жеке басымнан өткен соң, жағдайды ішінен білген соң көмектескім келді. Қорымызға түсетін қаражаттың 80%-ы жеке кәсіпкерлер, іскер азаматтардың қолдауы», – деді ЭКО бойынша алғашқы «MARIYAM» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, белгілі тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы.

Суррогат ана деген не?

Балалы болудың тағы да бір жолы бар және ол – суррогат ана арқылы жүзеге асады. Құрсақ ана болу – бала көтере алмайтын немесе белгілі бір медициналық себептерге байланысты бала туа алмайтын адамдар үшін басқа әйелдің баланы көтеріп, дүниеге әкелу процесі.

Бұл процесс репродуктивті денсаулық туралы заңымен қорғалады және бірқатар шарт пен талаптарды қарастырады. Суррогат ана мен биологиялық ата-ананың арасында келісімшарт жасалуы тиіс. Соған сәйкес бала дүниеге келген соң, заңды түрде биологиялық ата-анасына берілуі керек.

Кейбір елдерде суррогат ана болуға тыйым салынған. Мәселен, Австрия, Германия, Италия, Испания, Швеция, Франция, АҚШ-тың жекелеген штаттарында (Аризона, Мичиган) суррогат ана болу заңсыз деп табылады. Ал Бразилия мемлекеті тек туысқандарына ғана суррогат ана болуға рұқсат береді.

Кез келген әйел суррогат ана атана алмай- ды. Оларға да қойылатын бірнеше талап бар. Суррогат ананың некелі күйеуі, сондай-ақ кем дегенде бір баласы болуы тиіс. Құрсақ ана болу үшін жарының рұқсатын алу міндетті.

Қоғамда құрсақ анаға қатысты бұрыс пікір қалыптасқан. Анығырақ айтқанда, кім көрінген өз қалауынша бұл процесті жүзеге асыра алмайды. Ол үшін міндетті түрде неке заңды тіркелген болуы керек. Бедеулік диагнозы қойылып, әйелдің физиологиялық тұрғыдан бала көтеруге жарамсыз екендігі расталуы тиіс.

Жүрегінің астына жан бітіріп, тек оны дүниеге әкелу үшін суррогат анаға 4,5-8 млн теңге көлемінде өтемақы беріледі. Онымен қоса, жүкті болған айдан бастап 200-250 мың теңге айлық алады (тіпті одан көп болуы мүмкін). Алайда суррогат анаға кететін қаражат мұнымен бітпейді. Себебі оның жүріп-тұрысы мен көптеген медициналық, нотариалдық кезеңнен өту үшін һәм түрлі рәсімдердің шығынын өтеуге қаражат қажет. Жалпы құны 10 миллионнан 15 миллионға дейін жетуі мүмкін.

Перзент сүюдің бұл түрі елімізде 20 жылға жуық уақыт бұрын «Адамның ұрпақты болу құқықтары және оларды жүзеге асыру кепiлдiктерi туралы» Қазақстан Республикасының заңымен бекітілді. Қазақстанда құрсақ аналарға арналған бірнеше агенттік жұмыс істейді. Оның нақты саны белгісіз.

Қоғамның пікірі екі жақты

Былай алып қарасақ, бұрындары балалы бола алмаған отбасы жақын туыстарының баласын бауырына басып, жоқтың орнын толтырушы еді. Қазақтың қанында бар үрдіс десек те болады. Ал кейіннен жоғары технологиялар өз жемісін бере бастады.

Бедеулік – өте өзекті дерт және оны емдеу жолдары бар. Атап өткен ЭКҰ мен құрсақ ана бұл мәселені бір жақты етуге септігін тигізеді. Алайда қоғамның бұл тұрғыда көзқарасы бөлек. Тіпті бұл мәселені ашып айтуға жасқанатындар қатары көп. Пікір екі жақты. Ризашылыққа да, сынға да ұшырап жатқандай.

– Менің суррогат ана болу шешімім, ең алдымен, қаржылық жағдайыма байланысты болды. Өз балаларым бар, бірақ материалдық жағдайым төмен болды. Құрсақ ана болуарқылы мен өз отбасымның жағдайын жақсарттым. Бұл маған артылған үлкен жауапкершілік пен эмоционалды ауыртпашылық болды. Бірақ бұл процесстің материалдық жағына ғана назар аудармай, көмек көрсету деп те қабылдадым, – дейді құрсақ ана Жанар ханым.

Мұндай «қайырымдылықпен» айналысуды құп көргендер «ата-ана бақытын сездіре алдым» деп қуанса, енді бірі пайда табудың бір жолы, «бизнес» деп шешкен. Алайда кейбірі аналық махаббаттың күшінен бе, әлде психологиялық өзгерістердің әсерінен бе, белгісіз, баланы биологиялық ата-анасына табыстауға қимайды.

ЭКҰ-дан туған баланың дені сау бола ма?

Сондай-ақ ЭКҰ әдісін қолданғандар туралы да халық арасында шындыққа жанаспайтын түрлі деректер бар. Солардың бірі ЭКҰ-мен дүниеге келгендердің сәби сүйе алмайтындығы туралы ақпарат. Бұл туралы репродуктолог былай пікірін білдірді.

– ЭКО-дан туған балалар бала таппайтын көрінеді, ұрпақ өрбіте алмайды деген негатив пікір әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Яғни, негізсіз. Бізде туған балалардың алды жиырмадан енді асқандықтан әлі отбасын құрмады. Ал экстракорпоральді ұрықтандыру арқылы өмірге келген алғашқы адам Луиза Браунның үш баласы бар. Керісінше, өзіміз көріп жүрген, көз алдымызда өсіп келе жатқан балалардың барлығы дерлік білімді, алғыр. Олардың мектепте нашар оқиды дегенін естіген емеспіз. Әлбетте, барлығы әке-шешесінің тәрбиесіне де байланысты шығар. Бірақ балаға зар болып, медицинаның арқасында сәби сүйген жандар ұл-қыздарының тәрбиесіне, біліміне қатты мән беруі де мұның бір себебі. Содан кейін біз ұрықтандыру кезінде ең жақсы деген эмбриондарды таңдап саламыз ғой. Оның да маңызы бар, – дейді Бибігүл Сағындықова.

Түйін. Кейінгі статистика мәліметтеріне сүйенетін болсақ, елімізде 26 мыңнан астам әйел және 4 мыңнан астам ер адам «бедеулік» диагнозымен тіркелген. Яғни, әр алтыншы отбасы сәбилі бола алмай отыр. Өкініштісі, көп отбасының да ажырасуына осы себеп. Бедеулік – тек әйел затының ғана денсаулығына байланысты дүние еместігін ескергеніміз жөн. Сол үшін көптеген денсаулық саласының маманы үйленер алдында толықтай медициналық тексерістен өтуді ұсынады. Демографиямыз бен әлеуметтік әлеуетіміз нығайсын десек, мәселені түп тамырынан тарқатқанымыз жөн.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!