Күнделікті өмірде біз байқамайтын, бірақ санамызды сан құбылтатын жасырын соғыстың ортасында жүреміз. Бұл ғылыми тілде «психологиялық манипуляция» деп аталады. Қарапайым тілмен түсіндірсек, бір адамның екінші адамды өз мақсатына пайдалану үшін сезім мен ойына жасырын әсер етуі. Мұндай қарым-қатынаста құрбан өзінің еркімен әрекет етіп жатырмын деп ойлайды, бірақ іс жүзінде манипулятордың құрған жоспары мен сценарийі орындалады. Бүгін қоғамдағы манипуляция түрлері мен олардың қауіпті тактикаларын және бұл тұзақтан қалай шығуға болатынын талқылаймыз.

Манипулятордың құпия қаруы

Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, манипуляция әрқашан ашық агрессиядан бастала бермейді. Ол көбіне «жақындық» пен «қамқорлықтың» астына жасырынады. Мәселен, Газлайтинг әдісін алайық. Бұл тактикада манипулятор құрбанның есте сақтау қабілетіне немесе шындықты қабылдауына күмән тудырады. Манипулятор «Ондай ештеңе болған жоқ, сен бәрін ойдан шығарып тұрсың» деген сөздермен адамды өз парасатына күмандандыра бастайды. Көп жағдайда адам өзін кінәлі сезінген тұсты манипуляторлар қалт жібермейді. Өзін іштей «жеп тұрған» жанды басқару сенімді адамға қарағанда оңай болатыны рас. Мысалы, мына сценарий қоғамда жиі кездеседі. «Сен мені мүлдем ойламайсың, өз қамыңды күйттеп кеттің. Мен ауырып қалсам, жалғыз қаламын ғой» деген үлкендер тарапынан айтылатын сөздер баланың өз қалауынан бас тартуына қысым жасайды.

– Бұл сөйлем – қоғамда өте жиі кездесетін, әрі екі түрлі мағына беруі мүмкін жағдай. Бір жағынан ата-ананың шынайы ренішін білдіруі мүмкін, екінші жағынан – балаға қысым жасау құралына айналатын манипуляция болуы ықтимал. Егер ата-ана бұл сөзді эмоциясын жеткізу үшін, ішкі күйзелісін, күтім мен үміттің ақталмағанын білдіру үшін айтса – бұл шынайы реніш. Мұндай жағдайда ата-ана «мен шаршадым», «маған қиын болды», «маған көңіл бөлсең екен» деген қажеттілігін дұрыс жеткізе алмай, оны кінә формасында шығарады. Ал егер бұл сөз баланы міндеттеу, қарыз сезімін ояту, шешіміне әсер ету үшін қолданылса – бұл манипуляция. Маңыздысы – сөздің өзі емес, мақсаты мен қайталануы: бір реттік, ашық эмоциямен айтылса – реніш. Жиі қайталанып, қысым ретінде қолданылса – манипуляция. Сондықтан мұндай жағдайда бала да, ата-ана да ашық әрі сау коммуникацияны үйрену керек, – дейді психолог Н.Аймаханова.

Қоғамда мақтауды сүймейтін жан кемде-кем. Мақтаусүйгіш адам манипулятордың ығына жығылып жүргенін сезе қояды деп айту да қиын. Бұл әсіресе жұмыс орнындағы әріптестер арасында жиі қолданылады. «Сен бұл есепті менен әлдеқайда тез әрі жақсы жасайсың ғой. Сенің қолыңнан бәрі келеді! Осы жолы да көмектесіп жіберші» деген тәтті мақтаулар кімнің де болсын буынына түсері анық. Осылайша ылдым-жылдымы білінбейтін манипулятор өз міндетін әп-сәтте өзгеге арта алады. Осы орайда психолог Назира Аймахановадан манипуляцияны алғашқы секундтарда танып білудің ғылыми әдістері жайлы сұрадық.

– Қазіргі адамдар арасындағы қарым-қатынаста ашық ықпалдан гөрі жасырын әсер ету, яғни манипуляция жиі кездеседі. Көп жағдайда адам манипуляцияға түсіп қалғанын кеш байқайды. Алайда психология ғылымында оны алғашқы секундтарда-ақ аңғаруға көмектесетін нақты белгілер бар.

Ең бірінші белгі – эмоцияға әсер ету. Манипулятор сіздің логикалық ойлауыңызды айналып өтіп, бірден сезіміңізді қозғауға тырысады. Мысалы, сізде кінә сезімін оятады, қорқытады немесе асықтырады. Мұндай сәтте адам ойланбай, тез шешім қабылдауға бейім келеді. Ғылыми тұрғыдан бұл – эмоция күшейгенде мидың логикаға жауап беретін бөлігі уақытша әлсіреуімен түсіндіріледі.

Екінші белгі – қысым жасау. Егер сізге «қазір шеш», «уақыт жоқ», «тез жауап бер» деген сияқты сөздер айтылса, бұл – еркін таңдауды шектеу әрекеті. Психологияда бұл әдіс адамның ойлануына мүмкіндік бермей, қажетті шешімге итермелеу тәсілі ретінде қарастырылады.

Үшінші белгі – жалған таңдау ұсыну. Сізге таңдау берілгендей көрінеді, бірақ шын мәнінде екі нұсқа да манипуляторға тиімді болады. Мысалы, «қазір істейсің бе, әлде кешке істейсің бе? деген сұрақта «мүлде істемеу» нұсқасы жоқ.

Манипуляцияны танудың ең қарапайым жолы өзіңізге мына үш сұрақ қою керек: «Мен қазір эмоциямен шешім қабылдап тұрмын ба? Маған қысым жасалып тұр ма? Менде шынайы таңдау бар ма?». Егер осы сұрақтардың біреуіне «иә» деп жауап берсеңіз, онда бұл жағдай манипуляция болуы әбден мүмкін, – дейді кәсіби маман.

Қамқорлық па, қысым ба?

Бір қызығы, манипуляторлар кез келген адамға тиісе бермейді. Олар өздеріне ыңғайлы, тез илігетін, көнбіс адамдарды психологиялық тұрғыдан дөп басады. Зерттеулер бойынша олардың нысанасына көбіне бәріне ұнағысы келетін, ешкімді ренжіткісі келмейтін «Жақсы бала» синдромы бар жандар, өзгенің өтінішіне «жоқ» деп айта алмайтын, өз уақыты мен еңбегін бағаламайтын жеке шекарасы жоқтар ілігеді. Сондай-ақ өзгенің мұңын тым қатты уайымдап, өз мүддесін екінші орынға қоятын эмпатиясы тым жоғары адамдар, өзгелердің пікіріне тәуелді, өзіне сенімсіздер де манипулятордың қақпанына өзі келіп түседі. Манипуляция мұндай адамдардың қалыпты тірлігін бұзып қана қоймай, денсаулығына да кері әсерін тигізеді.

– Психологиялық манипуляция адамның жүйке жүйесіне де, психикалық саулығына да айтарлықтай әсер етеді. Ұзақ уақыт қысым мен бақылауда болған адам тұрақты күйзеліс жағдайында өмір сүріп, оның ағзасында стресс гормондарының деңгейі жоғары болады. Соның салдарынан мазасыздық күшейіп, ұйқы бұзылады, тез шаршағыштық, ашушаңдық, зейіннің төмендеуі және шешім қабылдаудағы қиындықтар пайда болуы мүмкін.

Манипуляцияға ұшыраған адам уақыт өте келе өзіне деген сенімін жоғалтып, өз сезімдері мен ойларына күмәндана бастайды. Кінә сезімі, қорқыныш, эмоционалдық тәуелділік қалыптасып, адамның өзіндік бағасы төмендейді. Кейбір жағдайларда бұл депрессиялық белгілерге, созылмалы мазасыздыққа немесе эмоционалдық қажуға әкелуі мүмкін.

Менің тәжірибемде осындай себептермен психологиялық көмекке жүгінген адамдар болды. Мұндай жағдайларда психологиялық көмектің негізгі мақсаты – адамның жеке шекарасын қалыптастыруға, өзін қорғау дағдыларын дамытуға, эмоционалдық тұрақтылығын күшейтуге және өзіне деген сенімін қалпына келтіруге көмектесу. Психологиялық қолдау уақытында көрсетілсе, адамның психоэмоционалдық жағдайын жақсартып, өмір сапасын қалпына келтіруге мүмкіндік бар, – дейді психолог Индира Каниева.

Манипуляция – сананы емес, сенімді өзгертетін жасырын күш. Оны тани білу – еркіндігің мен жеке құқығыңды қорғаудың басты шарты. Манипуляторға қарсы тұру – өзгені жеңумен емес, өз санаңды сақтай білумен сипатталады. Сондықтан жаныңыздағы адамның жасырын эмоциясына абай болған абзал.

Г.ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!