Алматыда демалыс орталықтарының тәрбиеленушілері мен спортшы жастары арасында жыл сайынғы «RÝH – MARAFON» жалпықалалық спартакиадасы басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алматы қаласы жастар саясаты басқармасының мәліметінше, спартакиада 500-800 метрлік жарыс, мини-футбол, үстел теннисі, стритбол және боулинг турнирі сияқты 5 спорт түрінен өтеді.

Спартакиада ойындарына 2000-нан астам жас спортшы қатысады. Спартакиада 27 маусымға дейін жалғасады.

Қатысушылар мен жеңімпаздарды марапаттау жарыстың қорытындысы бойынша өтеді.

Сондай-ақ биылғы спартакиада жастар арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында өткізілуде. Спорт мерекесі Алматы қаласының жастар саясаты басқармасы мен қалалық полиция департаментінің бастамасымен өтеді.

Мен сіздерді «RÝH – MARAFON» спартакиадасының ашылуында көргеніме қуаныштымын. Бүгінгі күні есірткіні қолдану өзекті мәселе болып табылады және онымен күресуіміз қажет. Бұл денсаулықты, адамдардың тағдырын бұзатын, қаладағы және жалпы елдегі жағдайға теріс әсер ететін қорқынышты құбылыс. Осыған орай Президенттің тапсырмасымен нашақорлықтың алдын алу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жастар, сіздер біздің болашағымызсыздар. Сіздер «Дені саудың-жаны сау» деген сөзді жақсы түсініп, спортпен шұғылдануды назардан тыс қалдырмауға тиіссіздер, – деді ҚР Ұлттық ұлан және Ішкі істер министрлігінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал – майоры Сағынжан Асыл – Кеней.

Еске салайық, Алматыда 100 демалыс орталығы жұмыс істейді. Олардың мақсаты қала жастарының бос уақытын тиімді өткізуге бағытталған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!