13 мамырда Алматы қаласында күллі қазаққа есімі танымал,  белгілі комментатор, спорт журналисті Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир өтті.

Қаламгерлер бас қосқан аладоп бәсекесінде Сыр өңірінің БАҚ өкілдерінен құралған «Ақмешіт-Қызылорда» футбол командасы топ жарып, чемпион атанды. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында әріптестеріміз арнайы брифинг беріп, республикалық турнирдегі қызықты сәттерді бізбен бөлісті.

«Қазақ спортының майталманы, барша спорт сүйер қауымға белгілі  комментатор, журналист Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған БАҚ өкілдері арасындағы республикалық жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Біздің қызылордалық команда бұл жарысқа үлкен дайындықпен барды. Алғашқы жылғы ойында сәтсіздік орын алып, жеңіліске ұшырасақ та намысты қолдан бермей биыл аладоп бәйгесіне тыңғылықты дайындалдық. Осы еңбегіміздің арқасында жігіттер жұдырықтай жұмылып, алаңның әр бұрышында кескілескен ойын болды. Біздің командаға үлкен қолдау көрсеткен және жеңіске жетуімізге себепкер болған облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев пен барша Сыр халқына алғысымыз ерекше», – деді «Ақмешіт-Қызылорда» құрама командасының жетекшісі Әділбек Жақанов. 

Одан әрі ойын барысы туралы «Ақмешіт-Қызылорда» командасының мүшесі Асқар Тәжиев баяндап берді. 

«Бұл республикалық турнирдің басты ерекшелігі – жасы 30 жастан жоғары журналистер арасында ұйымдастырылды. Сонымен қатар ойын шарты бойынша міндетті түрде командадағы бір ойыншы 40 жастан жоғары болуы керек-ті. Біздің командада 42 жастағы Ержан Батыршаев пен 52 жастағы «Qyzylorda» телеарнасының телеоператоры Бауыржан Қожамұратов алаңда бір-бірімен алмасып тұрды. Жалпы бұл турнирге 16 команда қатысты. Біздің команда төрт топта өнер көрсетті. Одан кейін «Қаракет-Жетісу», «Спорт журналистері», «Қазгеди» командаларымен негізгі уақытта теңесіп, пенальти барысында жолымыз болды. Осы 3 пенальтиден кейін финалда жеңіске жеттік. Турнирде команда мүшелері жарақат алса да берілмей, тартысты ойын көрсеттік», – деді Асқар Сәрсенұлы.

Өз кезегінде «Ақмешіт-Қызылорда» командасының мүшесі, «Хабар» телеарнасының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Нұрлан Жақыпбек команда тарихына тоқталып өтті.

«Жалпы сырбойылық журналистердің басын біріктірген «Ақмешіт-Қызылорда» футбол командасы 10 жылға жуық бір алаңда салауатты өмір салтын насихаттап келеді. Команда құрылғанда ең алғашқы турнирлерде үздіктер қатарынан көрініп жүрдік. Әр жыл сайын республикалық футбол ойындарына қатысуды үрдіске айналдырдық. Біздің команда Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнирдің жүлдесін иеленді. Одан бөлек, бірнеше турнирлерде күміс, қола жүлделерді қанжығаға байлады. Мінекей, екінші мәрте ұйымдастырылған Амангелді Сейітхановты еске алуға арналған республикалық футбол бәсекесінде біздің команда чемпион атанды. Мұнымен біздің команда мүшелері осал еместігін тағы бір дәлелдеді, – деді Нұрлан Жанақұлұлы.

Республикалық турнирде 40 жастан асқан ойыншы ретінде «Ақмешіт-Қызылорда» құрама командасында бой көрсеткен Ержан Батыршаев аладоп алаңында керемет ойын үлгісін көрсетті.

«Расында, еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған БАҚ өкілдері арасындағы футбол бәсекесі тартысты өтті. Турнир барысында бір-бірімізді демеп, жеңіске жетудің жолын ақылдасып жүрдік. Дайындық барысы үзілмей, жауапкершілікті сезінген жігіттеріміз бұл ойында сәтті жеңіске жетті. Қолдаған баршаларыңызға алғыс айтамыз», – деді Ержан Оразбекұлы. 

Ерекше айта кетін жәйт, «Ақмешіт-Қызылорда» сапында чемпиондық атаққа қол созған Әділбек Жақанов турнирдің «Үздік ойыншы» атағына ие болды.

P.S Биыл Сыр өңірінде журналистер арасында республикалық турнир өтеді деп жоспарлануда.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!