Smartnews.kz. Қазақстандық жас футболшы Дастан Сәтпаевтың трансферлік нарықтағы бағасы тағы да өсті. Енді оның құны 3,5 миллион еуроға бағаланып отыр.
Transfermarkt порталы Қазақстан Премьер-лигасында өнер көрсететін 345 футболшының нарықтық құнын жаңартты. Сарапшылардың айтуынша, биылғы жаздағы басты үрдіс – қазақстандық жас ойыншылардың бағасының күрт өсуі.
Мамандар мұны өткен маусымдағы «Қайраттың» еурокубоктардағы сәтті өнерімен және Дастан Сәтпаевтың Лондонның «Челси» клубына ауысуымен байланыстырады.
Ел футболының ең жарқын таланттарының бірі саналатын Сәтпаевтың трансферлік құны соңғы жаңартудан кейін тағы 500 мың еуроға өсіп, 3,5 миллион еуроға жетті.
Шабуылшы 18 жасқа толғаннан кейін, тамыз айында ресми түрде «Челсидің» толыққанды ойыншысы атанады. Оған дейін ол Қазақстан чемпионатында өз деңгейін дәлелдеп, Еуропаның үздік лигаларының біріндегі дебютіне дайындалып жүр.
Сәтпаев Қазақстан чемпионатындағы соңғы ойынын да өткізіп үлгерді. 17 маусымда Алматыда өткен кейінге шегерілген 17-тур матчында «Қайрат» петропавлдық «Қызылжарды» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Англияға аттанар алдындағы қоштасу кездесуінде жас шабуылшы 59 және 87-минуттарда екі гол соғып, жанкүйерлеріне жарқын сый жасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!