Фото: kaz.inform.kz
Атырауда 8-сыныпта оқитын қыз ұлдар командасының қақпасын қорғап жүр. Бұл туралы KAZINFORM ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл өңірде футболдан қыздар командасы құрылмаған. Бірақ «RealSportAcademy» ұлдар командасының қақпасын қорғайтын қақпашы қыз бар. Аты-жөні – Дильназ Барсаева.
Ол бес жасынан футболға қызып, ұлдармен бірге доп ойнай бастаған. Төрт жыл бұрын «RealSportAcademy» футбол клубының құрамына алынған.
«Қыздардың қызығушылығы өзгеше болады ғой. Менің аңсарым футболға ауды. Мақсатым – бұқаралық спортты, оның ішінде футболдың қыздарға жат емесін дәлелдеу. Әрине, жетістікке жетуді көздеп жүрмін. Бұл ойыма әкем-шешем қолдау білдірді», – дейді Дильназ Барсаева.
Қақпашы болу оңай емес. Өйткені, команданың жеңісі де, жетістігі де соның шеберлігіне де байланысты болады. Соны санасына сіңірген Дильназ қақпаны қорғаудың қыр-сырын үйреніп жүргенін айтады.
«Жаттығу кезінде допты ұстау техникасына мән беремін. Тіпті қақпаға тебілген доптың траекториясын білу керек. Құлауды үйреніп алдым. Ең бастысы, жылдамдық пен қырағылық танытуда қателеспеген жөн», – дейді қақпашы қыз.
Қазір қақпашы қыз Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сыныбында оқиды. Химия мен информатика пәндерін ұнатады. Бірақ болашағын футболмен байланыстырғысы келеді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!