Бүгін Темірбек Жүргенов атындағы «Шығармашылық үйінде» қаламы өткір, сөзі салмақты бір топ сырбойылық журналист Қазақстан Журналистер одағына мүшелікке қабылданды. Дәстүрлі кездесуде журналистиканың дамуына үлес қосып жүрген қаламгерлер мен ақпарат саласының өкілдері құрметке ие болды.
Салтанатты жиынды Қазақстан Журналистер одағының төрағасы Қуат Шарабидинов ашып, кәсіби мереке қарсаңында қатарға қабылданған жаңа мүшелерді құттықтады. Ол журналистикадағы тәжірибе мен жас буынның сабақтастығының маңызын атап өтіп, әрбір жас маманның кәсіби жауапкершілігі қоғам алдындағы сеніммен өлшенетінін жеткізді.

Жиын барысында одақтың ең жоғары марапатының бірі саналатын «Алтын медальдің» тағайындалу тарихына да тоқталды. Екі жыл бұрын бекітілген бұл марапат азаматтық ұстанымы берік, қоғам игілігі жолында ерен еңбек еткен тұлғаларға табысталып келеді.
Биыл «Алтын медаль» Қызылорда қаласы Төтенше жағдайлар басқармасына қарасты №4 өрт сөндіру бөлімінің басшысы Фархад Тажиевке берілді. ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері атанған Фархад Миранбекұлы 2004 жылы Тасбөгет кентіндегі өрт кезінде бір ересек адам мен үш жасөспірімді ажалдан арашалап қалып, батыл әрекетімен көпшілік құрметіне бөленген.

Салтанатты рәсімде Қазақстан Журналистер одағының «Құрмет грамотасы» ардагер журналист Төлепберген Бектұрғанұлына, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің баспасөз хатшысы Қамбар Бекеновке және «Халық» газетінің бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы, Kiltmedia.kz ақпараттық сайтының тілшісі Рыскелді Жахманға табысталды.
Қалам ұстап, қасиетті мамандықтың бел ортасында жүрген әріптестеріміз Айнұр Назарова, Айсұлу Ажанханқызы, Төребек Төремұратұлы, Назым Жылқайдарқызы, Гүлдана Нұртайқызы, Перизат Захрадинге куәлік пен төсбелгі табысталды. Сонымен қатар басылым беттерінде салмақты мақалалары тұрақты жарық көретін, түрлі тақырыпта қалам тербеп жүрген авторлар Жібек Орынбайқызы, Үмбеталы Абибуллаев, Жанар Қазиқызы, Сәкен Ізбасарұлы, Қымбатгүл Молыбекқызы, Айнұр Мейрамбайқызы, филормонияның баспасөз хатшысы Құралай Владимирқызы мен өңірлік коммуникациялар қызметінің маманы Малика Бақытжанқызы да қатарға қосылды.

Ақпарат кеңістігінің сапасын арттыру жолында еңбек етіп жүрген мамандардарға көрсетілген құрмет олардың шығармашылық ізденісіне тың серпін берері сөзсіз.
«АЖ-ақпарат»
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!