Адырна. Мексикада 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті. Биылғы дода тарихта алғаш рет үш мемлекет – АҚШ, Канада және Мексиканың аумағында ұйымдастырылып отыр. Турнирге әлемнің 48 құрамасы қатысып, бұл көрсеткіш әлем чемпионаттары тарихындағы рекорд болып саналады.

Ашылу рәсімі Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтті. Салтанатты шарада әлемдік музыка жұлдыздары өнер көрсетіп, көрермендерге әсерлі шоу ұсынды. Олардың қатарында колумбиялық әнші Шакира, рэпер Джей Бальвин және нигериялық орындаушы Burna Boy болды. Сонымен қатар, турнирдің ресми әнұраны орындалып, әлем чемпионатының басталғаны жарияланды.

Чемпионаттың алғашқы матчында алаң иесі Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасының командасымен кездесіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша, мексикалық футболшылар жарысты сәтті бастап, топтық кезеңдегі алғашқы үш ұпайын еншіледі.

2026 жылғы әлем чемпионаты бұрын-соңды болмаған ауқымымен ерекшеленеді. Турнир барысында 16 қалада 104 матч өткізу жоспарланған. Финалдық кездесу 19 шілдеде АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы MetLife стадионында өтеді.

Биылғы чемпионатқа әлемнің түкпір-түкпірінен келген 48 құрама қатысуда. Олардың қатарында Азия құрлығының өкілдері – Иран мен Өзбекстан құрамалары да бар. Өзбекстан ұлттық құрамасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама алып, тарихи жетістікке қол жеткізді. Сонымен қатар, Иран құрамасы да кезекті рет әлемдік додаға қатысып, құрлықтағы үздік командалардың бірі екенін дәлелдеді.

Қатысушылар санының 32-ден 48-ге дейін ұлғаюының арқасында Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде және Кюрасао құрамалары алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңінде өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.

Турнирге дайындық барысында бірқатар мәселелер де туындады. Жоғары билет бағалары мен қонақүй қызметтерінің қымбаттауы жанкүйерлер тарапынан сынға ұшырады. Сонымен қатар, Мехикода өткен наразылық акциялары қауіпсіздік шараларын күшейтуге себеп болды.

Соған қарамастан, әлемдегі ең беделді футбол турнирі өз жұмысын бастап кетті. Алдағы бір айдан астам уақыт ішінде жанкүйерлер әлемнің үздік құрамалары арасындағы тартысты матчтарды тамашалап, жаңа чемпионның анықталуына куә болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!