Қамшыбек ҚОҢҚАБАЕВ, боксшы:

Кәсіпқой бокс – олимпиданы бағындыру үшін маңызды қадам

18 желтоқсанда жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаев кәсіпқой бокстағы екінші жекпе-жегін өткізеді. Токио Олимпиадасына дайындығы ерекше оғлан шеберлігін кәсіпқой бокста шыңдай түсуде. Жекпе-жек алдында Қамшыбекпен байланысып, оқырман көкейіндегі сауалдарға жауап алған едік.

– Қамшыбек, жақында бокстан ел біріншілігі аяқталды. Өзіңізді биіктен көргенімізге қуаныштымыз. Жалпы құрама мүшелері қатысқан чемпионат қаншалықты тартысты өтті?

– Рақмет. Ең алдымен биылғы жылдың жайсыз болғаны, барлық спортшыға ауыр тигені мәлім. Төртжылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарының кейінге қалдырылды. Шыны керек, көктемнен бастап ел спортшылары жаттығулардан да қол үзіп қалды. Шымкенттегі ел біріншілігі үстіміздегі жылдың алғашқы аламаны. Барлығы шаршы алаңды сағынған. Боксшылар ерекше құлшыныспен қатысты деуге болады. Ұлттық құрама мүшелері мықты екенін тағы бір дәлелдеді. Енді осы басымдықты сақтап, Олимпиадаға нық дайындалу керек.

– Біріншіліктен байқағанамыз, аса ауыр салмақта өзіңізге бәсекелес боксшыны байқай алмадық…

– Көрермен үшін менің қарсыластарым жеңіл болып көрінуі мүмкін. Алайда мен мұнымен келіспеймін. Елімізде талантты боксшылар өсіп келеді. Оның айғағы кешегі өткен ел біріншілігі. Менің салмағымда Алматы қаласының өкілі Дамир Тойбай, Маңғыстау облысынан Айболды Дәуренұлы, ақтық сында жұдырықтасқан түркістандық Нұрлан Сапарбайдың қабілетін жоғары бағалаймын. Аталған жігіттердің қай-қайсысы болсын ел намысын абыроймен қорғай алады.

– Биыл кәсіпқой боксқа қадам басып, жаңа тәжірибе алаңына келдіңіз. Бұл қадам Токио Олимпиадасына қаншалықты әсер етеді?

– Қазақстан әуесқой бокс федерациясы мен ұлттық құраманың бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевтың қолдауымен өзімді кәсіпқой бокста сынауға шешім қабылдадым. MTK Global компаниясы Токиода болатын Олимпиада ойындарына дейін кәсіпқой бокста бірнеше жекпе-жек өткізуіме мүмкіндік берді. Бұл шешімімнің басты мақсаты – Олимпиада ойындарына дейін тәжірибе жинақтап, кәсіпқой бокстан әуесқой боксқа керек дүниені үйреніп, Олимпиада шыңын бағындыру. «Шынықсаң шымыр боласың» демекші, өзімді барлық жағынан шыңдап жүрмін. Ұлттық құраманың капитаны болғандықтан, жауапкершіліктің жүгі ауыр болмақ. Сондықтан Олимпиаданың жеңімпазы болу үшін кәсіпқой бокс мен үшін маңызды қадам.

– 18 желтоқсанда кәсіпқой бокста екінші кездесу өткізесіз. Қарсыласты қаншалықты зерттей алдыңыз?

– Ел біріншілігі аяқталысымен жаттығуды үзбей, дайындықты бастап кеттім. Жекпе-жек 8 раундқа жоспарланған. Қарсыласым украиналық Сергей Радченко. Маған дейін Сергей кәсіпқой бокста 7 кездесу өткізсе, соның 6-ауында жеңіске жетіпті. Әрине, қарсыласты зерттемей, шаршы алаңға шығып кету қауіпті. Сол себепті тәуекелге бел бумай, қарсыласымды әлі де зерттеу үстіндемін. Сәтін салса, жеңіске жетудің жолын қарастырып, жанкүйерлерді қуантамын деген ойдамын.

– Тәуелсіздіктің төл құрдасысыз. Мереке аясында жылы лебізіңізді жеткізсеңіз…

– Еліміздің мерейлі мерекесі – Тәуелсіздіктің 29 жылдығы құтты болсын! Барша қазақстандықтарды шын жүрегіммен құттықтаймын! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Біз, жастар, тәуелсіз елімізге қызмет етеміз. Боксшылардың атынан алдағы уақытта еліміздің абыройын биік ұстап, Туымызды жоғары көтеріп, әрқашан әнұранымызды шырқатып жүре береміз деп сөз беремін. Үлкен жарыстарда тек жеңіспен ғана оралуға барымызды саламыз. Сондықтан жеңісті күндерде жолығайық!

Ерасыл ШӘРІБЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!