Қазір әлем назары мұхит асқан мундиальда. Тұңғыш рет 48 команда бас қойған бәйгенің топтық ойындары қыза түсті. Әрбір ойынды тағатсыздана күткен жанкүйерлер тартысқа толы кездесулер мен күтпеген нәтижелерге қанық болып үлгерді. Оның үстіне футбол әлемінің аңыздары Месси мен Роналдудың бұл жаһандық соңғы додасы. Сондай-ақ көрші өз ағайындардың алғашқы мундиальындағы аяқ алысына тақым қысып отырғанымыз тағы бар. Міне, осындай ерекшеліктерімен есте қалып жатқан додада бізді тағы қандай таңғажайыптар күтіп тұр?

Турнирдің қожайындары АҚШ, Мексика және Канада елдері барлығын сәтті бастады. Қазіргі уақытта қайсысы болса да, жарыс жолынан шығып қалды деп айта алмаймыз. Тіпті топтық кезеңнен әрі асатыны анық. Бізді қынжылтатыны 24 жылдан кейін мүмкіндік алған Түркия құрамасының кері қайтқаны. Топта екі ойын өткізіп, Австралия мен Парагвай құрамаларына жеңіліп, тіпті гол соға алмады. Ал қорытынды кездесу АҚШ құрамасына қарсы болмақ. Екі ойында сенімді жеңіске жеткен турнир қожайындарының оңай беріле қоюы қиын.

Бәрін қойшы, биыл мундиальдың айналасында дау-дамай да аз емес. Билет бағасының шарықтауы, АҚШ-тың көші-қон саясатына қатысты сын-пікірлер, кейбір ел жанкүйерлерінің виза алудағы қиындықтары Әлем кубогын спорттық оқиғадан бөлек қоғамдық-саяси талқылаудың да өзегіне айналдырды. Сондықтан бұл жолғы мундиаль кейінгі жылы ең көп талқыланатын турнирлердің бірі болғалы тұр.

Мундиаль басталар алдында мамандар бірнеше құраманы басты фаворит ретінде атап отыр. Солардың көш басында Франция келеді. Франция соңғы екі Әлем кубогында финалға дейін жетіп, әлем футболындағы тұрақтылығын дәлелдеді. Сондықтан Дидье Дешам шәкірттерінің тағы да фавориттер қатарында болуы заңдылық. Оның үстіне топтағы екі ойында да сенімді жеңіске жеткен олар топтан шығып та қойды. Киллиан Мбаппе бастаған шабуыл шебі кез келген қарсыластың қорғанысын бұзып-жаруда. Қазірдің өзінде 2 ойында төрт гол соғып, сұрмергендер тізімінде 2-орынға жайғасты. Комментатор Дидар Есемов Францияны басты фаворит санайды.

– Франция – Әлем кубогының басты фавориті. Құрамында Киллиан Мбаппе бар және әр позицияда мықты футболшы табылады. Бірақ мен Португалия құрамасына жанкүйер боламын. Бруну Фернандеш пен Криштиану Роналду секілді аңыздар трофей жеңуге лайық. Команданың орта шебі мықты және ойыншылардың тәжірибесі де, шеберлігі де аса жоғары деңгейде, – дейді сарапшы.

Футбол эстетикасын бағалайтын жанкүйерлердің көзі алдымен Испанияға түсетіні анық. Кейінгі жылдары «қызыл фурия» бұрынғы философиясын сақтай отырып, оған жаңа қарқын мен жаңа тыныс қоса білді. Испания Әлем кубогына Еуропаның қазіргі чемпионы ретінде келіп отыр. Луис де ла Фуэнте құраманы кейінгі жылдары мүлде жаңа деңгейге көтерді. Бір кездері шексіз пас алмасуға құрылған ойын мәнерін өзгертіп, командаға қарқын мен өткірлік сыйлады. Бүгінде испандар әдемі шабуылға негізделген футболдың үлгісін көрсетіп жүр. Сондықтан көпшілік олардан тек жақсы ойын емес, чемпиондық үшін күрес күтеді. Алғашқы кездесуді сәтсіз бастап, Кабо-Верде қақпасына гол соға алмай, 1 ұпай еншіледі. Одан соң Сауд Арабия құрамасын 4-0 есебімен ойсырата жеңді. Осылайша қазір Н тобында көш бастап тұр.

Аргентина бұл жолы бұрынғыдан өзгеше көңіл-күймен келіп отыр. Төрт жыл бұрын Қатарда жеңіске жеткеннен кейін аргентиналықтардың иығынан ауыр жүк түскендей болды. Лионель Месси көптен күткен Әлем чемпионатының кубогін көтеріп, футболдағы ең үлкен арманына қол жеткізді. Соның арқасында команда бұрынғыдай бір ойыншыға тәуелді ұжым ретінде қабылданбайды. Бұл – бас бапкер Лионель Скалонидің ең үлкен жетістігінің бірі. Аргентина қиын матчтарда шыдамдылық танытып, қарсыластың қарқынын бәсеңдетіп, қажет кезде мінез көрсете алатын командаға айналды. Олар жарқын футболмен емес, нәтижеге жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Сондықтан қазіргі құрам бұрынғыдай жұлдыздарға толы болмаса да, чемпиондыққа таласатын негізгі үміткерлердің қатарында.

Әлем жұлдызы Мессиді 39 жасында сұрмергендер көшін бастап, 2 ойында 5 гол соқты. Яғни, қарсыластар қақпасына соғылған голдың барлығын осы 8 алтын доп иегерінің еншісінде. Таңдануға тұрарлық па?

Бұл мундиаль Португалия үшін тарихи мүмкіндік болуы мүмкін. Өйткені құраманың алтын буыны әлі сапта, ал Криштиану Роналду үшін Әлем кубогіндегі соңғы жорығы. Әлем жұрты Португалия алтын жүлдеге қол жеткізетініне сенеді. Олар үшін басты интрига – Криштиану Роналдудың тағдыры. Топтағы алғашқы кездесуін тең бастаған құрама, екінші ойында өз ағайындарды ойсырата жеңді. 5 гол соғып, Роналду дубль авторы атанды.

Өз ағайындар деп қалдық… Қазір команданың тізгінін италиялық футбол аңызы, 2006 жылғы әлем чемпионы Фабио Каннаваро қолға алды. Әлем кубогын жеңген капитанның тәжірибесі мен талапшылдығы Өзбекстан құрамасының мүмкіндігін одан әрі арттыра түсіп, алғашқы рет әлем біріншілігіне алып шықты. Бірақ қазіргі жағдай мәз емес. Енді қандас бауырларға тереңірек тоқталайық.

Өзбекстан ойыншыларына бұған дейін де әлем чемпионатына шығуға талай мүмкіндік болды. Алайда шешуші кездесулерде жолы болмай, бірнеше мәрте жеңіліске ұшырады. Жанкүйерлер де, футболшылар да соған қарамастан, басты мақсаттан бас тартқан жоқ. Ақыры көптен күткен сәт те туды.

Әлем чемпионатына жолдама алу – тек ұлттық құраманың емес, өзбек футболының жеңісі. Кейінгі жылдары елде футболды дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Өзбекстанның жастар және жасөспірімдер құрамалары халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, азиялық футболдағы өзіндік орнын қалыптастыра бастады. Қазір сол буыннан шыққан талантты ойыншылар ұлттық құраманың негізгі күшіне айналды.

Әлем чемпионатында тәжірибелі құрамалармен бәсекелесу оңай болмағанымен, өзбек футболшылары топтық кезеңнен шығуға қауқарлы екенін бірнеше рет дәлелдеді. Десек те 4 жылда бір келетін додадағы топтық 2 ойын сәтсіз болды. Осылайша жарысты ерте аяқтауға тура келді. Конго ДР-мен бір ойын бар әрине, бірақ ол ойын ешнәрсе шешпейді. Өзбек құрамасы мен Колумбия ойыны жақындағанда, Есей Жеңісұлы пікір білдірген.

– Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатындағы мүмкіндігін аса жоғары бағалау қиын. Команда топтық кезеңде Колумбия және Португалия секілді өте мықты қарсыластармен кездеседі. Топта үшінші орын алып, келесі кезеңге шығып кетудің өзі үлкен сенсация болар еді. Колумбиямен таласып, екінші орынға көтеріледі деп айту қиын, дегенмен үшінші орынға ие болуға мүмкіндігі бар, – деп еді спорт комментаторы.

Е.Жеңісұлының болжамы да шындыққа жанасып, Өзбекстан Колумбиямен кездесу нәтижесінде 1:3 есебімен жеңілді. Мексиканың Мехико қаласындағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен матчта колумбиялықтар ойын тізгінін өз қолына алды. Өзбекстан құрамасы қорғанысқа басымдық беріп, барынша қарсы шабуылға сенім артты. Ұзақ уақыт қарсыластың шабуылдарына төтеп беріп, алайда алғашқы таймның 40-минутында есеп ашқан голға тосқауыл қоя алмады. Луис Диастың әсем пасынан кейін Даниэль Муньос мергендігімен көзге түсті. Екінші таймда Өзбекстан құрамасы батыл ойнап, шабуылын жиілетті. Осы белсенділік көптен күткен нәтиже сыйлап, 60-минутта Аббосбек Файзуллаев тарихи голын соқты. Шебер жартылай қорғаушы, осылайша, әлем чемпионатында Өзбекстан атынан алғашқы гол салған ойыншы атанды.

Өкініштісі, қуаныш ұзаққа созылған жоқ. Араға бес минут салып колумбиялық Луис Диас есепті қайтадан командасының пайдасына шешті. Матчтың соңына қарай өзбек футболшылары таразы басын теңестіруге ұмтылғанымен, қосымша уақытта Джаминтон Кампас үшінші голды соғып, кездесудің нүктесін қойды. Мұнан соң Португалия құрамасына қарсы ойнап, 5-0 есебімен жеңіліс тапты.

Өз ағайындардың жағдайы мәз емес. Дегенмен осыншама жерге келіп, әлемнің алпауыт елдерімен күш сынасу олар үшін үлкен жетістік болды. Әрбір елдің арманы – ұлттық құрамасы Әлем чемпионатында ойнау. Ал осындай арманның орындалатынына сендірген Өзбекстан құрамасының жігіттері. Бұл жетістік олардан кейінгі буынға да мотивация беріп, мақсат қоюға жетелейді.

Осы апта топтық ойындар тәмамдалады. Содан соң мықтылардың айқасы плей-офф кездесулерін тамашалаймыз. Мен үшін Нидерланды құрамасы немесе Англия аяқдопшылары финалдық бәсекеде бақ сынайтын тәрізді. Сіз не айтасыз?

Нұр БАҚЫТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!