Бүгін «Қайсар» футбол клубы оқу-жаттығу жиынын өткізуге Түркияға кетті. Сырдың бас командасы қара теңіздің етегінде үшінші наурызға дейін болады.
Сұлтан Әбілдаевтан тәлім алатын команда осыған дейін екі рет облыста жаттығу жиынын өткізді. Жергілікті футболшылардың шеберлігін байқап көрді. Көзге түскен 12 аяқдопшыны бас бапкер Анталиядағы жиынға шақырған.
«Өздеріңізге белгілі, команданы Сұлтан Әбілдаев жаттықтырады. Оған Ерлан Шойтымов пен Қанат Шерімбетов көмектеседі. Өткен маусымда өнер көрсеткен ойыншылардың 80 пайызы командадан кетті. Легионерлерге қатысты мәселе жақын күндері шешімін табады. Түркияда жаңа ойыншыларды сынақтан өткіземіз. Негізгі басымдықты жергілікті ойыншыларға береміз. Негізгі мақсат алдағы бес жылдықта танымал ойыншылар шығару», – деді «Қайсар» ФК директоры Серік Досманбетов.
Бізде талантты жастар жетерлік. Көпшілігіне мүмкіндік береміз. Оған қоса бірнеше шетелдік футболшылармен сөйлесіп отырмыз. Олардың мүмкіндігін жаттығу барысында тексереміз. Команданың намысын абыроймен қорғайтын, ең қажет деген ойыншыларды алатын боламыз, – деді команданың бас бапкері Сұлтан Әбілдаев.
«Қайсар» командасы Анталияда 5 жолдастық кездесу өткізеді. Ал ел біріншілігі 12-ші наурызда басталады.
Үшінші оқу-жаттығу жиынына мына ойыншылар шақырту алды. Қақпашылар: Марсель Исламқұлов, Нұрымжан Салайдын;
Қорғаушылар: Елжас Сарбай, Олжас Алтаев, Иван Граф, Ілияс Әмірсеитов, Абылайхан Төлегенов;
Жартылай қорғаушылар: Данияр Әлімжан, Бекзат Құрманбекұлы, Аян Құлмағанбетов Думан Нәрзілдаев; Шабуылшылар: Шоқан Абзалов, Өркен Махан.
Айта кетейік, команданың шабуылшысы Елжас Алтынбеков аздаған жарақатына байланысты қасқырлардың оқу-жаттығу жиынына кейінірек қосылатын болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!