Елжас АЛТЫНБЕКОВ, футболшы:
Дала қасқырлары жаңа маусымда жергілікті футболшыларға иек артады. Бұл – қызылордалық аяқдопшылар үшін зор мүмкіндік. Бүгінде «Қайсар» екінші оқу-жаттығу жұмысына кірісуге дайын. Дайындық алдында команданың шабуылшысы Елжас Алтынбековпен әңгімелестік.
– Елжас, өткен маусым оңайға соқпады. Пандемия салдарынан премьер-лига желтоқсан айына дейін созылып, суық ауада доп тебуге мәжбүр болдық. Жалпы чемпионат жайлы аз-кем тоқталсаң…
– Әрине, өткен маусымды қиын болады деп ешкім күтпеді. Барлығы ойдағыдай басталғанмен 5 ай біріншілік үзіліп қалды. Соның салдарынан көп футболшы формасын жоғалтып алды. Оның арасында өзім де бармын. Тамыз айында жалғасқан соң ойындардың кестесі тығыз болды. Бір аптада 3 ойын өткізген сәттерді көрдік. Бұл футболшылар үшін ауыр болды.
– Өткен маусым сіз үшін сәтті болды деп айта алмаймыз…
– Иә, көп жағдайда қосалқы құрамда қалдым. Оның түрлі себептері бар. Жалпы командада әр позицияда бәсеке жоғары болды. Жаттығу барысында жарақат алып, біршама ойындардан тыс қалдым. Бар-жоғы 4 кездесуге шығып, бір мәрте көзге түстім. Бұл – шабуылшы үшін жақсы нәтиже деп айтуға келмейді. Алдағы маусымда көрсеткішті ұлғайтып, гол соғуға жұмыс істеймін.
– Командаға жергілікті жаттықтырушы Сұлтан Әбілдаевтың қайта оралғаны көпшілікті қуантты. Ойыншылар жаңа бапкерді қалай қабылдады?
– Команда Сұлтан Тоқатайұлы тағайындалғанына қуанды. Өңір футболын дамытуда зор еңбек еткен жаттықтырушы. 2016 жылы қол астында жаттығып, бірінші лигада бақ сынадық. Сұлтан бапкердың арқасында жеңімпаз болып, премьер-лигаға жолдама алдық. Білікті бапкер. Жаңа бапкермен ел клубтары арасында алғаш болып дайындықты бастадық. Жергілікті футболшыларға көңіл бөлуді қалайды. Бұл біз үшін жақсы жаңалық.
– БАҚ беттерінде өзіңді «Жетісу» мен «Атырауға» ауысады деген ақпар тарады. Бұл ақпарат қаншалықты рас?
– Қазір елде трансфер терезесі ашылып, командалар өздеріне қажетті ойыншыларды іріктеуде. Премьер-лигадағы 2-3 командадан ұсыныстар түсті. Бірақ әлі де нақтыланған жоқ. Сондықтан мына командаға ауысам деп айта алмаймын. Әзірге «Қайсардамын.» Өзімді түлеткен командада барлығы оңтайлы болса, аймақтың намысын қорғауға дайынмын.
Ерасыл ШӘРІБЕК