Қазақстандық жас ауыр атлеттер Өзбекстанда өткен халықаралық жарыста бірнеше рекорд орнатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Қазақстан ауыр атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

17 жасқа дейінгі ұлдар мен қыздар арасындағы Орталық Азия елдерінің ашық чемпионатында қазақстандық зілтеміршілер бірнеше рекорд орнатты. Қазақстандық спортшы Ксения Прозорова (55 кг) үш алтын медаль жеңіп алды. Ол жұлқа көтеруде 81 кг, серпе көтеруде 102 кг бағындырды. Ал қоссайыс қорытындысы бойынша 183 кг көтеріп, рекорд орнатты. Ол өткен жасөспірімдер Олимпиадасында қоссайыс бойынша 177 келі көтеріп, алтын медаль иегері атанған еді.

Айғаным Жанболат та (71 кг) үш алтын медаль иеленді. Ол жұлқа көтеруде 92 кг, серпе көтеруде 114 кг салмақты еңсерді. Осылайша, қоссайыс қорытындысы бойынша 206 кг бағындырып, рекорд жасады.

Нұржан Жұмабай (73 кг) ұлттық құраманың қоржынына екі алтын жүлде салды. Спортшы жұлқа көтеруде 125 кг және серпе көтеруде 151 кг бағындырып, рекорд орнатты. Мақсат Төленді (49 кг) екі қола медаль жеңіп алды. Ол жұлқа көтеруде 65 кг, серпе көтеруде 81 кг бағындырды.

Айта кетейік, жарысқа Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Түркия және Өзбекстан спортшылары қатысты. Жас қазақстандық ауыр атлеттер 8 алтын және 2 қола медаль жеңіп алды. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!