Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығына орай судьялар мен сот қызметкерлері арасында спарактиада болып өтті. Үшінші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спартакиадада шағын футбол, волейбол, гир көтеу, қол күресі, арқан тарту, үстел теннисі және командалық эстафета ойындарынан жүлделер сарапқа салынды.

Шараны ардагер судья Әнуарбеков Амангелді, Қызылорда облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Бекжанов Жанат Сақыбайұлы және Қазақстан Республикасы Сот әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Сүлеймен Сағатбек Болатбекұлы ашып, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сот ардагері А.Әнуарбеков ұжымды мерейлі мерекемен құттықтап, облыстық соттың спорттық сайыста жеткен жетістіктеріне тоқталып, естеліктерімен бөлісті.

Ж.Бекжанов қай сала болмасын, бұқаралық спортты дамыту баршамыздың ортақ міндетіміз, сондықтан салауатты өмір салтын берік ұстану – біздің басты қағидамыз екенін айтса, С.Сүлеймен осындай спорттық сайыстар негізінде шыңдалған біздің спортшылар түрлі спорттық бәсекелерде командалық және жекелей сында жеңіс тұғырынан көрініп жүргенін атап, аймақтық және республикалық спорт жарыстарында жеңімпаз атанып жүрген облыстық сот командасының жетістіктерін тілге тиек етті.

Спорт – тек қана бәсеке емес, үлкен достықтың бастауы, салауатты өмір салтының негізі. Осы қағиданы нық ұстанған облыс сотарының судьяларынан құралған «Айқын», Арал, Қазалы, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қалалық сотынан құралған «Барыс», Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық соттарының «Сұңқар», мамандандырылған соттардың «Найзағай», дәстүрлі спартакиаданың алғашқы жеңімпаздары Қызылорда облыстық сотының «Айбын» және 2022 жылғы спартиакада чемпионы Қызылорда қалалық және Қызылорда қаласының №2 соттарының «Қанағат» командалары сынға түсті.

Жарыс үстел теннисімен ашылып, тартысты ойында «Айқын» командасынан Н.Еламанов бірінші орын алса, ақтық сайыста жеңімпазға есе жіберген «Айбын» командасынан Д.Махамбетов екінші орынды қанағат тұтты. Жүлделі үшінші орын «Барыс» командасынан Е.Мейрамбековке бұйырды. Спорттың бұл түрінен жүлдегер болмаса да М.Оспанов, Н.Бекетаев, Е.Жетпісбайұлының жеңіске деген ұмтылысы анық көрініп тұрды.

Сайыстың келесі түрі – волейболдан «Айқынға» тең келер қарсылас табылмады. Чемпионнан ғана жеңіліс тапқан «Айбын» екінші орын алса, «Сұңқар» командасы үштікті тәмамдады.

Шағын футболдан «Айбын» жеңімпаз атынып, «Барыс» екінші орын алды. Ал үшінші орын «Айқын» мен «Сұңқарға» бұйырды.

Арқан тарту жарысынан әйелдер арасында «Айбын» арулары жеңіске жетсе, «Сұңқар» мен «Найзағай» екінші және үшінші орындарды алды. Сайыстың осы түрінен ерлер арасында өткен бәсекеде «Айқын» бірінші, «Айбын» мен «Барыс» кейінгі орындарды алды.

Сайыстың келесі түрі қол күрестен ерлер арасында «Барыс» бірінші орынды иеленсе, кейінгі орындарды «Сұңқар» мен «Айбын» өзара бөлісті. Жарыстың осы түрінен әйелдер арасында «Айбын» қыздары қарсылас шақ келтірмей бірінші орын алды. Ал «Сұңқар» мен «Найзағай» келесі орындарға жайғасты.

Гир көтеру сайысында ерлер арасында «Қанағат» командасынан Е.Жетпісбайұлы үшінші, «Барыс» командасынан С.Жүзбай екінші, «Найзағай» командасынан А.Сералиев бірінші орынды қанжығасына байлады.

Жылдамдық пен тактиканы талап ететін командалық эстафетада «Қанағаттың» қыздары мен жігіттері бірінші, «Найзағай» екінші, «Барыс» үшінші орынды алды.

Жалпы есепте Қызылорда облыстық сотының қызметкерлерінен құралған «Айбын» командасы спартакиаданың басты бәйгесін жеңіп алып, ауыспалы кубокты иеленді.

Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар арнайы дайындаған дипломмен марапатталды.

Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!