Тоғызұмалақ ойыны Адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының Репрезентативтік тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ҚР сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Материалдық емес мәдени мұраны (МЕММ) қорғау жөніндегі үкіметаралық комитет тиісті ұсыныс үшін дауыс берді. Ол комитеттің 2020 жылдың 14-19 желтоқсаны аралығында онлайн режимде өтіп жатқан 15-сессиясы аясында өткізілді. Отандық делегация құрамында – Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілдігінің қызметкерлері мен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы МЕММ бойынша Ұлттық комитеттің сарапшылары. Айта кетейік, Қазақстан 2018-2021 жж. аралығында комитет жұмысына ЮНЕСКО-ның осы беделді органының мүшесі ретінде қатысып келеді.

Аталған сессияда Үкіметаралық комитет 42 номинацияны, оның ішінде Қазақстан, Қырғызстан және Түркия бірлесе енгізген «Тоғызұмалақ» ойынын қарастырды.

Тоғызұмалақ (қырғыздарда – Тогуз коргоол, түріктерде – мангала/гечюрме) – адамның ұтқырлық пен тапқырлық қасиетін ұштайтын, әрі математикалық ойлау мен төзімділікке баулитын ойын. Ол ежелгі түркілер қасиетті санаған 9 санына негізделген. Ойынды кейде «қойшылар алгебрасы» деп те атады. Өйткені, ойын кезінде барлық төрт негізгі математикалық амал қолданылады. Ойын жылдамдық пен әдіс-тәсіл санауға құрылған.

«Тоғызқұмалақтың» енуімен бірге МЕММ репрезентативтік тізіміндегі адамзаттың мәдени мұрасы санатындағы қазақстандық элементтер саны 11-ге жетіп отыр. Бұған дейін бұл тізімге домбыра күй өнері, киіз үй жасау дәстүрі, айтыс, қазақ күресі, Наурыз мейрамы, саятшылық, жіңішке нан – қатырма, асық ойыны, Қорқыт мұрасы және қазақ жылқышыларының дәстүрлі көктемгі мерекелік әдет-ғұрыптары (бие байлау, айғыр қосу, қымыз мұрындық) кірген болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!