Би жай қимылдан тұрмайды. Әр қимылдың өзіндік мағынасы бар. Тіпті би өнері арқылы әр ұлттың тарихын, тұрмысын, салт-дәстүрін байқауға болады. Осындай нәзік, сыршыл өнердің қыр-сырын жетік меңгерген Тұржан Сұлтанбекпен халықаралық би күні қарсаңында сұхбаттасқан едік.

– Би әлеміне алғаш қалай келдіңіз? Бұл өнер сізді несімен қызықтырды?

– Кішкентай кезімнен бастап билегенді жақсы көретінмін. Мектеп кезінде арнайы брейк данс және хип-хоп би үйірмесіне қатысуға қатты қызығатын едім. Өкінішке қарай, ата-анам қатысуға рұқсат бермейтін. Одан қалды ол кездері ақшаның құны болғандықтан ба, 3000-5000 теңгені қалта көтермейтін еді. Сондықтан да өздігімнен үйрене бастадым. Би өнерінің әсіресе, заманауи бағытта өзінің арнайы стильдері бар. Біз еліктегіш халықпыз ғой. Жаңа әуен, би шықса да өзімізге икемдеп, құмартатынымыз. Мысалы, ата-анам 80-жылдары «ламбада» биін икеміне келтіріп, билеп үйренбейінше, дискотекаға бармайтынбыз деп айтып отырады. Негізінде солай әр заманның өзіндік талғамы мен сұранысы бар. Бүгінде жастар арасында кеңінен танылып жүрген заманауи биді көпшілік түсіне бермейді. Бірақ сыни пікірге қарамастан бұл биді халық бірте-бірте қабылдап келе жатқаны қуантады.

– Қай елдің биін билегенді ұнатасыз? Қанша ұлттың биін білесіз?

– Би – өнердің ішіндегі ең қиыны десек те болады. Шетел биін билегенді ұнатамын. Оның ішінде хип-хоп, дабстеп, таттинг, поппинг стильдерінде. Негізі мақтанғаным емес, кез келген биді таңдамай билей беремін. Ұлттық биге келсек, өзіміздің қазақ ұлттық биін және орыс халық биін білемін. Хип-хоп ішкі дүниенің іскерлігін, албырттылығын, жастардың жанданып, жанып тұрғанын танытса, брейк-данс спорттық үлгіге жатады.

– Бүгінгідей нарықтық экономика жағдайында хореография мамандығына қызығушылардың саны қанша?

– Хореография мамандығына түсу үшін ҰБТ-да маңызды 2 пән бар. Олар Қазақстан тарихы мен қазақ тілі, осы екі пән бойынша жоғары балл жинағандардың мемлекеттік грантты жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Бұл екі пәнге қоса 2 шығармашылық емтихан тапсырады. Біріншісі – қазақ және халық биі, екіншісі – композиция және би қою қабілеті. Осылардың бәрінен жоғары балл жинаса, грант иегері бола алады. Ал сырттай оқуда арнайы орта оқу орнын бітірген түлектерге арналған қысқартылған оқу түрі ақылы. Онда 3 жыл оқиды. Қазіргі уақытта хореография мамандығына қызығушылар артуда. Хореография саласын біздің халық көбінесе менталитетіне жат санайтыны бар. Десе де, бұл да бір өнер екенін айтқым келеді. Өнер болғанда да ең нәзік те, сезімтал сала. Сондай-ақ бұл саланы жетік меңгерген жан ешуақытта жұмыссыз немесе қоғам назарынан тыс қалмайтыны тағы бар. Қазір жастарға арналған «Aсtion» және «Orda drive» деген екі би үйірмесін аштым. Биге қызығушылығы жоғары 20-дан астам шәкірт тәрбиелеп жатырмын. Осы тұста көпшілік «биге қатысу үшін қандай талап қойылады» деп көп сұрайды. Шәкірттеріме қоятын басты талабым – ең алдымен тәртіп, тазалық. Сондай-ақ биге келгенде өзін еркін ұстап, ұялмау керегін түсіндіремін.

– Жалпы би өнерін үйренуге қанша уақыт кетеді? Биге икемі жоқ, бірақ биші болғысы келетіндер бұл саланы игеріп кете ала ма?

– Биші болу үшін талант пен еңбек қажет. Қанша жерден талантты болса да, әр биді меңгеру үшін еңбек қажет. Жалпы бишіге қажетті қимылдарды игеру әр шәкірттің қабілетіне қарай бағаланады. Негізінде бір жыл жеткілікті. Биге икемі жоқ болса, хореограф болып, осы саланы игеріп кетуі қиын. Би өнеріне қызығушы жастардың табиғи дарыны болуға тиіс деп ойлаймын. Себебі, би өнерінің биік шыңын нағыз таланттар ғана бағындыра алады. Әрине, ерінбей еңбектенгендері ғана. Тәрбиелеп жүрген шәкірттеріме сол бақытты тілер едім. Белгілі жырау Алмас Алматов ағамыз айтпақшы, әрбір өнер иесі «өнерге бір күнде келмегенін және бір күнге келмегенін» ұғынса, бағынбас биік, алынбас асу болмайды.

– Сахнада өнер көрсетіп жатқанда болған қызықты оқиғаңыз немесе естен кетпес сәтіңіз?

– Алғаш 2015 жылы «Аction» заманауи би тобын құрдым. Сол кездері заманауи би топтары аз болатын. Топқа бірыңғай жігіттерді іздедім. Сөйтіп әрең дегенде 4-5 айда жігіттерді жинап, түрлі концертке дайындалып жүрдік. Тұрақты би залымыз да болмады. Қазан айында А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйіне би залын іздеп барғанбыз. Содан «Жұлдызды би алаңы» атты заманауи би сайысы қараша айында өтетінін естідік. Бір айдың ішінде тыңғылықты дайындалып, жарысқа қатыстық. Сайыста мықты үш топ болатын. Бірақ сайыс жеңімпазы бір топ қана. Сайыс нәтижесі жарияланатын тұста іштей қобалжыдық. Ең болмағанда сол сайыста үздік үштікке ілінсек деп қобалжыдық. Қатысушыларды алғыс хатпен марапаттап жатқан кезде, біздің топ өздеріне сенбегендіктен бе қатты уайымдады. Жүргізушілер «Action» би тобы дегенде қуанғанымыздан секіре беріппіз. Негізі сайыс шарты бойынша үш топ ғана жеңімпаз болу керек. Бірақ қазылар шешімімен біздің топты төртінші жеңімпаз команда ретінде қосқанын айтты. Сол би сайысындағы бастан өткерген сәттерім естен кетпейді.

– Би өнерінде қай мәселе сізді алаңдатады?

– Қазіргі таңда  заманауи би, өкінішке қарай, қаламызда даму процесі өте төмен. Өйткені әлі де заманауи биге мән берілмей келеді. Дегенмен алдағы уақытта болашағынан үміт күттірер мықты бишілерді тәрбиелеп шығаруға болады.

– Әңгімемізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Айгүл ӘЛІШЕРОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!