Дана халқымыздың «Адам көркі – шүберек» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Себебі киім – адамның тәнін ғана емес, танымын, талғамын, тіпті болмысын айқындайтын ерекше құрал. Қазіргі қоғамда сән индустриясы тек әдемілік пен брендтің айналасында ғана емес, мәдениет, ұлттық код және шығармашылық еркіндікпен тығыз байланысып келеді. Әсіресе кейінгі жылдары қазақы нақышты заманауи үлгімен үйлестіріп, ұлттық дүниеге жаңа тыныс беруге талпынып жүрген жас дизайнерлердің қатары көбейді. Солардың бірі – жас дизайнер, «Gazhaiyip» брендінің негізін қалаушы, VISA қолдауымен өткен Next Designer Award байқауының финалисі Ақбота Қасымбек.

Бала күнінен театр, вокал, сурет секілді өнердің бірнеше бағытын бойына сіңіріп өскен ол бүгінде сән әлемінде қолтаңбасын қалыптастырып келеді. Оның топтамаларынан ұлттық рух пен заманауи көзқарастың үндестігін аңғаруға болады. Әсіресе «Көкпар» топтамасы арқылы көпшілікке таныс дүниені тың қырынан көрсетіп, подиум тілімен сөйлете білген жас дизайнер көрермен назарын өзіне еріксіз аудартты. Біз Ақботамен сән әлемі, шығармашылық ізденіс, ұлттық стиль және арманы жайында әңгімелескен едік.

Ақбота ҚАСЫМБЕК: Көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады

– Ақбота, өзіңізді бала кезден театр, вокал, сурет секілді бірнеше өнер саласынан іздеген екенсіз. Сол ізденістердің ішінен осы сән әлеміне қалай келдіңіз?

– Өнерге деген алғашқы қадамым анамның қолдауымен басталды. Алты жасымнан бастап театр үйірмесіне қатысып, кейін вокал бағытында білім алдым. Осы екі сала бойынша өнер мектебін тәмамдап, диплом иелендім. Сурет салуға да қызықтым. Жалпы, бала күнімнен өнердің түрлі саласында өзімді іздеп көрдім десем болады. Уақыт өте келе сәнге деген қызығушылығым бәрінен биік тұрғанын түсіндім. Жоқтан киімнің үлгісін ойлап тауып, оны қолмен тігіп шығару мен үшін ерекше әсер сыйлайтын шығармашылық процесс еді. Сол қызығушылық мені сән әлеміне алып келді. Меніңше, киім арқылы қоғамға үлкен ой салуға болады. Ол тек сыртқы келбет емес, ұлттық құндылықты дәріптейтін, адамның танымын кеңейтетін құрал.

Ақбота ҚАСЫМБЕК: Көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады

– Сән топтамаларыңыз арқылы қоғамға қандай ойды жеткізгіңіз келеді?

– Мен ұлттық кодымызды, халқымыздың болмысын ерекше жақсы көремін. Бала күнімнен ұлтжанды тәрбие алдым. Сондықтан сән топтамаларым арқылы қазақ халқының ерекшелігі мен сұлулығын көрсеткім келеді. Мысалы «Көкпар» топтамасында көпшілікке таныс шапан мен ою-өрнекті сол күйінде қайталаудан гөрі, оны заманауи үлгіде жаңаша ұсынуға тырыстым. Осылайша ұлттық дүниелер де сәнмен үндесіп, жаңа қырынан танылады.

– Анаңыздың сән журналдарын ақтарып отырып, бір күні өз әлеміңізді қалыптастырамын деп армандаған екенсіз. Айтыңызшы, бүгінде сол арманға жеттім деп ойлайсыз ба?

– Әзірге «арманыма толық жеттім» деп кесіп айту ерте. Бірақ дұрыс жолда келе жатқанымды анық сезінемін. Кішкентай болса да, нық қадамдар арқылы сол арманыма жақындап келемін. Алдымда әлі талай белес, талай жоба бар. Қазір өзімді сол дүниелерге дайындап жүрмін. Бұл мен үшін ұзақ жолдың бастамасы ғана.

Ақбота ҚАСЫМБЕК: Көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады

– Сән әлеміндегі алғашқы көрсетіліміңіз туралы айтып беріңізші. Топтамаңызды көрермен қалай қабылдады? Оның идеясы қайдан пайда болды?

– Алғашқы көрсетілімім мен үшін ұмытылмас естелік болып қалды. Көрермендер топтаманы өте жылы қабылдады, әсіресе атауына таңғалып жатты. Себебі көпшілік көкпарды тек ұлттық ойын ретінде таниды. Ал біз оны подиум тілімен сөйлетіп, мүлде басқа қырынан көрсетуге тырыстық.

Негізі бұл идея ұзақ ізденістің нәтижесінде келді. Университетте пән тапсырмасы бойынша белгілі бір тақырыпты зерттеп, кейін соның негізінде сән топтамасын жасау керек болды. Мен көкпарды таңдадым. Осы тақырыпты зерттей жүріп, таныс екі фотографтың жұмысынан шабыт алдым. Сонда «көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады ғой» деген ой келді. Кейін осы байқау туралы естіп, өтініш бердім. Аз уақыт ішінде эскиздер дайындап, күтпеген жерден финалистер қатарына өттім. Бірақ мен үшін ең әсерлі сәт – бұрын тек қиялымда жүрген көріністің шындыққа айналуы болды. Подиумда модельдердің бір-біріне серкені лақтырып, көкпар ойынының динамикасын көрсетуі – менің ішкі арманым еді. Сол идеяның жай қиял болып қалмай, халыққа жол тартқаны ерекше қуантты.

Ақбота ҚАСЫМБЕК: Көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады

– Байқасақ, қазір көпшілік әлемдік трендтегі киімге құмар. Яғни ерекше стиль аз. Қазақстанда киім-кешекке бағытталған дизайн саласы қаншалықты дамыған? Бізге қандай жаңашылдық керек?

– Кейінгі бір-екі жылда сән саласында айтарлықтай даму байқалады. Қазір өзіндік қолтаңбасы бар ерекше дизайнерлер де көбейіп келеді. Бірақ бізге ең алдымен жаңашылдықты қабылдай алатын көзқарас керек секілді. Кейде қоғам жаңа стильді түсінбейді немесе ерекше киінетін адамдарға тосырқай қарайды. Сондықтан ең алдымен адамдардың қабылдауы өзгеруі керек деп ойлаймын. Жас дизайнерлерге идеясын көрсетуге мүмкіндік беріліп, олардың шығармашылығына еркіндік болса, отандық сән индустриясы одан әрі дами түседі.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА

Ақбота ҚАСЫМБЕК: Көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады
Ақбота ҚАСЫМБЕК: Көкпарды да эстетика арқылы әдемі көрсетуге болады

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!