Абуәли Ақылбекұлы ‒ мобилографияны меңгерген жас маманның бірі. Ташкентте авторлық мобилография курсын ашқан оның оқырманға айтары бар.  

‒ Жалпы фото, бейнежазбаға қызығушылық бала кезімнен басталды. Оның себебін әкемнен берілген талант деп ойлаймын. Әкемнің кішкентай кезімізде үлкен камерасы болғаны есімде. Ол сонымен тойға шығатын. Мен видео түсіруге арналған техникаларды ұстап көріп, ерекше қызығатынмын. Біздің үйде әрдайым жаңа техникалар болатын.

Мектеп жасынан би өнерімен айналыстым әрі бұл қабілетімді университет қабырғасына келгенде де тоқтатпадым. Біршама елді аралап, жүлделі орындар да алдық. Міне осылай өнер саласында жүргенімде мобилографияға деген қызығушылығым оянып, би жарыстарынан үзінділер түсіре бастадым. Тіпті айналамдағы барлық биші досыма инстаграмға арналған видеолар дайындадым. Бұл менің осы салаға келуіме әсер етті. Әрдайым білім мен шығармашылық саланы алып жүру маған ешқандай қиындық туындатпады. Бірақ НЗМ мектебін бітіріп тұрып, балалықпен мамандығым ретінде актер немесе би жолын таңдағым келмеді. Жақсы оқу орнына түсіп, басқа бір саланы оқығым келді. Өйткені маған әрдайым жаңа эмоция мен тың дүниені зерттеген ұнайды. Осылайша Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар» факультетіне, «Шығыстану» мамандығына оқуға түстім. Онда қытай тілін таңдап, Қытайда бір жыл оқып, университетті қызыл дипломға тәмәмдадым. Ол әрине әуелі Алла, сосын НЗМ-дегі мұғалімдерімнің берген білім нәтижесі деп білемін. Сол үшін барлық мұғалімдеріме, әсіресе куратором Мархабат Мейрамханқызына алғыс айтамын!

‒ Мобилография саласы өмірімді өзгертті, себебі оның маған берген мүмкіндіктері өте көп. Қазір өзім қалаған шетелге бара аламын. Кезінде Дубайға қатты барғым келетін еді. Ал бүгінде мобилография арқылы әр ай сайын Дубай қаласына жұмыс бабымен барып тұрамын. Одан басқа мекемелер (ресторандар, ақылы клиникалар, т.б) бартер немесе бартер үстіне ақша төлеу арқылы екі жаққа да тиімді ұсыныстар жасайды. Қымбат деген жерлерде бартер арқылы қажет кезде еміңді ала аласың. Әр күн мүмкіндікке толы, яғни өзіңнің жақсы көретін хоббиді жұмысқа айналдырсаң, еш шаршамай, ынтаңмен жұмыс жасайсың дегім келеді.

Жалпы өңдеу, түсіру, монтаж жасау жұмыстары жобаға байланысты жүргізіледі. Осы жерде мобилографияның ыңғайлылығын айтып өткім келіп тұр. Сіз телефон арқылы кез келген жерде, яғни көлікте, қоғамдық көлікте, ұшақта, паркте кетіп бара жатсаңыз да телефоныңызбен монтаж жасай бересіз. Бұл маған өте қолайлы, өйткені телефон әрдайым өзіммен бірге. Менің ең ұзақ уақыт жасаған монтажым 8 сағатқа созылды. Кейде 3 күн қатарынан видеоны әрлеп, көңілден шыққанша монтаж жасай береміз. Мобилографияның көмегімен түсірілген жұмыстың кәдімгі үлкен техникалармен түсірілетін бейнежазба, жарнама ролигынан ешқандай айырмашылығы жоқ болып қалды. Жұмыстың бағасы да жобаға байланысты өзгереді. Қазіргі таңда соткамен түсірген 1 минуттық бір ролигім Дубайда 800-1000 долларға бағаланады.

‒ Көп болғаны жақсы! Неге? Өйткені кіші, орта бизнес дамыса, Қазақстан да дамиды. Міне, сондықтан біз қазір сол мықты бәсекелестікке дайын мобилографтар дайындаудамыз. Әр күн сайын елімізде кіші және орта бизнес ашылуда, солардың әрқайсысына мобилографтар керек. Мен қазіргі таңда мобилографияны алғаш Қазақстанға әкелген Қыран Талапбекпен бірге бір командада, кейбір мәселеде серіктес болып жұмыс жасаудамын. Біз осы саланы Қазақстанда дамытуға барлық күшімізді салып жатырмыз.

Өмірде кез келген нәрсенің шегі бар, өйткені өмірдің өзі солай құрылған. Әлем digital заманда даму үстінде, сондықтан мобилография әрдайым трендте болады. Әлеуметтік желінің бәрі телефонмен байланысты. Қазір Өзбекстанда авторлық мобилография курсын аштық. Одан бөлек онлайн, оффлайн курстарымыз бар, яғни көршілес мемлекеттерге жаймен қадам басып жатырмыз. Біздегідей бұл сала ешқандай мемлекетте дамымаған. Америка, Дубай, Түрік елі болсын, мобилографияның әлі не екенін білмейді, яғни біз алдамыз деген сөз. Сондықтан жобасын енді бастап жатқан мобилографтарға тек жұмыс жасауға кеңес беремін.

Дайындаған Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!