Ұстаздар мерекесі қарсаңында Қазалы ауданынан ақжолтай хабар жетті. «Дарынды кәсіби даму» академиясы ұйымдастырған «Қазақстанның үздік 100 мұғалімі» атты І республикалық педагогикалық байқауында Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжі директорының өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары Анар Барлыққызының да есімі аталып, еңбегі еленіпті. «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр мұғалімдікі» екені белгілі ғой, бірақ осы жолғы ұстаздарға көрсетілген құрмет сырбойылықтарды ерекше қуантты.
Ел экономикасы үшін маңызды саналатын теміржол саласын жан-жақты меңгерген ұстаздың еңбек жолы бізді де сүйсінтпей қоймады. Әсіресе жыл сайын оқу орнын бітірген түлектердің білікті маман атануы олардың сапалы білім алғанын дәлелдеп келеді. Анарға берілген Білім және Ғылым министрінің Құрмет грамотасы, «Адал еңбегі үшін» төс белгісі және Қызылорда облысының әкімінің жанындағы әйелдер істері және «Ақ босаға» қоғамдық бірлестігінің «Кәсіп үздігі» номинациясы шәкірттері үшін аянбай қызмет еткен жылдардың өтеуі іспетті. Жалпы қай саланы алып қарасақ та, белгілі бір нәтиже мен жетістікке жету үшін мамандықты жақсы көру керектігі айтылады. Сондықтан орайы түскен сәтте сала үздігінің мерекедегі көңіл-күйін, мамандық жайлы ойын білуді жөн көрдік:
‒ «Жол қозғалысын ұйымдастыру инженері» мамандығын таңдауыма әкемнің еңбек жолы әсер етті. Әкем ‒ теміржолшы, ал анам мұғалімдер отбасынан шыққан. Осы кісілердің өнегелі өмір жолы менің инженер-педагог ретінде мықты маман болуыма, жетістікке жетуіме ықпал жасады. «Қазақстанның үздік 100 мұғалімі» қатарына қосылғанымды естіген сәтте, он бес жылдық еңбегімнің текке кетпегенін түсіндім. Әрине, біз үшін марапаттан бұрын ел мен шәкірттердің алғысы маңызды. Сондықтан алдағы уақытта да білім саласында аянбай қызмет ететін боламыз, ‒ дейді Анар Ахметова.
Жаңашылдыққа бейім ұстаздың есімі аталғанда көпшіліктің ойына ЭКСПО-2017 көрмесінің оралуы заңдылық. Себебі төрткүл дүние көз тіккен көрмеге Анардың «Жаңа үлгідегі күн сәулесінен энергия алатын пульт табло» жобасы таңдап алынған. 102 мекеменің арасынан үздік шыққан бұл жоба Анардың ғылым жолындағы қадамын нықтай түскен. Бұл жөнінде бізге толығырақ Анардың әріптесі, колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Серік Ержанұлы айтып берді:
‒ Анар әріптестер арасында ғылыми жұмыстарын сараптамадан өткізіп, білімі мен біліктілігін жетілдірудің негізінде облыс мақтанышына айналды. 2008 жылдан бастап облыстық арнайы пән оқытушыларының арасында өткізілген сайыстармен қатар, республикалық байқаулардың жеңімпазы атанды. Ал шәкірттерінің жеңісі өз алдына бір төбе. Сондықтан Анар Барлыққызының білім саласындағы еңбегі өлшеусіз деп айта аламын әрі бұл – бүгінгі буынға қалтқысыз қызмет етудің ең жарқын үлгісі екені даусыз, ‒ дейді Серік Ержанұлы.
Тәуелсіз мемлекеттің болашағы жастардың қолында екені жиі айтылады. Бірақ бүгінгі буынның саналы, сапалы маман болып қалыптасуы ‒ ұстаздың жауапкершілігінде. Ел ішінде Анар Барлыққызы тәрізді мұғалім көбейсе, ұлттың келешегі кемел боларына біз де сенім білдірдік.
Гүлдана ЖҰМАДИНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!