Қазіргі таңда жастар арасында сөзі де, әуені де түсініксіз әндерді тыңдау қалыпты дүниеге айналғанын көз көріп жүр. Бұл әдетті уақыт талабына сай қалыптасты десек те, үлкендердің «беймаза» музыканы ұната бермейтіні рас. Осы орайда дін бойынша музыка тыңдау қаншалықты құпталатынын маманнан сұрап білдік.
‒ Әуелі, дініміз музыка сынды дүниелерді құптай бермейді. Егер мағыналы, Майлықожа, Шал ақын термелері сынды, ұлттық-рухани дүниені насихаттайтын есті, мағыналы әуендер болса тыңдауға рұқсат етеді. Алайда «әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, мағынасыз әндер шариғи тұрғыдан ғана емес, медицина тұрғысынан алғанның өзінде адам психологиясы мен денсаулығына, ойлау қабілетіне кері әсер ететінін мамандар дәлелдеген. Өзге елдің ерсі қылығын мәдениет санап, оны қазақи ортаға үлгі етіп көрсету ‒ ұлтымызға да, шариғатымызға да түбегейлі жат нәрсе, ‒ дейді Жеңіс Әбибуллаұлы.
Дін өкілінің айтуынша, мағыналы музыканы тыңдау дінге қайшы дүние емес. Тек даңғаза дүние болмағаны дұрыс. Осы тақырып төңірегінде жазылған белгілі дінтанушы Қайрат Жолдыбайдың «Музыка тыңдау харам ба?» атты мақаласына зер салсақ, ессіз әуеннің келесідей зиянын байқауға болады.
«Даңғаза әуеннің кісінің мінез-құлқы мен психологиясына, тіпті ағзасына кері әсер ететіні белгілі. Бұл жайлы американ ғалымы Дэвид Элкин қатты шыққан дауыс арқылы белокты қуырып жіберуге болатынын дәлелдеді. (Бір концертте дауыс зорайтқыштың алдына қойылған жұмыртқа үш сағаттан кейін қатты даң-дұңнан өліп, қуырылып кеткен көрінеді). «Ауыр металл» өсімдіктің өсуін тежейді, тіпті олардың солып қалуына да себеп. Рок тыңдатылған балықтың да көп өтпей жансыз күйінде су бетіне қалқып шыққаны байқалған. Бұдан адам да шет қалмайды. Зерттеулер жарты сағат дискотекада болған жеткіншектің сол күйі өз-өзін бақылаудан қалатынын, гипнобель жағдайына жақын күйге түсетінін анықтаған. Жимми Хендрикс бірде былай деген екен: «Біз музыка арқылы адамдарға гипноз жасаймыз, оларды күйден-күйге құбылтып ең осал жерлерін анықтап аламыз. Ал содан соң оның миына не құямын десең де еріктісің».
Гитлер де музыканы өз саясатында ұтымды пайдалануды көздеген. Ол «басып алған жерлердегі халықтың санасын да бағындырғыңыз келсе, мәнсіз-мағынасыз музыканы күндіз-түні құлағынан кетірмей тыңдата беріңіз. Ол сонда саналы ойлаудан қалып, санасыз тобырға айналады» деген мақалада.
Осы кезге дейін қоғамда музыканың пайдасы мен зияны турасында талай дүние айтылды. Әлі де екіжақты пікір талқыланып келеді. Бірақ жастар жиі тыңдайтын «есер» әннің адамның жан дүниесіне кері ықпалын түсініп қана қоймай, дін тұрғысынан ізгі амалына қарама-қайшы екенін ескерген жөн.
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!