Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, республикалық «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы. ҚР Мәдениет саласының үздігі.

Әмірбек ШАЙМА­ҒАМБЕТОВ, Полиция полковнигі. «ҚР Ішкі істер органдарының Құрметті қызметкері».

Өтепханұлының қаны мен бет терісінен үлгі алып Төлегенұлының Алматыға аттанғаны алғашқы тергеуден кейін. Ол сараптама да ойдағыдай орындалды. Енді күдікті айтқанын айтпадым деп сотта айнымайды.

Мұның алдында Өтепханұлының жақын-жуығын, көрші-көлемін, бірге жүрген дос-жарандарын, мектепте сабақ берген мұғалімдерін, бірге оқыған класстастарын сұраққа тартып, оның әлеуметтік, мінез-құлық портретін жасаған-тұғын. Сонда білгені, бұған жастай таңылған лақап ат – Деспот. Мысық-күшіктің мойнын бұрап, қан қақсататын қылығына бола солай атапты. Төбелестен қайтпайды. Кекшіл. Мектепті орташа үлгеріммен аяқтаған. Ұрлық жасап, алты ай түрмеде отырған. Әкесіз өскен. Анасы – мұғалім. Отбасында өзінен төрт жас үлкен әпкесі ғана бар.

Шешесімен де сөйлесті. Ол алғашында ұлына шаң жуытпап еді. Кейін мінезі тентек екенін мойындады. Бірақ төрт қызды өлтірді дегенге еш сене алмайды. Өйткені ол әулетпен қарым-қатынасы жақсы, қыздардың нағашы ағасы Қанатпен дос.

– Жо-жоқ, атамаңыз! Мүмкін емес… өз бауыры сияқты ғой бұл қыздар, – деді анасы дес бермей. Әпкесі Әсия да илана алмайды. Оның да алға тартатыны анасы айтқан уәж. Тергеуге Бақыт Қайыркешқызы да қатысып отырған. Ол:

– Марат мойнындағы алтын алқаны қашаннан бері тағатын еді? – деп сұрады. Осы сұрақты қалай қоюды алдын ала қатты ойланған. Өйткені «Ұлыңызда алтын алқа бар ма еді?» деп шешесінен сұрағанда «жоқ» деген жауап алған. «Қап, – деп сонда қатты өкінген-ді. – Тәжірибелі тергеуші де солай сұрай ма екен? Жоқ деген жауапты тілеп тұрған сұрақты қоймау керегін білмейтін шөже тергеуші ме ем! Әттеген-ай!» Осылай деп өзіне өзі кейіп біткен-тұғын. Енді әпкесі де «онда алтын алқа болған жоқ» дей ме деп, іштей қылпылдап-ақ отыр.

– Туған күніне жездесі екеуміз сыйлап едік, – деді Әсия бөгелмей.

– И-йи, айналайын-ай, қыз деген осы ғой, туған бауырды ойлап жүретін, – деді Бақыт Қайыркешқызы өзін жайбарақат ұстауға тырысып. Әйтсе де жүрегі жарылардай қуанып бара жатты. Осы сезімін білдіріп алмайын деп бөлмеден шығып та кеткен.

– Қазір таза алтын табу қиын боп кетті ғой, базарда сататындары алтын ба, алтын емес пе білмейсің. Құдағиыма алайын деп едім, сен қайдан алдың? – деді қайтып келген соң.

– Ескі базар жақтағы дүкеннен алдым. «Нұрлан» дүкеніне жалғасып тұрған.

– Сол дүкен өзі баяғыдан бері алтын сататын еді ғой. Соған бару ойыма қалай келмеген, – деп, Әсияның алдына алдын ала дайындап қойған төрт алтын алқаны қойды. – Мыналардың қайсысы Мараттікі.

Әсия көп ойланбай жіңішке алқаны көрсетті.

– Міне, мынау.

Осы сұрақ-жауап хатталып, іске тіркелді. Ал алқаның өзі сот-биологиялық сараптамаға тапсырылды. Сараптама алқаның тартқаннан үзілгенін, оған сіңген тер-май бөліністерінің Өтепханұлына тән екенін анықтады.

*     *     *

Қалалық полицияның тінтпеген қуысы қалмаған шығар. Қанша тінтсе де Өтепханұлының қан жұққан киімі табылар түрі жоқ. Жүрдім-тұрдым деген жердің барлығы түгел тексерілді. Жоқ. Ізім-қайым. Айыпталушының өзі үйден шыққан соң дария жаққа бардым дейді. Ал киімін қайда тастағанын айта алмайды. Сол ара есінде жоқ. Білмейді. «Жасырып отырған шығар» деп күмәнданайын десе, бұдан басқасының бәрін өз аузымен айтып отыр. Ұмытып қалғаны қалай? Мүмкін емес. Әйтеуір күндердің бір күнінде айтатын сияқты. Тергеуші Бақытханның ішкі түйсігі солай дейді.

Кезекті тергеуді сеніммен бастағаны сондықтан. «Мұғалімдерің сені мақтап жатыр, – деді әңгіме ауанын жайма шуақ әңгімеге бұрып. – Әсіресе Талғат ағайың, дене шынықтырудан берген екен ғой. Сен дене шынықтырудан жақсы болыпсың!»

Мектептің әңгімесін айтып кетті. Бос әңгіме тәрізді әрине. Осы бос әңгіме кейде құпия ақпаратқа алып баратын кезі болады. Кеше махаббат құрып жүрген медбике қызын мақтаған: «Әдемі, қылықты қыз екен. Жұріс-тұрысы ұнады, – деп. Мұндай әңгіме айыпкер жігіттің жүрек қылын қозғайтыны анық. – Жарайсың, өзіңнің «вкусың» күшті екен. Екеуің сайсыңдар. Ондай келін анаңа сөзсіз ұнайды» деді тағы.

Айдан астам тас қапаста отырған адамға еркін өмірдің әңгімесі қалай әсер етеді десеңші. Өтепханұлының да түсіп кеткен еңсесі көтеріліп, әңгімеге араласа бастады.

Төрт адамның өліміне Қылмыстық кодекс бойынша өлім жазасы кесілуі тиіс. Алайда осыған дейін табылған заттық айғақтар ол жазаны тағайындауға жеткіліксіз. Әрі заң бойынша мұндай ауыр қылмыс екі айдан кем тергелмеуі тиіс. Тергеу созылып бара жатса да, тергеушінің сұрағы таусылмайтын себебі сол.

–  Айтпақшы, сен сол күні дария жаққа бардым дедің. Есіңе түсірші, киіміңді дария жаққа шешіп кеттің бе, әлде жолда  тастадың ба? – деп енді Бақытхан негізгі тақырыпқа ойыса бастады. Бір ай бойы айтқыза алмай келе жатқан жалғыз сұрақ осы. Осыған жауап табылса, істі қорытындылауға болады.

Адам деген қара тас емес, ет пен сүйектен жаралған тірі жан. Оған бәрі әсер етеді. Әсіресе еркіндігі шектелгенде жүйкесі жүндей түтіледі. Бір сұрақты әңгіме арасында ұмыттырып барып әлденеше мәрте қойғанда оған берілген жауап әртүрлі болса, онда айыпкер шындықты жасырып отырғаны. Бір өтірігін ұмытып, екінші бір өтірікке көшкені. Адамның басында шындық қана тұрақтай алады. Өтіріктің табаны қашан да тайғанақ.

Осы қағидаға сүйенсе, Өтепхан­ұлының анық айта алмай отыр­ғанының жаны бар сияқты. Егер олай болса, жадын жаңғырту қажет. Бірақ қалай? Бұл енді кез келген тергеушінің қолынан келе бермейді. Тергеуді түнгі он екіде бастаған себебі де сондық­тан. Түнгі тергеуге прокурордың рұқсаты бар. Айып­талушыны қылмыс жасаған кездегі психо­логиялық қалпына жеткізе алса, біраз нәрсе есіне түсуі тиіс. Ол үшін ұйқтатпай шаршатса, жүйкесін шиыршық аттырса, бір нәтижеге жетуі мүмкін.

Түнгі сағат төрт болып қалған екен. Өзі де, айыпкер де қалжырады. Ұйқы қыс­ты.

– Саған мыналар шай берді ме бүгін? – деп қамқорси тіл қатты. – Жігіттер, шай беріңдерші, шөлдедік.

КПЗ қызметкерлерін жұмсап алды.

– Күні бойы жұмыс… кешкі асымды іше сала саған келдім. Ертең тағы қағаз қарауым керек. Есіңе түсіруге тырыссай. Жарайды, мә шайыңды ішіп ал.

Өтепханұлы тіл қатпады. Алайып бір қарады да, қолын күрешкіге созды.   

Тергеуші өзі де бір күрешке шай ішті. Қою қара шай ұйқыны ашатынын айтты. Әңгіме чифир жайына ойысқанда айыпкер жігіт оның күш беретін қасиетін тілге тиек етті. Жауапкердің әңгімеге араласқаны, тығынның ашылғаны.

– Сен сол күні жеті жүз грамм арақ ішкенсің, таңертең басың ауырған шығар, ә? – деді тергеуші алыстан орағытып.

– Ауырды. Басым да, ішім де ауырды, – деді ол.

– Қыздардың қолы ма… әйтеуір бір соққы тиген шығар ішіңе.

– Самопал жақпады-ау…

– Сол пәтердің дәретханасына шықтың ба? – деді тергеуші елеңдей қалып. Унитазды сот-биологиялық сараптамаға тапсырса деген ой келді басына. «Пәтер жабық. Адам жоқ. Жуылып кете қоймаған шығар».

– Жоқ, даладағыға бардым.

– Қайсы?

– Білмеймін.

Бақытхан Төлегенұлы әңгімені аяқтап, тысқа шықса, таң хабары білініп, шығыс жақ бозара бастапты. Дария беттен мешіт мұнарасы ағараңдап көзге шалынды. Басқарманың педучилище жақ қарсысында қылмыс болған атышулы үй тұр. Сол үйден Өтепханұлы осы уақыт шамасында шыққан. Дария жаққа бардым деді ғой. Олай болса деп Айтбай мешітіне қарай жүрді. Бұл бағыт кіл бесқабатты үй, дәретхана болуы мүмкін емес. Мешіт жақ бетпен кері қайтты. Оң жақта басқарма ғимараты.

– Кеше шаршап, ұйқым кеп отырып дұрыс тыңдамаппын. Сонда не дедің, дәретханаға бардым деп едің ғой. Қай жерде ол? – деді тергеуші Төлегенұлы келесі күнгі тергеу соңында.

– Ол… ол…

– Сен адамды адастырып, жынды қылып тұрсың? Этаж үйлердің арасында қайдағы дәретхана?

– Жоқ, мен бір көшеден өттім. Алдымда бір үй тұрды. Қорасы бар. Соның артында.

Тысқа шықты. Дала ағарып қалған. Маңайы анық көрінеді. Міне қылмыс болған үй. Енді ол дария бағытына бұрылмай, іргедегі көшені бетке алды. Көшеден өтсе мұғалім­дердің білім жетіл­діру инсти­туты. Дуалмен қоршаған. Қораның бұрышы үңірейіп құлап қалған, жаяу соқпақ үстімен өтеді. Соқпақ бойымен институт үйін айналғанда тал арасынан қарауытып дәретхана көрінді. Екі есікті ағаш дәретхана. Жүрегі лүпілдеп, аузына тығылды. Сол… сол шығар?! Аяғын жедел басып жетті. Титімдей жарығын жағып, қалт тұрып қалды. Көзі бұлдырап кетті ме немене… үңіліп қайта қарады…  рас… сол. Соның дәл өзі. Ораулы жатқан үлкен сүлгі. Көк түсті киімнің шеті көрінеді. Сынған пышақ­тың сабы сусып шығып қалған. Міне, саған

«вещ­док». Қуанышы қойнына сыймай,, көзінен жас ыршып кетті. Басқарма ғимаратына қарай тұра жүгірді. Жас парлаған көзін жеңімен әлсін-әлсін сүртеді. Екі айға жуықтап қалды, осы іс жатса да, тұрса да ойынан кетпегелі. Іс қағаздары том-том болып қалыңдап барады. Күндіз де тергеу, түнде де тергеу. Екі кішкентай ұлы мен аяғы ауыр келіншегі мұны іңір түскенде шығарып салып, есікті іліп алып тұрғандары. Бітпейтіндей, өмірі ашылмайтындай көрінген. Жүйкесі қанша жұқарды. Алматыға қанша қатынады. Сөйткен іс… рас па… шынымен ашылғаны ма?

Кабинетке келе сала сырт киімін шешпестен табылған заттарды алу қағазын толтыра бастап еді, есік ашылып, бір әйел кіріп келді. Өтепханұлының шешесі. Түрі өрт сөндіргендей. Соңынан қуып келгені көрініп тұр.

– Айналайын, – деді алқынып, – айналайын, өтінем… аяғыңа жығылайын…

Көзінде жас. Басына салған орамалы желкесіне қарай ысырылып кеткен, шашы қобырап тұр. Екі қолын алға созып, кемсең-кемсең етеді.

– Апай…

– Анамын ғой… сенің де анаң бар шығар, түсінші… жаңа көргеніңді көрдім демеші… түрмеде жатса да тірі жүрсін… аһ, жүрегім… түнімен ұйықтай алмай… таң ата көшеге шығып ем… өзіңді көрдім… артыңнан барсам… айналайын, құлың болайын, көрдім демеші… көрдім десең атып тастайды ұлымды… анасымын ғой мен… атып тастаса, қалай өмір сүремін, қалай жер басып жүремін… Онсыз да жиырма жылға кетіп тұр ғой…

Бақытхан солқылдап жылап жіберген әйелге не дерін білмей, қолтығынан демей беріпті.

*     *     *

Ай бойы күннің жарығын көрмеген Өтепханұлын тысқа алып шыққан қарулы күзет оны қылмыс болған үйдің алдына жаяу айдап келді. КПЗ мен екі аралық қашық емес, тиіп тұр. Білегіндегі темір кісеннің екінші басын қарулы сержант өз қолына кигізіп алған. Артта автоматты мылтық ұстаған екеу қалт жібермей қадағалайды. Тағы бірер кісі, куәгерлер мен криминалистер жүр.

– Дәретхананы бір көше кесіп өтіп бардым дедің, кәне, көрсет, – деді тергеуші Бақытхан Төлегенұлы. Айыпкер иегін қағып, көше бетті нұсқады. Оны дедектетіп ала жөнелген сержанттың да аяғы аяғына жұқпайды. Олар ешқайда бұрылмай дуал қоршаудың опырылған тұсына келді. Институт үйін айналса, ағаш дәретхана қол созым жерде.

– Анау тұрған ба?

– Иә сол.

– Біледі екенсің, неге бірден айтпадың?

– Шыным сол, есіме түспеді. Бірте-бірте түсті есіме.

– Қолыңдағыны соған тастадың. Солай ма?

– Иә.

– Не тастағаныңды айт.

– Сүлгі…

– Сосын? Түгел айт.

– Киім.

– Пышақ ше?

– Есімде емес.

– Қазір есіңе түседі.

Қалалық бөлімнен көмекке келген сержанттар ағаш дәретхананы ломмен босатып, бір жағына қарай қисайта құлатты. Тергеуші төменге абайлап өзі түсіп, оралған сүлгі мен сынған пышақтың сабын алып шықты. Сол арада сүлгіні жазып жібергенде, спорттық киіммен қоса Өтепханұлының қан-қан болған көйлегі, сыңар нәскиі, Бағдаттың бес саусақты қолғабы, пышақтың сынған үшкір жағы мен тағы бір пластмасса сапты доғал пышақ көзге оттай басылды. Салы суға кеткен айыпкер маңайына мағынасыз көзбен қарайды.

*     *     *

1998 жылғы шілденің 6-сында осы іс бойынша облыстық сот Қазақстан республикасы атынан үкімін жариялады.

1975 жылы туған сотталушы Қылмыстық кодекстің бірнеше баптары бойынша кінәлі деп табылып, өлім жазасына кесілді. Үкімнің орындалғаны туралы анықтама қағаз көп ұзамай қапияда көз жұмған қыздардың ата-аналарына берілді.

(Соңы. Басы алдағы санда)

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!