Жұмыс бабымен орта мектепке ат басын бұрғанбыз. Мұғалім оқушыларға ашық сабақ өтіп жатыр екен. Тіпті мектеп бітіргенімізге он жылға таяса да, біздің өзіміз оқушы сезініп қалдық. Жай ғана оқушы емес, ұстаздан бағы жанған шәкірт десек, жарасар. Ұстаздың айтқан әрбір сөзі санамызға сәуле шашып, жан дүниемізге еніп кеткендей. Тақырып ұғыңқы, түсінікті, тіпті әдіс-тәсілі де бөлек. Жанымызда тұрған басшылары біздің таңырқаған кейпімізге қарап, «Педколледждің мектебінен өткен» деп мақтаныш білдірді.
Иә, Қызылордадағы тарихы тереңнен тамыр тартқан осы Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің аты Алашқа тарағаны емес пе?! Осы жерден білім алып, қанат қаққан талай түлек еліміздің түкпір-түкпірінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Қарашаңырақ емей, немене?!
Ал Қызылорданың қай мектебіне барсаңыз да, осы оқу орнын бітірген жанның кемінде онын кезіктіресіз. Еңбегі ақталып, тәуелсіз қазақ елінің жас ұрпағының санасына білім нәрін құйып жүрген осынау оқу орнына барып, танысып, тыныс-тіршілігін көріп қайтуды жөн санағанымыздың себебі де осында жатса керек.
Міне, студентті жас маман, жас маманнан мұғалім, кейін ұстаз деген атқа лайық етіп тәрбилейтін оқу орнына келдік. Әлгінде «педколледждің мектебінен өткен» дегенді естіп алғанымыз бар… Оқу орнының директоры Жақсыгүл Тоғановамен асығыс сәлемдесіп, «педколледждің мектебі» жайында сұрай бастадық.

1932 жылы ашылған оқу орнын бүгінге дейін 27 286 түлек бітірген. Ал қазір 16 біліктілік бойынша 12 түрлі мамандықта болашақ 1753 мұғалім даярлап жатқан колледжде тәрбиемен қатар талап та, біліммен бірге сапа да қатар жүреді. Осыдан болса керек, мұнда даярланған кадрларға сұраныс жоғары.
− Иә, бұл − үлкен мектеп, үлкен тәжірибе, әрі тарихи орын. Халық арасында «Ұстаздар ұстаханасы» деген де атау берілген. Себебі ұстаздар ұстаханасы ретінде білімімен, тәртібімен, сапасымен, талабымен ерекшеленеді. Педагогикалық мамандықты таңдап келген әр талапкерке студент атанғаннан кейін осы талаптың барлығы қойылады. Біз теория мен методикаға, сонымен қатар практикаға негізделген білім береміз. Осының барлығы ұштасып, кәсіби құзыретті маман даярлауға мүмкіндік береді. Еңбек нарығында біздің түлектердің бәсі биік, − дейді Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры Жақсыгүл Тоғанова.
Түлектер жайлы айтқанда мұғалімдердің бойында ерекше мақтаныш сезілді. Себебі олардың қатарында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, еңбек сіңірген өнер қайраткерлері, халық әртісі, дзюдо күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, жасөспірімдер арасындағы олимпиаданың алтын медаль иегерлері, 517 ғылым кандидаты, 101 ғылым докторы мен профессорлар бар.
Қазіргі шәкірттері де осал емес. Атап айтқанда, олардың қатарында республикалық «Toп 100 студент» жобасының жеңімпаздары, халықаралық дрон-рейсинг жарыстарының жүлдегерлері бар. Сондай-ақ самбодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының алтын медаль иегерлері, Азия чемпионатының жеңімпаздары, бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанған студенттер де жетерлік. Бұдан бөлек, әлем кубогының финалында әлем чемпионы атанған, республикалық «WorldSkills» чемпионатына қатысып, жүлделі орындарға ие болған білім алушылар да бар. Сонымен қатар халықаралық және республикалық конкурстардың, түрлі хакатон мен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары колледждің абыройын арттырып келеді.
Колледж Германия, Оңтүстік Корея, Чехия, Жапония мен АҚШ секілді білім саласына баса назар аударатын 12 мемлекетпен халықаралық ынтымақтастық орнатып, тығыз жұмыстар жүргізіп келеді. Нәтижесінде 260-тан астам оқытушы халықаралық сертификат иегері атанған.

Білім ордасының 3 оқу ғимараты бар. № 1 оқу ғимараты 1964 жылы, ал өнер бөлімі, яғни №2 оқу ғимараты 1957 жылы салынса, №3 жатақхана ғимаратының іргесі 1973 жылы қаланған.
− Ғимараттар 2020 жылы күрделі жөндеуден өтті. 72 оқу кабинеті, 16 лаборатория, 6 шеберхана, әскери-спорт кешені, электронды кітапхана, дыбыс жазу және «Manshuk photo video» студиялары, «Тігін» шеберханасы, «Инклюзивті білім беру, логопедия», «Бастауыш педагогикасы мен әдістемесі», «Педагогика және психология», «Информатиканы оқыту әдістемесі» кабинеті және «Бағдарламалау тілдері», «Робототехника және метакеңістік», «Компьютерлік графика» зертханасы және «Manshuk IT HUB», «Coworking», «Құзіреттілік», «Тест» орталықтары мен асхана білім алушылардың игілігіне қызмет етеді, − деді директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлзира Бахадурова.

Оқу кабинеттері жайлы айтып жатқанда қасымыздағы аудиториядан құлаққа жағымды роботтың дауысы шықты. Сөйтсек, бұл – колледждегі «Логопедия және инклюзивті білім беру» кабинеті, ал дауыс «АrtiкМе» деген ақылды айнадан шыққан екен.
Кабинеттің мүмкіндіктерімен арнайы пән оқытушысы Мереке Жүсіпова таныстырды. Оның айтуынша, аудитория болашақ мамандардың тәжірибелік дағдыларын қалыптастыруға арналған арнайы құрал-жабдықтармен толық жабдықталған. Студенттердің арасында зағип бала бар. Ол қазақ тілі мен әдебиеті мамандығында оқиды. Сол студент үшін осы кабинеттен арнайы бұрыш ұйымдастырылған. Мұнда оның жеке әліпбиі, құлаққабы бар. Тапсырмалар мен емтихандарды осы жерде орындайды.

Кабинетте балалардың ұсақ қол моторикасын, шығармашылық қабілеті мен ойлау жүйесін дамытуға арналған заманауи құрылғылар орнатылған. Соның бірі – екі түрлі форматта жұмыс істейтін арнайы аппарат. Ол үстел және құм форматында қолданылады. Құммен жұмыс істеу кезінде баланың қиялы мен қол моторикасы дамыса, ал үстел форматында лексикалық тақырыптарға негізделген тапсырмалар арқылы сөйлеуі кешеуілдеген балалардың жас ерекшелігіне сай жаттығулар орындалады.

Сонымен қатар кабинетте дыбысты дұрыс қоюға арналған логопедиялық муляждар, арнайы зондтар және оларды залалсыздандыратын құрылғылар қарастырылған. Әрбір құралдың өз қызметі бар. Мәселен, кейбір зондтар тіл бұлшықеттерінің тонусын реттеп, массаж жасауға қолданылса, енді бірі «р», «с», «л» сияқты дыбыстарды дұрыс айтуға үйретуге көмектеседі.
Ал аудиториядағы ең қызықты құралдардың бірі – «АrtiкМе» деп аталатын ақылды айна. Бұл құрылғы арқылы балалар артикуляциялық және тыныс алу жаттығуларын орындайды. Қарапайым айнадан айырмашылығы – тапсырмалар ойын форматында беріліп, бала жаттығуды дұрыс немесе қате орындағанын бірден айтып отырады. Жүйеде 150-ден астам түрлі жаттығу қамтылған.
Айта кетерлігі, бұл оқу орны облыстағы колледждер арасында алғашқылардың бірі болып логопед мамандарын даярлауды қолға алған. Мамандарды оқыту бағдарламасы 2023 жылы ашылған. Оқу мерзімі – 2 жыл 10 ай. Биыл алғашқы түлектер түлеп ұшпақ.
Келесі аялдама – колледждегі құзыреттілік орталығы. Есігін ашқан сәттен-ақ мұнда әдеттегі аудиториядан бөлек, шығармашылыққа толы ерекше атмосфера сезіледі. Түрлі қолөнер бұйымы, түрлі-түсті дидактикалық ойындар мен балаларға арналған көрнекіліктер бірден көзге түседі. Бұл – болашақ мектепке дейінгі ұйым педагогтері тәжірибе арқылы білім алатын орта.
Арнайы пән оқытушысы Айгерім Ысқақова орталықтың жұмысымен таныстырды. Оның айтуынша, мұнда мектепке дейінгі тәрбие және оқыту мамандығы бойынша білім алатын студенттер үшін дуалды оқыту алаңы құрылған. Яғни теория мен тәжірибе қатар жүреді. Өндірістік оқу барысында студенттер тек дайын құралдарды қолданбайды, керісінше, балалармен жұмысқа қажет материалдардың көпшілігін өз қолымен жасап үйренеді.

Солардың бірі – студенттердің өз қолымен жасаған мультфильмдері. Алдымен олар арнайы сценарий құрып, кейіпкерлердің макетін жасайды. Кейін шағын сахна дайындап, камера арқылы түсіріп, өз дауыстарымен дыбыстайды. Соңында бейнематериалды монтаждап, дайын мультфильмді YouTube платформасына жүктейді. Яғни студенттер болашақта балалардың қызығушылығын арттыру үшін заманауи медиақұралдарды да меңгеріп шығады.

Бөлменің бір бұрышында тағы бір ерекше құрылғы көзге түседі. Бұл – «ақылды еден». Экран іспетті еденге түрлі тапсырма мен сандар проекцияланып тұрады. Балалар сол жарықтағы белгілердің үстімен жүріп, секіріп, аяқпен немесе қолмен әрекет етіп тапсырмаларды орындайды. Ойын арқылы олар санауды үйреніп, зейінін, қимыл үйлесімін және ойлау қабілетін дамытады.
Ал болашақ ағылшын тілі пәні мұғалімдері үшін лингафон кабинеті таптырмас дүние. Мұнда студенттер шет тілін меңгерудің негізгі төрт дағдысын – тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылымды арнайы бағдарламалар арқылы жетілдіреді. Бұл кабинетте халықаралық IELTS емтиханына дайындық та жүргізіледі. Соның нәтижесінде жақсы көрсеткіш көрсеткен студенттер де бар. Мәселен Бауыржан Әбіл ағайдың біршама студенті IELTS емтиханынан 7 балл жинаған.
Колледж өмірінің қызығы тек аудиториямен шектелмейді. Мұнда студенттердің қоғамдық белсенділігі де ерекше байқалады. Белсенді жастармен де тілдесудің сәті түсті. Филология бөлімінің студенті Ұлжан Аманжолқызы колледждің тек білім ордасы ғана емес екенін атап өтті.
– Колледж тек диплом беретін орын емес. Бұл – адамның дамуына, өз қабілетін ашуына мүмкіндік беретін орта. Әр студент өзіне жаңа қырын ашатын қасиетті мекен десем артық емес, – дейді ол.
Ал «Жайдарман» ойындарының белсендісі Сұлтанжан Асылхан студент өміріндегі тепе-теңдік туралы айтты.
– Сабақпен қатар белсенді студент ретінде түрлі жұмыс пен іс-шараларды ұйымдастыруды, қатысуды қатар алып жүруге болады. Иә, ретін тапсаң, бәріне үлгеру керек. Кейде ұстаздарымызға еркелейміз ғой, несін жасырамын? Бірақ тәртіпке бағынған құл болмайды, – деді Сұлтанжан Асылхан.
Шет тілдері бөлімінің 2 курс студенті Назерке де студенттік өмірінің белсенді, қызықты өтіп жатқанын мақтанышпен айтып, мұғалім болу жүрегінің қалауы екенін жеткізді.
Иә, алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі. Бірақ педагогикаға жүрек қалауымен келмесең, бәрі бекер. Осы пікірімізді білім ордасының басшысы Жақсыгүл апай толықтырды.
– Иә, таңдайтын мамандығыңды әуелі жақсы көріп, ең бастысы қалап келу керек. Көп жағдайда ата-ананың сөзіне еріп, өзіне ұнамайтын салаға баратын жастар көп. Иә, ата-ана балам жақсы болсын деп бағыт-бағдар береді. Бірақ баланың өз қалауы өте маңызды. Ал жан дүниеңіз егер нағыз педагог, ұстаз боламын, халқым үшін еңбек етіп, балаларға сапалы білім беремін десе, әрине, сізден міндетті түрде нағыз ұстаз шығады. Міне, сонда ғана сапа да, нәтиже де болады. Егер педагог болмайтын бала, өзгенің насихатымен келсе, ертең ол талапкерден педагог шықпайды. Педагогикалық мамандықты жүрекпен қалау керек, – деген пікірімен бөлісті.
Келесі нысан – ақпараттық қауіпсіздік зертханасы мен Manshuk Hub.

Мұнда «Ақпараттық қауіпсіздік жүйелері» мамандығында білім алатын студенттер тәжірибелік жұмыстарын орындайды. Зертханада студенттер тек теориямен шектелмей, түрлі заманауи технологияларды меңгереді. Атап айтқанда, веб-технологиялар, робототехника, 2D және 3D графика, анимация, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікке арналған арнайы бағдарламалармен жұмыс істейді. Біз барған сәтте студенттер дипломдық жұмысын әзірлеп отыр екен.

Жаңа корпусқа бет алғанымызда, дәліздің бір бөлмесінен әуезді әннің үні естілді. Бұл – музыкалық білім беру мамандығында білім алатын студенттердің дирижерлік сабағы екен. Ал кейінгі кабинетте − домбыра үйірмесі. Бұл үйірмені педагогикалық колледждің домбыра пәнінің мұғалімі Бауыржан Исламбек жүргізеді.
Ұстаздың айтуынша, домбыра – музыкалық білім беру мамандығы студенттері үшін негізгі пәндердің бірі. Дегенмен үйірме тек осы бөліммен шектелмейді. Оған колледждің басқа мамандықтарында оқитын студенттер де белсенді қатысады. Қазір үйірмеде жүзге жуық студент бар.
Әр аудиторияда түрлі музыкалық сабақ өтіп жатыр. Соның ішінде Лаура Сейдалиева апай жүргізетін баян сыныбындағы атмосфера тіптен бөлек.

Баян сыныбы аспаптармен толық жабдықталған. Ал ең сапалы баянның бірі – «Юпитер». Дегенмен бұл аспапқа қол жеткізу студент түгілі, мамандардың өзіне бірдей бұйыра бермейтін кәсіби аспап көрінеді.
Ал шеберханада УФ-станок, лазерлі кесу аппараты, 3D принтерлер, баннер шығаратын құрылғы және футболка мен кепкаға баспа жасайтын техниканы көресіз. Мұнда ағаш, металл және түрлі бұйымға логотип басып, кәдесый өнімдерін дайындайды. Сонымен қатар шеберханада құмыра жасайтын құрылғы да бар.

Колледждің жүрегі саналатын орындардың бірі – кітапхана. Мұнда студенттер білімін тереңдетіп, түрлі бағыттағы әдебиеттермен танысады. Кітапхана меңгерушісі Зүлфия ханымның айтуынша, қорда 128 534 кітап бар. Көркем әдебиеттен бастап, әлем әдебиетінің туындыларына дейін қамтылған.
Ал жатақханадағы жайлылық тіптен бөлек. Артық шығындануды қаламасаңыз, колледж ұсынатын 248 орынға арналған тегін жатақханы пайдалансаңыз болады.


Міне, білікті кадр даярлап, ұстаз деген ұлы атқа лайық маман шығаратын қаламыздағы педагогикалық колледждің тыныс-тіршілігі осындай.

Айтпақшы, мұнда студенттерге арналған 21 үйірме, секция мен клубтар бар. Солардың бірі − «Ассорти» студенттер театры жақында «Тастамашы, ана!» драмасын сахналады. Ал бұл жайында келесі санда жазамыз.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!