Адамның қолтаңбасы – оның ішкі мінезі мен көңіл-күйін білдіруі мүмкін. Иә, біреудің жазуы ұсақ әрі жинақы болса, енді бірінің әрпі үлкен болады. Кей адамның жазуына қарап-ақ «сабырлы секілді», «өте ұқыпты екен» деп топшылаймыз. Бірақ шынымен де жазу мәнері адамның мінезін айтып бере ала ма, әлде бұл көпшілік сенетін миф пе? Бұл сауал бізге де қызық. Қарастырып көрейік.
Әр әріпті жазғанда адамның миы, жүйке жүйесі, бұлшық еттері бір мезетте жұмыс істейді. Сондықтан жазуды жай ғана қолдың қимылы деп айта алмаймыз. Ал әр адамның жазуы саусақ ізі секілді қайталанбайтын ерекшелікке ие. Осы ерекшелікті зерттейтін бағыт графология деп аталады. Графологтар адамның әріп өлшеміне, жолдың бағытына, қысым күшіне, әріптердің арақашықтығына қарап, оның мінезі мен эмоциялық күйі туралы қорытынды жасауға тырысады.
Графология XIX ғасырдан бері қолданылып келеді. Кей компания бұрын жұмысқа қабылдау кезінде үміткердің қолжазбасын талдатқан. Тіпті сот сараптамасында да қолтаңбаны зерттеу тәжірибесі бар. Алайда қазіргі психология мен нейроғылым графологияға сақтықпен қарайды.
Көптеген ғылыми зерттеу графологтардың адамның мінезін дәл анықтай алатынын растамаған. Сондықтан графология ғылыми тұрғыдан толық дәлелденген әдіс ретінде қабылданбайды. Психологтар адамның тұлғасын бағалауда арнайы психологиялық тесттер мен сұхбат әлдеқайда сенімді нәтиже береді деп есептейді. Дегенмен қолжазба адамның денсаулығы, шаршауы немесе сол сәттегі көңіл күйі туралы белгілі бір ақпарат беруі мүмкін.
Мысалы әріпті үлкен көлемде жазатын адамдарды мінезі ашық, көпшілікпен араласуды ұнатады десе, ұсақ жазатындарды ұсақ-түйекке мән береді деп түсіндіреді. Ал табанды және эмоцияға толы адам көбіне сияны қатты басып жазады. Ал жеңіл қысыммен жазуды жұмсақ мінезбен байланыстырады. Егерде жазу жолы төмен түссе, бұл шаршау немесе көңіл-күйдің төмен екенін білдіреді.
Бірақ мұның бәрі нақты диагноз немесе ғылыми дәлел емес. Бір адамның жазуы күннің уақытына, денсаулығына, қаламына, қағазына, тіпті отырған орнына қарай өзгеруі ықтимал. Мысалы Паркинсон ауруына шалдыққан адамдардың жазуы ұсақталып, дірілдей бастайды. Сондықтан дәрігерлер кейде жазу үлгісіндегі өзгерістерді қосымша белгі ретінде қарастырады.
Қызығы, адамның ресми қолтаңбасы мен күнделікті жазуы әртүрлі болуы мүмкін. Кейбірі құжатқа өте күрделі қолтаңба қояды, ал күнделікті өмірде қарапайым жазады. Психологтардың айтуынша, қолтаңба көбіне адамның өзін қоғамға қалай көрсеткісі келетінін білдіреді. Бірақ бұл да нақты дәлелденген ғылыми заңдылық емес.
Сызықтар кейде сыр шертеді. Бірақ адамның шын болмысын тану үшін бірнеше жолға жазылған әріптен гөрі оның ісі, сөзі және өмірдегі таңдауы әлдеқайда көп мағына беретінін ұмытпаған абзал.
Інжу МАРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
