Денсаулыққа зиян екенін біле тұра үйді де, жұмыс орнын да салқындататын кондиционерді өшірмеуге тырысамыз. Ыстық күні тәуелділік те артады. Бір қызығы, бұл технология алғашында салқындату мақсатында жасалмаған.
Ежелгі заманда Египет тұрғындары үйлерін ыстықтан қорғау үшін терезелерге дымқыл шөптер ілген. Бұл әдіс әлі күнге дейін ауылдық жерлерде қолданылады. Тек ылғал шөптің орнын газет немесе бөз мата, арнайы жабындар алмастырған. Кейін уақыт өте келе салқындатудың жаңа әдістері жарыққа шыға бастады. ХIX ғасырдың басында физик Михайл Фарадей аммиакты сығып, сұйылту арқылы ауаны суытуға болатынын дәлелдеді. Ал 1902 жылы Виллис Кэрриер әлемдегі алғашқы механикалық ауа баптау жүйесін жасап шығарды. Қазіргі заманғы кондиционердің негізі осы уақытта қаланды. Ауа баптағыштың шығу тарихы да ерекше оқиғамен байланысты. Бруклиндегі ылғал ауа райы адамдардан бұрын баспаханаға кері әсерін тигізген еді. Жоғары ылғалдылықтан қағаздар жиырылып қала берген соң, Виллис Кэрриер есімді америкалық инженер мәселенің шешімі ретінде кондиционер жобасын жасаған. 1906 жылы Виллис өзінің «ауаны өңдеу аппаратына» ресми патент алып, нәтижесінде 1915 жылы Carrier Engineering Corporation компаниясы дүниеге келді. Алғашқы жылдары бұл жүйелер үлкен зауыттар мен фабрикаларда ғана қолданылған. Уақыт өте келе кондиционердің қолдану аясы кеңейіп, көпшіліктің назарын өзіне аудартты. Мәселен, алғаш рет 1922 жылы Нью-Йорктегі Rivoli Theater кинотеатрында кондиционер орнатылды. Жаздың ыстығында кино көруге келген көрермен саны күрт артты. Ал Сан- Антониодағы Milam Building кеңсесі 1928 жылы орталықтандырылған ауа баптау жүйесі салынған алғашқы ғимарат болды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана кондиционерлер үйге, дүкендерге және жеке көліктерге орнатыла бастады. Олар көлемі жағынан кішірейіп, қауіпсіз әрі қолжетімді бола түсті.
Кондиционердің негізгі құрылымы жабық циклді хладагент (фреон) айналымына негізделген және ол бөлмедегі жылуды сыртқа шығару арқылы жұмыс істейді. Бүгінде инверторлық технологиялардың басқару жүйелері әлдеқайда жетілген. Құрылғылар тек бөлме ауасын салқындатып қана қоймай, оны тазартады, ылғалдандырады және жылытады.
Мамандар кондиционер таңдағанда екі параметрге баса назар аудару керегін айтады. Алдымен инверторлық (Inverter) үлгіні таңдаған жөн. Себебі бұл үлгі ақырын айналып тұрады. Сәйкесінше бұл тоқты 30-40%-ға үнемдейді, дыбыссыз жұмыс істейді және ұзаққа шыдайды. Ал сөндіріп-қосатын қарапайым (On/Off) үлгілердің ескіргенін ескерген жөн.
Екіншіден, кондиционер қуаты бөлме көлеміне сай болуы керек. Мысалы:
TU (7-лік) ̶ 20 шаршы метрге дейін, 09 BTU (9-лық) ̶ 25 шаршы метрге дейін, 12 BTU (12-лік) ̶ 35 шаршы метрге дейін жарамды.
Бір кездері баспаханадан басталған өнертабыс бүгінде талай баспананы суытып тұр. Сол үшін Виллис Кэрриердің теңдессіз туындысына көптің білдірер ризашылығы да ерекше.
Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
