Президент Жолдауы қашанда маңызды. Мұнда әр саланың алдындағы мақсат тағы бір айқындалып, өзекті деген мәселелер пысықталады. Бұл жолы да елдің ертеңіне алаңдайтын әрбір азамат межеленген уақытта теледидар алдына жиналды.

ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуық арада жүзеге асырылатын саяси ре­фор­ма­лардың жаңа бағ­дар­ламасы мен әлеу­меттік-экономика­лық бағытта атқарылатын шаралар туралы баяндады. Мемлекет басшысы алдымен соңғы оқиғаларға тоқталып, біртұтас ел ретінде жұмылуға тиіс екенімізді айтты. «Дүниежүзіндегі ахуал құбылмалы әрі түрлі сын-қатерлерге толы. Мықты мем­лекет болу үшін ұйысу керек. Шын мәнінде ұйымдасқан ұтады. Біз үшін маңыздысы – әр азамат­тың ел игілігін сезінуі. Оның басты көрінісі – бейбіт өмір, тұрақ­тылық пен тыныштық болуы тиіс», – деді Президент.

Ең бастысы, кезекті Жолдау қазақ руха­нияты үшін маңыз­ды бас­тама­лармен есте қалды. Әкім­шілік-аумақ­тық өзгерістер орын алып, ұланғайыр жеріміздің байырғы атаулары, ұлы тұлғаларымыздың есімі қайта жаңғырды. «Семей аймағында Абай облысын құру қажет. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады», – деген Мемлекет басшысының ұсынысы елдің төбесін көкке көтерді. Себебі Алаш баласының рухани құбыласы – Абай құбылысын ерекше құрметтеу баршамызға бұлжымас парыз. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының «Қапшағайға Қонаевтың есімін беру керек деп ұсыныс айтса, бұған қосыламын» деуі де көптің ойын дөп басқан мәлімдеме болды.

Жаңа облыстардың құрылуы көпшілік көкейінде жүрген мәселе. Кезінде облыс мәртебесінен айрылған өңірлерде тұрғын саны азайып, тұрмыс сапасы төмендеп кеткені жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыратын кез келгенін айтты Президент. Бұл өзгеріс мемлекеттік басқару үдерісін жеңілд­етпек. Ішкі кө­ші-қон мә­се­лесін реттеуге де сеп.

Бұған қоса Жезқазған қаласы қайтадан облыс орталығына айналады. Бұл аймақта дербес облыс құру экономикалық қана емес, рухани жағынан да маңызды шешім болып отыр. Әрі кең байтақ қазақ жерінің дәл жүрегінде орналасқан Ұлытаудың төл тарихымыздағы орны ерекше. Бұл ретте «Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан аймақтың туристік әлеуеті өте зор. Оның өндірістік қуатын, логистикалық мүмкіндігін ұтымды пайдалану керек. Біз Ұлытау аймағының дамуына жол ашамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы мемлекеттің өркендеуі аймақтардың қуатты болуына тікелей байланысты екенін де жеткізді. Айта кетерлігі, аталған мәселе 2019 жылы жарияланған Жолдауда кеңінен қозғалған болатын. «Қуатты өңірлер, қуатты ел» деген ұстаным қашанда өзекті екенін көрсетіп отыр. Оның үстіне алдағы уақытта күшті Президент, ықпалды Парламент және есеп беретін Үкіметтің қоғам алдындағы рөлі мен міндетіне қатысты жаңа қағидат басшылыққа алынбақ. Бұл халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын табысты жүзеге асыруға жол ашады.

Маңызды Жолдауда Президенттің партияға мүшелігін тоқтату мәселесі де көтерілді. Мұндағы басты мәселе – өкілді билік тармағын қайта құру. «Біз Президенттің өкілеттігін біртіндеп қысқартып, Парламенттің рөлін айтарлықтай арттыруымыз керек. Сол арқылы мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтамыз. Шын мәнінде елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажет. Халықтың сенім мандатына ие болған депутаттарға жоғары жауапкершілік жүктеледі. Олар мемлекетімізді өркендету ісіне белсене атсалысуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Президент ары қарай үйлесімді әрі аралас сайлау жүйесіне тоқтала келе, бұл өз кезегінде барлық азаматтардың құқығын ескеретінін атап өтті. Пропорционалды-мажоритарлық модель сайлаушылардың мүддесін ұлттық және өңірлік деңгейде жақсы көрсетеді. Мәжілістің депутаттық корпусы келесі кесте бойынша қалыптасады, яғни 70 пайызы пропорционалды және 30 пайызы мажоритарлық негізде болады. Сонымен бірге аралас модель облыстар мен республикалық маңыздағы қалалар мәслихаттары сайлауына енгізіледі. Бұған қоса облыс әкімдері енді жанама сайлау арқылы тағайындалады.

– Мәслихаттың ықпалын барынша күшейту үшін облыс әкімдерін тағайындау тәртібін өзгерту қажет деп санаймын. Қазір мәслихат депутаттары Мемлекет басшысы ұсынатын бір ғана кандида­тураға келісім береді немесе келісім бермейді. Осыған орай облыстар­дың, республи­калық маңызы бар қалалардың әкімі лауазымына балама негізде кемінде екі кандидат ұсыну құқығын регламент­тейтін заңнамаға өзгертулер енгізіледі. Осылайша, Президент мәслихат­тардың қарау нәтижесін ескере отырып, облыстар­дың және республика­лық маңызы бар қалалардың әкімін тағайындайтын болады. Сонымен қатар өңір басшыларын мәслихатпен кеңеспей жұмыстан босату құқығы сақталады, – деді Мемлекет басшысы.

Жолдауда бұдан бөлек қамтылған мәселе көп. Әлемдегі ахуал шет қалмады. Қазақстан өзінің заманауи тарихында геосаяси ахуалдың шұғыл шиеленісуімен байланысты теңдессіз қаржылық-экономикалық қиындықтарға тап келді. Қатаң санкциялық текетірес қазірдің өзінде елеулі шегіністерге әкеліп жатыр. Тек жекелеген елдерге ғана емес, бүкіл ғаламдық экономикаға әсер етуде. Жағдай жылдам өзгеріп жатыр, тіпті сағат сайын деуге болады. Әлемдік нарықтарда белгісіздік деңгейі артуда. Бірақ Президент байбалам салуға негіз жоқ екенін айтады. Өйткені елімізде ауқымды дағдарысты еңсеруге қажетті резерв пен тетіктер бар. Үкімет шұғыл арада дағдарысқа қарсы бірінші кезектегі шаралардың пакетін ұсыну керек. Бәрінен бұрын ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. «Әлемдегі соңғы жағдайлар теңге бағамына қатты қысым жасады. Валюта нарығындағы тұрақсыздық капиталды көлеңкелі трансшекаралық ағындар арқылы сыртқа шығарумен байланысты. Сондықтан қаржы саласында сырттан сатып алушылардың да әсерінен туындаған сұранысты төмендету керек», – деді Мемлекет басшысы. Тоқетерін айтқанда, елдегі ірі компаниялардың шетел валютасын сатып алуы бақылауда. Ал азық-түлік бағасын тұрақтандыруға келетін болсақ, Украинадағы жағдай бағаның кенет қымбаттауына әкеліп отыр. Ол жуық арада бүкіл рекордтарды бұзуы әбден ықтимал. Осының аясында егіс науқанын сапалы өткізу бірінші жоспарға шығады. Бұл ретте Президент  фермерлердің көбі егіс науқанына дайын еместігін, Үкімет пен әкімдіктер бұл жұмысты ерекше бақылауына алу қажеттігін қаперге салды.

Жолдауда тағы бір басымдық берілген сала – құқық саласы. Президент Конституциялық сот құруды ұсынды. Көптеген мемлекетте бұл институт бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Сонымен қатар Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру күн тәртібіне енгізілуі мүмкін. Сот рәсімдерінің ашықтығын арттыру үшін тағы бірқатар шара қолға алынбақ. Кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы біртіндеп арта түседі. Қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету де күн тәртібінде. Жолдауда әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату көтерілген. «Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтарға қарсы тиімді шаралар үлкен рөл атқарады. Бүгінде азаматтар мен қоғам белсенділері әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдату қажеттігін жиі көтеріп жүр. Бұрын мен осындай құқықбұзушылықтарды криминализациялаудың орындылығын анықтауға нұсқау берген болатынмын. Бас Прокуратураға осы мәселені жан-жақты зерделеп, шешуді тапсырамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жолдауда төртінші билік өкілдерінің жайы шет қалмады. Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының рөліне тоқталып өтіп, БАҚ туралы заңды қайта қарау керектігін алға тартты.

– Отандық БАҚ-тың ел өңірлерінде және әлем болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы тиіс. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі, тіпті идеологиялық дербестігі осыған тікелей байланысты. Мемлекет ашық ақпарат кеңістігін қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. БАҚ өзекті мәселелерді көтере алады және көтеру керек, бірақ мұны үлкен азаматтық жауапкершілікпен жасау керек. Сырттан тапсырыс бойынша емес, көлеңкелі төлемақы үшін немесе саяси топтар үшін жұмыс істемеуі керек. БАҚ өкілдері өз елі мен оның азаматтары үшін шын жүректен алаңдауы керек. Осы орайда тілшілер қауымына арнайы жүгінемін. Одан арғы демократиялық өзгерістер тәуелсіз және жауапты бұқаралық ақпарат құралдарынсыз мүмкін емес деп санаймын. Сондықтан мемлекеттің мүддесі мен қоғамның сұраныстарын және медиа саланың даму тенденцияларын ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау қажет, – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары бәсекеге қабілетті және еркін болуы керектігін, бұл қағидат қазір кез келген өркениетті ел үшін айрықша маңызды екенін еске салды.

Сөз соңында Президент Жаңа Қазақстанның іргетасы саяси және экономикалық реформалардың үйлесімінде қалану керегін жеткізді. Ол еліміздің қадамдап алға жылжып, азаматтардың өмір сүру деңгейі артуына мүмкіндік береді. «Бізге ешкім сырттан келіп, ештеңе жасап бермейтіні анық, бәрі өз қолымызда. Сондықтан баршаңызды Жаңа Қазақстанды құруға бір кісідей жұмылуға шақырамын. Сіздердің қолдауларыңызбен мақсатқа жетеміз деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

1 сағат 18 минутқа созылған Жолдау тарих беттеріне жазылды, ол Жаңа Қазақстанның бастауы болмақ. Жариялаған шешімдер қандай мұқияттылықпен қабылданса, алға қойылған міндеттерді дәл солай жүзеге асыру маңызды.

Мөлдір СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!