Бүгін «28 маусым – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің» кәсіби мерекесі қарсаңында БАҚ өкілдері арасында Сыр журналистикасында өзіндік қолтаңбасын қалдырған белгілі журналист Сағитжан Бермағанбетовты еске алуға арналған облыстық дәстүрлі шағын футбол турнирі өтті.

Биыл үшінші мәрте ұйымдастырылған спорттық шараға республикалық БАҚ-ның аймақтағы меншікті тілшілері, облыстық, қалалық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен облыстық қоғамдық даму басқармасынан құралған «Qyzylorda TV», «Қаламгер», «Сыр медиа», «Сыр бойы» және «Даму United» командалары қатысып, өзара бақ сынасты.

Белгілі журналист Сағитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған турнир өтті

Турнирдің басты мақсаты – өзінің қысқа ғана ғұмырында ақиқаттың ақ жолынан таймай, журналистиканың жауапты міндетін адал атқарып, ақпарат саласында өшпес із қалдырған қарымды қаламгер Сағитжан Бермағанбетовтың есімін ұлықтау, журналистер арасындағы ынтымақ пен бірлікті нығайту, салауатты өмір салтын насихаттау.

Салтанатты ашылу рәсіміне облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов, «Qyzylorda» телеарнасының директоры Нұрбек Әмиша және Сағитжан Бермағанбетовтың ата-анасы қатысып, турнирге қатысушы журналистерге сәттілік тіледі.

Белгілі журналист Сағитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған турнир өтті

Өз сөзінде басқарма басшысы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, турнирдің маңыздылығына ерекше тоқталды.

«Баршаңызды алда келе жатқан Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Биыл аймағымызда үшінші мәрте ұйымдастырылып отырған белгілі журналист, ұшқыр ойлы, өткір тілді, халқының сүйікті перзенті Сағитжан Бермағанбетов атындағы дәстүрлі шағын футбол турнирінің орны ерекше. Сағитжан ағамыздың парасатты пайымы, қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтеретін өткірлігі, елдік мүддені бәрінен жоғары қоятын азаматтық ұстанымы көпшілікке үлгі болды. Жас болса да жалынды сөзімен, шынайы болмысымен халықтың ықыласына бөленген арда азаматтың есімін ұлықтау – кейінгі буын үшін үлкен өнеге.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігіне әрдайым жоғары баға беріп келеді. Өйткені шынайы ақпарат пен әділ сөз – қоғамның тұрақтылығы мен дамуының басты кепілі. Сіздердің ел бірлігі мен қоғам тұрақтылығы жолындағы еңбектеріңіз әрдайым жоғары бағалана береді. Бүгінгі доп додасында мықтылар анықталып, жанкүйерлер керемет әсерге бөленеді деп сенемін», – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі І орын республикалық БАҚ-ның меншікті тілшілерінен құралған «Қаламгер» командасына бұйырса, ІІ орын «Сыр медиа» командасы, үздік үштікті облыстық қоғамдық даму басқармасының «Даму United» командасы түйіндеді.

Белгілі журналист Сағитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған турнир өтті

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, дипломдар, қаржылай сыйақылар мен естелік сыйлықтар табысталды.Сондай-ақ жекелеген ойыншылардың шеберлігі де жоғары бағаланды.Атап айтқанда, жергілікті ақпарат саласының өкілдері «Сыр бойы» командасының ойыншысы Мұхтар Ибрашев «Үздік қақпашы» атанса, «Qyzylorda TV» командасының мүшесі Бауыржан Қожамұратов «Үздік қорғаушы», «Qyzylorda TV» командасының ойыншысы Ержан Батыршаев «Үздік шабуылшы», «Сыр бойы» командасының ойыншысы Болат Қожахметов «Үздік ойыншы» номинациясын иеленді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!