Бүгінгі жас – ертеңгі болашақ. Олардың белсенділігі мен перспективті тұстарын арттыру маңызды. Себебі жаңашыл идеялар мен кретивке толы жас буынның болуы ел дамуының алғышарты. Осы тұста оларға берілетін мүмкіндік те, жол да көп әрі еңбектері де елеусіз қалмайды. Бұл сөзге жастарға арналған «Дарын» және «Самғау» секілді байқаулар дәлел бола алады.
«Дарын» жастар сыйлығын табыстау 1992 жылы дарынды жастарды қолдау мақсатында қолға алынды. Отыз жылға жуық уақыт аралығында аталған сыйлықты түрлі саладағы 340-тан астам азамат иеленді.
Конкурсқа 35 жасқа дейінгі, мәдениет, ғылым, медиа және спортта жетістіктері бар қазақстандықтар қатыса алады. Олар – халықаралық және республикалық конкурстардың, фестивальдар мен түрлі іс-шаралардың лауреаттары, республикалық және халықаралық деңгейлердегі спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай- ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен үміткерлер. Байқау 10 номинация бойынша өтеді. Атап айтқанда, «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Креативті бастамалар», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы». Мәселен, креативті бастамаларға – ақпарат, мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы бағытында, мемлекеттік жастар және отбасы саясаты, қайырымдылық, волонтерлік қызмет салаларындағы жастардың жетістіктері жатады.
«Дарын» жастар сыйлығына үміткерлерді мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер ұсынады. Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Жүлделі жастар диплом, төсбелгілермен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады. Жыл сайын сыйлықты табыстау Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында өтеді.
Конкурсқа қатысуға арналған құжаттарды 2024 жылғы 17 қарашаға дейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті қабылдайды. Ал электрондық нұсқаны premiya.daryn@mki.gov. kz поштасына жолдау қажет. Сондай-ақ байланыс номерлері жұмыс істейді: 8(7172) 74-05-25, 8(7172) 74-18-43, 8 701 170 46 54.
Жастарды ынталандыруға арналған облыстық «Самғау» сыйлығына да құжаттар қабылдау мезгілі ашық деп жарияланды.
Сыйлық ретінде «Білім және ғылым», «Медиа және журналистика», «Спорт», «Жастар саясаты», «Мәдениет» бағытының жеңімпаздарына 150 000 теңгеден сыйақы беріледі.
Биыл он төртінші рет ұйымдастырғалы тұрған байқаудың мақсаты – жастардың азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттыру, қала жастарының білім, ғылым, өнер, мәдени деңгейінің артуына және жастар саясатындағы өзін- өзі басқару жүйесін қалыптастыруға жағдай жасай отырып, талантты, білімді, саяси және қоғамдық өмірде белсенді жастарды көтермелеу және қолдау мақсатында, осы Ережемен бекітілген номинациялар бойынша беріледі.
Екі кезеңнен тұратын сайысқа қатысушылар 14-34 жас аралығындағы қала жастары бола алады. Олар өз саласында жоғары жетістіктерге жеткен, жоғары санаттағы мамандықтарды игерген болуы шарт. Сонымен қатар өз саласына және қоғамның жалпы дамуына қосқан үлесі мен инновациялық идеялары қошталады.
Еске сала кетейік, өткен жылы да бұл дәстүрлі байқау сәтті жалғасын тауып, үздік деп танылған 10 жасқа қала әкімінің атынан 100 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық пен «Самғау» жастар сыйлығының естелік статуэткасы табысталды.
Иә, жоғарыда атап өткеніміздей, жастарға берілетін мүмкіндік көп. Ал оны ұтымды қолдана білу әрбір жастың білімділігі мен шеберлігіне байланысты.
«АЖ» ақпарат
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!