Фото: Алматы әкімдігі

Елімізде жыл сайын отбасылар 1 мыңнан астам жетім баланы асырап алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова айтты, – деп хабарлайды Kazinform.

«Біздің мақсаттарымыздың бірі – баланың отбасында өмір сүріп, тәлім-тәрбие алу құқығын қамтамасыз ету. 21 387 жетім баланың 17 660-сы Қазақстан отбасыларында тәрбиеленіп жатыр. Қазақстан азаматтары жыл сайын 1 мыңнан астам баланы отбасына қабылдайды. Тәлімгерлік институты енгізілді. Елімізде 300-ден астам адам жетім балалардың тәлімгері болды», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Сонымен қатар ол «ДОСБОЛLike» ұлттық антибуллингтік бағдарламасының жүзеге асырылуы туралы айтты.

«Сынаудан сәтті өткеннен кейін «ДосболLIKE» бағдарламасын бүкіл ел аумағында тарату жоспарлануда. Аталған бағдарлама қауіпсіз оқу ортасын құру үшін маңызды қадам, онда әрбір бала өзін қорғалған сезіне алады», – деп атап өтті Насымжан Оспанова.

Естеріңізге сала кетейік, ұлттық антибуллингтік бағдарлама еліміздің 50 мектебінде, оның ішінде 31 қалалық және 19 ауылдық мектепте пилоттық режимде жүзеге асуда. Бұл Қазақстанның барлық балалары үшін қауіпсіз және қолдау көрсететін оқыту ортасын құру жолындағы маңызды қадам саналады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!