Аспанға қарап, жылтыр еткен жұлдызға тамсанамыз. Ал егер сол жұлдыздардың кейбірі аспаннан сырғып түсіп, мұхиттың түпсіз тереңіне қоныстады десек, сенесіз бе? Сұлулығымен көз арбайтын, сырымен таңғалдыратын бұл таңғажайып тіршілік иесі – теңіз жұлдызы. Олар – су асты әлеміндегі жұмбақ, ерекше тұрғындарының бірі. Жер шарында олардың 2000-ға жуық түрі кездеседі. Түстері де алуан. Сырттан қарағанда өте нәзік, қозғалыссыз көрінгенімен, олардың өмір сүру қабілеті сізді бейжай қалдырмас.

Теңіз жұлдызы атауына қарамастан балық қатарына жатпайды. Бұл тіршілік иесінің біз көріп үйренген жануарлардан айырмашылығы жер мен көктей. Оларда ми да, тіпті қан да жоқ. Осы орайда «олар қалай өмір сүреді?» деген сұрақ туады. Зерттеушілердің айтуынша, олардың жүйке жүйесі өте күрделі. Ол қоршаған ортаны сезінуге және қимыл-қозғалысты басқаруға мүмкіндік береді. Ал қанның орнын кәдімгі теңіз суы алмастырады. Арнайы жүйе арқылы суды денесіне айдап, қажетті қоректік заттар мен оттегіні ағзасына таратады. Мидың жоқтығына қарамастан олар тіпті оқи да алады.

Зерттеуші Джулия Нотар оларда өңдеу орталығының жоқ екенін айтады. Әрбір жүйке кластері тәуелсіз әрекет ете алады.

Теңіз жұлдыздарының көзі қайда орналасқан деп ойлайсыз? Олардың көздері басында емес, әр сәуленің ұшында орналасқан. Әрине, бұл көздер анық көре алмайды, бірақ жарық пен қараңғыны тамаша ажыратады. Бұл оларға қараңғы мұхит түбінде бағыт-бағдар алып, қауіптен қашуға көмектеседі. Ал олардың қозғалысы – бөлек зерттеу тақырыбы. Сырт көзге қимылдамайтын жансыз көрінгенімен, денесінің астында мыңдаған кішкентай аяқ болады. Осы аяқтар арқылы олар тастардың үстімен баяу жылжып, тіпті тік жартастарға еш қиындықсыз өрмелеп шыға алады. Бір қызығы, кейбір жылдам түрлері минутына бірнеше метрге дейін арақашықтықты бағындыра алады.

Ғалым Фредерик Хокчкиздың сөзіне сәйкес, теңіз жұлдызының таңғажайып қасиеті – оның регенерация, яғни қайта қалпына келу қабілеті. Егер оның бір сәулесін жыртқыш тістеп алса немесе зақымданса, уақыт өте келе оның орнына жаңасы өсіп шығады. Кей түрі тіпті жұлынып қалған қолдан тұтас жаңа дене құрап, қайта тіріліп кете алады. Құдды бір сиқыр дерсің.

Оның қоректену әдісі де адам айтса сенгісіз. Теңіз жұлдыздары ұлулармен, маржандармен қоректенеді. Қатты қабыршақты ашу үшін олар өздерінің бұлшықет қолдарын пайдаланып, олжасын қысып ұстайды. Қабыршақты сәл ғана ашқан соң, теңіз жұлдызы асқазанын аузынан сыртқа қарай шығарып, олжасын сыртында қорыта бастайды. Ас қорыту процесі аяқталған соң, асқазанды қайтадан денесінің ішіне тартады. Мұндай сыртқы ас қорыту жүйесі басқа жануарларда өте сирек кездеседі.

Бұл тіршілік иелерінің пішіні де әртүрлі. Әдетте біз бес бұрышты жұлдызды елестетеміз, бірақ табиғатта 10, 20, тіпті 40-қа жуық сәулесі бар түрлері де кездеседі. Мысалы «тікенді тәж» деп аталатын түрі өзінің көп қолымен және улы тікендерімен танымал.

Сондай-ақ теңіз жұлдыздары су асты экожүйесінде маңызды рөл атқарады. Олар экожүйенің санитарлары ретінде танымал. Өйткені мұхит түбіндегі органикалық қалдықтар мен ұсақ жәндіктердің санын реттеп, теңіз ортасының тазалығы мен тепе-теңдігін сақтауға септігін тигізеді. Мисыз-ақ тіршілік ететін, қаны жоқ болса да қозғалатын бұл жануар жер бетіндегі өмірдің алуан әрі жұмбақ екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұхит түбіндегі осы бір кішкентай жұлдыздар бізге беймәлім су асты әлемінің әлі де талай құпиясы бар екенін еске салып тұрғандай.

Мейір НИЕТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!