Жаздың аптап ыстыққа толы күндері де жылдам өтуде. Әне-міне дегенше, жаздың жартысы түгесілді. Түн қысқарып, күн ұзарған кезде де жұрт уақыттың жетпейтінін жиі айтып жүр. «Тез үлкен болсам екен» дейтін бала кезде өтіп болмайтын уақыт, есейгенде зырғитындай әсер беруде. Расында бұрынғымен салыстырғанда уақыт қысқарды ма?! Әлде…
2020 жылы ғалымдар Жердің әдеттегіден жылдамырақ қозғала бастағанын байқаған. Бұл тосын құбылыстың бір себебі ретінде атмосферадағы өзгерісті атап көрсеткен. Мәселен, ауа қабатында шығыстан соққан жел күшейетін болса, батыстан шығысқа қарай атмосфера ағыны баяулайды. Ал жер қозғалысы керісінше жеделдейді деп болжам жасаған.
Зерттеушілердің келесі тобы мұны жаһандық жылынудың белгісі деп есептейді. «Мұздықтардың еріген алып бөліктері суды тасытуда, есесіне бұл ғаламшардың қозғалыс физикасына ықпал етеді» дейді мамандар. Не десек те, әлі күнге дейін алты жыл бұрын жердің 3 минутқа тезірек қозғалуына ешкім нақты жауап тапқан жоқ. Алайда геофизиктер Жердің қозғалысына аз-аздан қарқын қосуы осыдан он жыл бұрын басталғанын айтады. Бір қызығы, жыл сайын уақыт кестесінде тәуліктің миллисекундқа болсын қысқаратыны белгілі болған.
«Таң атса болды, кеш батты» деген тіркес көп адамның сөздік қорында бар. Жас ұлғайған сайын уақыттың тез өтіп жатқандай көрінуінің бірнеше ықтимал себебі бар. Алдымен ең танымал идеялардың бірі пропорционалдық теориясына тоқталсақ. Психологтардың пікірінше, әрбір жаңа жыл өміріңіздің барған сайын кішірек бөлігін құрайды. Сондықтан уақыт субъективті түрде жылдамырақ өткендей әсер қалдырады. Мысалы, 10 жаста бір жыл өміріңіздің 10%-ын құраса, 40 жаста ол небәрі 2,5%-дан аспайды. Сондықтан ми оны салыстырмалы түрде қысқалау кезең ретінде қабылдауы мүмкін. Бұл теория интуитивті болғанымен, оны толық дәлелдейтін нақты биологиялық механизм анықталмаған.
Ғылыми зерттеулер мидың жаңа, ерекше оқиғаларды әлдеқайда егжей-тегжей сақтайтынын көрсетеді. Ал күнделікті қайталанатын істер есте аз қалады. Сондықтан артқа қарағанда жаңа әсерлерге толы кезең ұзақ болғандай, ал бірсарынды кезең қысқа болғандай сезіледі.
Зерттеулер көрсеткендей, уақытты қабылдау эмоция мен назарға тәуелді. Мысалы, қызықты іспен айналысқанда уақыт «ұшып өтеді». Қауіпті немесе күтпеген жағдайда уақыт баяулағандай сезілуі мүмкін, өйткені ми сол сәтке ерекше назар аударады. Жұмыс, отбасы, күнделікті міндеттер де адамның уақытты сезінуіне әсер етеді. Бір істен екіншісіне асығып жүргенде апта мен ай өте жылдам өткендей болады.
Мамандар уақыттың баяу өткенін көбірек сезіну үшін жаңа дағдыларды үйренуге, жаңа ізбен жүруге немесе таныс емес орындарға баруға, күнделікті өмірге өзгерістер енгізуге кеңес береді.
Бір байқағанымыз, Жер қозғалысы қарқын қосса да, уақыттың өзі өзгермейді. Өзгеретіні – біздің миымыздың уақытты қабылдау және есте сақтау тәсілі ғана. Сондықтан жас ұлғайған сайын уақыттың «жылдамдап кеткендей» көрінуі қалыпты психологиялық құбылыс саналады.
Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
