Қазақстанда зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтарға несие рәсімдеу тәртібі өзгереді. Енді олар онлайн түрде несие ала алмайды. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Бұл талап зейнет жасындағы және зейнетке шығуға жақын азаматтарға қатысты еніп отыр. Енді олар несиені тек банк бөлімшесіне жеке барып рәсімдей алады. Егер банк қызметкері клиенттің алаяқтардың ықпалында болуы мүмкін деген күмәнға келсе, несие беруден міндетті түрде бас тартады. Мысалы, азамат үнемі телефонға қарап, біреудің нұсқауын орындап тұрғандай әсер қалдырса немесе не үшін қарыз алып жатқанын нақты түсіндіре алмаса, банк несие рәсімдемейді. Бұл өзгерістер егде жастағы азаматтарды телефон және интернет алаяқтарынан қорғау үшін қабылданып отыр», – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменовтің айтуынша, соңғы уақытта алаяқтар көбіне зейнеткерлерді алдап, олардың атына ірі көлемде несие рәсімдеуге итермелейтін жағдайлар жиілеген. Осыған байланысты жаңа шектеулер азаматтарды қаржылық шығыннан қорғауға бағытталған.

Жаңа талаптардың сақталуын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қадағалайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!