Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің РhD, аграрлық технологиялар БББ-ның қауымдастырылған профессоры Серік Бекжанов  Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Ташкенттің Зангиата ауданындағы Андижан дәндік және бұршақ тұқымдас дақылдар ғылыми-зерттеу институтының «Малазықтық дақылдар ғылыми-тәжірибелік станциясында» ғылыми зерттеулермен танысты.

Іссапар барысында университет ғалымы дәндік құмай егістіктерінде жүргізіліп жатқан ғылыми зерттеулермен танысып, сала мамандарымен тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, дәндік құмайды өсіру агротехникасы, селекция және тұқым шаруашылығының қазіргі жай-күйі мен саланың өзекті ғылыми мәселелері талқыланды.

Кездесу аясында Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті мен Өзбекстанның жетекші зерттеушілері арасындағы ғылыми ынтымақтастықты дамыту мәселелері қарастырылды. Тараптар тұзданған топырақ жағдайына бейімделген, жоғары өнімді дәндік құмай генотиптерін анықтауға бағытталған бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру және тәжірибелік зерттеулер жүргізу жөнінде келісімге келді.

Аталған ынтымақтастық дәндік құмайдың селекциялық материалдарын бағалауға, генетикалық ресурстармен алмасуға және Арал өңірінің табиғи-климаттық жағдайына бейімделген жаңа сорттарды шығару бағытындағы ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!