Қызылорда облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде, басқармасында және бөлімдерінде 18-27 жас аралығындағы азаматтармен 2022 жылғы көктемгі шақырылым алдындағы зерделеу жұмыстары жалғасуда.

2022 жылдың алғашқы айында Қызылорда гарнизонында көктемгі әскерге шақырылушыларды зерделеу жұмыстары басталып кетті. Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру және олардың әскерге шақыру пункттеріне келуі туралы хабардар етуді тұрғылықты жері бойынша жергілікті әскери басқару органдары шақырту қағазымен немесе жұмыс (оқу) орны бойынша ұйым басшылары қолдарын қойғыза отырып жүргізеді. Әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тергеуде жүрген, заңсыз қоғамдық бірлестіктердің немесе дәстүрлі емес діни ағымдардың мүшелері ретінде арнайы есепте тұрған адамдар басты назарға алынады.

Азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы негізінде жылына екі рет, көктемде және күзде өтеді.

Екі кезеңді қамтитын зерделеудің бірінші кезеңінде шақырылушылар және олардың ата-аналарымен, жасайтын немесе оқитын жұмыс орындарының өкілдерімен әңгімелесу жүргізіліп, жеке істері тексеріледі. Әңгімелесу барысында денсаулық жай-күйі, моральдық сапасы, жалпы білім беру мен арнайы дайындығы және отбасы жағдайы анықталады. Әскерге шақырылушылардың жеке ісін зерделеу ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Ішкі істер органдарының және денсаулық, халықты әлеуметтік қорғау органдарының өкілдерімен бірлесе сапалы жүзеге асырылуда.

Алдын ала зерделеу жұмыстары өз нәтижелерін беруде. Әскери борышын өтеуге ниет білдіруші жастар санының артқанын байқауға болады. Моральдық, денсаулық жағдайы, дене бітімі, білімі, арнайы дайындығы мен отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтылануда, – дейді Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының бірінші орынбасары полковник Ержан Қуанышбаев.

Ал, екінші кезең іс-тәжірибе жүзінде жалғасады. Көктемгі шақырылым бойынша зерделеу жұмыстары ағымдағы жылдың ақпан айының соңында аяқталады. Әскерге шақырылушылар қалалық және аудандық медициналық комиссиядан өткен соң, қай әскери бөлімдерге баратындығы анықталады.