Қазақстанда ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша пайыздық мөлшерлемені есептеу тәртібіне қатысты жоспарланған өзгерістер кейінге қалдырылуы мүмкін, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық банк бірлесіп әзірлеген қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін (ЖТСМ) кепіл құны мен несие сомасының арақатынасына (LTV коэффициенті) қарай белгілеу тәртібін енгізу мерзімі 2027 жылғы 1 қаңтарға ауыстырылады.

Бұған дейін бұл өзгерістерді 2026 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланған болатын.

Жобаға сәйкес, 2027 жылдан бастап бастапқы жарнасы жоғары азаматтар үшін ипотека шарттары жеңілдеу болуы мүмкін.

Егер несие сомасының тұрғын үй құнына қатынасы (LTV) 70%-дан аспаса, яғни қарыз алушы тұрғын үй құнының кемінде 30%-ын өзі төлесе, ипотека бойынша шекті жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 20% болады.

Ал LTV коэффициенті 70%-дан жоғары болса, яғни бастапқы жарна көлемі аз болған жағдайда, шекті мөлшерлеме 25% деңгейінде сақталады.

Сонымен қатар құжатта 2026 жылғы 1 шілдеден 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлеменің шекті көлемі 25% болып қала беретіні көрсетілген.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!